• Спорт
  • 15 Сәуір, 2021

Іріктеу сайысында неге сүрініп келеміз?

Қазір футбол дүниежүзі бойынша нөмірі бірінші спортқа айналды. Осы спорт түріне әлем халқы ерекше қызығушылықпен көз тігеді. Себебі футболдың аудиториясы кең және қызығы мен шыжығы мол екендігі белгілі.

Елімізде футболға ерекше мән беріліп келеді. Ұлттық құрамамыз әлем біріншілігіне қатысуға бар күшін салуда. Әр төрт жыл сайын өтетін бұл додаға кіл мықтылар сынға түсіп, жолдама алады. Футболдан Қазақстан құрамасы өз тари­хында бірде-бір рет бұл турнирге қатыспаған. Тіпті, іріктеу ке­зең­­дерінде де айтарлықтай жақсы өнер көрсетпеген. Бірақ команданы қол­дайтындар да әр кез табылады. Үнемі аяқдопшы­ларымыздың жеңілісін көріп үйренген  жанкүйер­леріміз келер  жылы Катарда өтетін чемпионатқа жолдама алатынына күмәнмен қарайды.

Қазақстан ұлттық құрама­сы­ның соңғы онжылдықтағы нәти­желеріне көз жүгіртелік. 2008-2009 жылдар аралығында өткен ірік­теу кезеңінде құрамамыз өз тобында 6 ұпаймен 5-ші орынды қанағат тұтқан. Он ойынның екеуі жеңіспен аяқталса, қалған сегізі жеңіліспен тәмамдалған. Голдар айырмасы – 11:29.

2012-2013 жылғы електік нәтижеміз бұдан жақсы деуге келмейді. Себебі команда Германия мен Швеция сынды құрамалармен бір топқа түсіп, 5 ұпаймен 5-ші орынға тұрақтаған.  Жеңістер саны – 1, тең көрсеткіш –  2 және жеңілістер – 7. Доп айыр­масы – 6:21. 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатына іріктеу кезең біз үшін мүлдем сәтсіз аяқталды. Ойналған 10 ойын­ның қорытындысы бойынша тек 3 ұпай жинадық. Жеңіске жете алмаған құрамамыз 3 мәрте тең ойын өткізді де, 7 рет жеңіліске ұшы­рады. Голдар айырмасы – 6:26.

Іріктеу кезеңінің ойындарында жарқырамаған ел футболшылары осы жылы әлем чемпиондары Франциямен бірге D тобына түсті. Әзірге 2 ойын өткіздік. Алғаш­қысы – Францияға, ал екіншісі – Украинаға қарсы өтті.  Франциямен болған кездесу біз үшін үлкен тәжірибе болды. «Астана Аренада» өткен ойынға пандемияға байланысты жанкүйерлер кір­гізілмеді. Алаңымыздың жасанды болғанына қарамастан, әлем чемпиондары ойыннан бас тартпады. Әлемдік жұлдыздар – Погба, Мбаппе, Гризманн, Дембеле және бапкерлері – Дидье Дешам стадионға толықтай үйрені­сіп, еліміздің қонақжайлығына да жақсы баға берді. Алайда, мақ­тауды жақсы көретін біздер бұл ойында да қонақжайлығымызды көр­сетіп, үшжолақтыларға жол бердік.

Көптеген Бұқаралық ақпарат құралдары құрамамыздың 0:5 секілді есептерімен жеңілеті­нін жарыса жазды. Оның үстіне құрама көшбасшылары –  Абат Айымбетов, Айбол Әбікен және Бақтиер Зайнутдинов бұл кез­десуге шақыртылмады. Иә, біз жеңілдік. Жауапсыз екі доп салған қарсыласымыз жеңіске жетті. Бірақ, жігіттеріміз соңына дейін күресті деуге болады. Ал ардагер қақпашымыз – Мокинның ерлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! «Тобыл» клубының ойыншысы сол матчта 7 мәрте қақпаны голдан құтқарып қалған. Ал барлығы­мыздың есімізде қалған сейв – ол футболшымыздың Мбаппенің 11 метрлік айып добынан тепкен соққысын қайтарғаны. Бұл біз үшін де, Мокин үшін де естен кетпейтін кеш болды. Бұнымен қоса, қақпашы кездесудің үздік ойыншысы атағын да иеленді. Қорғаныста өзін жақсы жағы­нан көрсеткен Малый өкінішке орай өз қақпамызға гол соғып алды. Қапталдағы қорғаушылар – Валиуллин мен Быстров жыл­дам шабуылға араласу үшін жан­таласты. Бұл матчта Астанов, Самородов және Кәрімов үшін ұлттық құрамадағы алғашқы дебюті болды. Әлем чемпиондарына қарсы жасыл алаңға шығу бір жағынан толқынысқа әкелсе, екінші жа­ғы­нан әлемдік футбол жұлдыз­­дарымен  тәжірибе алма­суға тап­тырмас мүмкіндік екені ақиқат.

Екінші кездесуіміз Киевте өтті. Украинаға қарсы ойын тең есеппен аяқталды. Алғашқы ұпайымызды еншілеп, қуанышқа бөлендік. Кезінде атақты «Милан» клубында өнер көрсеткен  танымал футболшы Андрей Шевченко қазір Украина құрамасын жаттықтырып жүр. Тәжірибелі Коноплянка мен Ярмоленконың жарақаттарына байланысты, бұл ойынға жастар көбірек тартылды. Ал біздің аға бапкеріміз Талғат Байсуфинов негізгі құрамды өткен кездесуге қатыспаған ойыншыларға тапсырды. Алғашқы таймда алаң қожайындары құрамамыз­ды қыспаққа алды. Жүйелі ша­буыл­дың нәтижесінде матчтың 20-шы минутында қақпамызға гол соқты. Ал екінші таймда бас бапкеріміз ойынды қолға алып, құрамға біраз өзгерістер енгізді. Алаңға жаңадан шыққан Вороговский ойынның 59-шы минутында Мужиковқа әдемі пас тастады. Өз кезегінде ол шайнап бергенді жұта алатындығын дәлелдеп есепті теңестірді.  Әрине, қорытынды есеп барлығымызды шаттандырды. Бұл жолы құрамамызды ерекше көзге түскен – Покатилов болды. Иә, тағы да қақпашымыз. Бұл ойында ол 9 тура соққының бетін қайтарып, матчтың үздік ойыншысы атанды. Еске салсақ, 29 жасар қақпашы былтырғы жылы өткен Ұлттар Лига­сының «үздік қақпашысы» атағын иемденген еді.

Матчтан кейінгі баспасөз мас­­­лихатында А.Шевченко фут­болшы­ларымыздың шеберлігіне байланысты таңданысын жасыра алмады. «Маған Қазақстан фут­бол­шыларының соңына дейін күрескені ұнады. Украин аяқдоп шеберлері қолдан келгеннің барлығын жасады. Жігіттер жарап, алғашқы ұпайларына қол жеткізді», – деп атап өтті ол.

Ұлттық құраманың бапкері Т.Байсуфинов ойын аяқталғаннан соң: «Азулы қарсыласымызбен сырт алаңда тең ойнадық. Бұл – үлкен жетістік. Әлем чемпионатына жолдама алу – біздің арманымыз. Біз өзімізге дәл сондай мақсаттар қоямыз».

Соңғы болған екі ойын құра­ма­ның жаңа бас бапкері – Т.Маруа­ұлының команданы жақсы дайын­дағанын көрсетті. Жастарды алма кезек ауыстырып, құрамға жаңа дем берді. Билектің кезінде ша­қыртылмаған қазақстандықтар бүгінде ұлттық құрамада доп тебуде. Мужиков, Шомко және біршама жастардың ойынын мау­сым алды жаттығу жиындарында байқаған Т.Байсуфинов жақсы құрам жасақтай алды. Алдағы кездесулерде бас бапкер құрамға тағы бірнеше мәрте өзгеріс енгізері сөзсіз.

ӘМІР ЖӘНІБЕК

 

292 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы