• Өндіріс өрісі
  • 15 Сәуір, 2021

Табиғатқа келтірілген залал тым қымбатқа түседі

Ақтөбе өңіріндегі табиғат пайдаланушы ірі өнеркәсіп орындары экологияға келетін зиянды азайту жөніндегі шараларды жеделдетуі керек. Мәселен, қала ауасына тарайтын лас шығарындылардың 50%-ы Қазхром компаниясының Ақтөбе ферроқорытпа зауытына тиесілі.

Биыл қабылданған жаңа Экологиялық кодекстің барлық нормаларын орындай отырып, жұмыстарын сонау 50-60 жылдары бастаған ірі кәсіпорындар өндіріске таза, озық, қолжетімді технологияларды енгізуі тиіс.

Өндірісі дамыған облыс үшін жаңа құжаттың маңызы тіпті ерекше. Оның талаптарын мүлтіксіз іске асыру, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – табиғат пайдаланушылардың және жалпы тұрғындардың өзекті міндеті. Жуырда экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ірі металлургиялық кәсіпорындарды аралап, ауаны ластайтын шығарындыларды азайту бағытындағы жұмыстарды бақылады. Одан соң жұртшылықпен ауқымды кездесу барысында жаңа Экокодекс кәсіпорындарды үздік технологияларды енгізуге, қоғамдық пікірмен санасуға үйрететінін жеткізді. Ендігі жерде айналаға келтірілген залал үшін жауапкершілік күшейеді. «Бүгінде Ақтөбе – атомосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары қалалардың қатарында тұр. Қабылданған жаңа Экологиялық кодекс Қазақстанның, соның ішінде Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын жақсартудың негізгі құралына айналады. Егер бұрын кәсіпорындар қоршаған ортаға залал келтірген жағдайда айыппұл төлеуден құтылып келсе, енді жаңа кодекске сәйкес табиғатты ластау олар үшін тым қымбатқа түсіп, тиімсіз болады. Сонымен қатар жаңа технологиялар енгізбеген жағдайда эмиссия үшін төлем көтеріледі», – деді ол реформаторлық құжаттың маңызды тұстарын атап өтіп.

Жаңа құжаттың негізгі ба­ғыттары «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидатын жүзеге асыруды, озық та қолжетімді технологияларды енгізуді, табиғатты қорғау іс-шараларына бюджет қаражатын мақсатты жұмсауды, үздік халықаралық тәжірибе негізінде экологиялық талаптарды қатаңдатуды, мониторингтің автоматтандырылған жүйесін орнатуды, өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіруді көздейді.

Аймақтағы негізгі ластау­шы компаниялар – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Ақтөбе хром қосындылары зауыты бұл бағыттағы жұмыстарды кезең-кезеңге бөліп, жүргізіп те жатыр. Осылайша, бірі алдағы жылдары қатты заттардың шыға­рындыларын 30%-ға азайтуды жоспарласа, екіншісі эмиссия­ларды азайту үшін жеңдік сүзгілер қоймақ. Атап өтерлігі, 1 cанатты қауіпті ірі кәсіпкерлік субъектісі саналатын Ақтөбе хром қосындылары зауыты жаңа технологияларды қолдану арқылы былтыр зиянды қалдық көлемін 1,4 есеге азайтқан. Қоршаған ортаға залал келтірмеу үшін Қазхром компаниясы бірқатар жобаларды қолға алуда. Компания президенті А.Есенжоловтың айтуынша, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жаңа кодекске сәйкес ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге кіріскен. «Біз Ресей мен Еуропа елдерінің тәжірибелерін негізге ала отырып, 2030 жылға дейін ең озық қолжетімді технологияларды енгізу бағдарламасын қабылдадық. Оны жүзеге асыруға 47 миллиард теңге қарас­тырылып отыр. Осылайша Ақсу ферроқорытпа зауытындағы шығарындылар көлемін 8 мың тоннаға дейін, ал Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы шығарындылар көлемін 3,8 мың тоннаға дейін азайтуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар компаниямыз еліміздегі қоғамдық ұйымдармен байланыс орнатып, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне, қаланы жасылдандыру жұмыстарына белсенді атсалысуда», – деді ол.

Ақтөбенің экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын тозығы жеткен кәріздік-тазалау құрылғылары станциясы да қиындатуда. Сондықтан жаңа станция салу қажеттігі талқыланып, бұл жұмыстарға әкімдік тарапынан 420 млн теңге бөлінген. Енді химиялық реагенттер арқылы қоқысты жою жұмыстары жүріп жатыр. Өңірдің экологиялық проблемаларын кешенді шешу мақсатында өткен жылы жол картасы қабылданған. Айналаға шығатын зиянды азайту шаралары соның аясында атқарылуда.

Облыстағы ірі ластаушы өндіріс орындарынан шығатын хром қалдықтары, химиялық шығарындылар бойынша тұр­ғындар шағымы орынды. Министр М.Мырзағалиев өңірдегі қордаланған экологиялық проблемалар жергілікті жанашыр қоғам өкілдерімен бірлессе ғана тиімді шешілетінін, бұл тұрғыда жергілікті экология департаменті халықпен байланысты жандандыратынын айтты.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

330 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы