• Инвестиция
  • 22 Сәуір, 2021

ИНВЕСТОР ҚОЛАЙЛЫ ОРТАҒА КЕЛЕДІ

Жамбыл облысының Қордай ауданында жаңа тау-кен металлургия комбинатының қазығы қағылды. Ірі өндіріс нысанын Kazakh Invest қолдауымен германиялық компания салып жатыр.

«Monterra Qasaqstan» ком­паниясының бағалы металдарды өңдеу және алтын кен орындарын игеру бойынша ірі өнеркәсіптік нысаны өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсі­міне, экологиялық ахуалының жақсаруына игі ықпалын тигізеді. Оның аясында сабақтас салала­р­дың дамуы, жалпы өнімнің өсуі, облыс тұрғындарының жұмыспен қамтылуы күтілуде.

– Жоба өңірде 2800-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді десек, ол бойыша негізінен жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылмақ. Бұл Қордай ауда­нының ғана емес, жалпы облыс­тың дамуына да серпін берері сөзсіз. Сондай-ақ жас мамандарды даярлау бағдарламасы бойынша оқыту жүргізіледі, – деді аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев салтанатты рәсімде.

Бұған дейін негізінен ауыл шаруашылығымен айналысып келген Қордай ауданы енді индустрияландырудың жаңа кезеңін кешуде. Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, бірегей кешен елімізде инженерлер мен металлургтердің жаңа буынының қалыптасуына ықпал етіп, жаңа құзыреттіліктерді меңгерген жастарды тәрбиелеуге ұйытқы болмақ.

Жобаның сәтті жүзеге асуы еліміздегі қолайлы инвестиция­лық ахуалды тағы бір айғақтай түседі. Инвестицияның жалпы көлемі 810 млрд теңгені құрай­тын жоба үш кезеңде жүзеге асы­рылмақ. 1 кезекті жүзеге асыру аясында – жылына 1 тоннаға дейін. Екінші кезеңді жүзеге асыру жылына 5 тоннаға дейін өндіруге мүмкіндік береді. Сөйтіп, Доре қорытпасында қуаттылық жылына 10 тоннаға дейін алтын өндіруге жетеді. «Monterra Group AG» гео­логиялық барлау жұмыстары­на белсенді инвестиция салуда. Шикізат көзі – Қаратас-Майбұлақ алаңы учаскелеріндегі кен орындарында өндіру жерасты тау-кен қазбаларына өтетін ашық карьерде жүзеге асырылады. Кендерде көміртекті материалдың, мышьяк пен полиметалдардың көп болуына байланысты жобада Еуропада қолданылатын концентраттарды өңдеудің заманауи технологиялары (Albion Process) қолданылады. Осылайша тау-кен металлургия комбинаты экология мен сапаның жоғары стандарттарына сай жұмыс істейтін болады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес осы қымбат металды елден шетелге шығаруға тыйым салынған. Бұл ретте барлық жұмыстар экологиялық талаптарды сақтаумен, үздік технология­ларды қолданумен, қауіпсіздік техникасы ережелері мен нормаларын ескерумен, жоғары деңгейде жүргізілуде.

– «Monterra Group» жұмы­сындағы негізгі басымдық – тұрақты даму, сондықтан қор­шаған ортаны қорғау жөніндегі барлық міндеттер халықаралық және еуропалық стандарттарға сәйкес іске асырылады. Біз эко­логияны қорғауға барынша жауапкершілікпен қараймыз және геологиялық барлау жұ­мыстарын жүргізу кезеңінде Қазақстан мен Германияның мамандандырылған ұйымдарын тарта отырып, үнемі экологиялық мониторинг жүргіземіз, – деп мәлімдеді «Monterra Group AG» компаниясының басшысы Кристиан Граф фон Страхвитц.

Өз тарапынан Kazakh Invest осы ірі жобаны іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Германиялық бизнесмендер инвестициялық келісімшарт жасасуды жоспарлап отыр, оның аясында бірқатар жеңілдіктер мен преференциялар алады. Сөйтіп, бірлескен өндіріс екі ел арасындағы іскерлік, достық байланыстарды нығайтуға қызмет етеді. Біз үшін жоба бағалы металдарды қайта өңдеу саласындағы өңірдің әлеуетін ашу, жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсарту тұрғысынан өте маңызды. Гер­маниялық компания өткен жылы облыс экономикасына 2,3 млрд теңгеден астам инвестиция салған. Ал биыл инвесторлар шамамен 7 млрд теңге бағыттауды жоспарлап отыр.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

468 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы