• Өндіріс өрісі
  • 22 Сәуір, 2021

ЭКОНОМИКАҒА КӨПҚЫРЛЫ ӘСЕР

Қарағанды өңірінде автомобиль шиналарын шығаратын ең ірі зауыт пайда болады. Заманауи өндіріс кешені облыстың, жалпы елдің экономикасына мультипликативті әсер беріп, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, білікті жұмыс орындарын құруға негіз салмақ. Саран қаласындағы жаңа зауыттың құрылысын жуырда премьер-министр Асқар Мамин мен Татарстан президенті Рустам Минниханов бастап берген болатын.

«Татнефть» KamaTyres шина бизнесі тобының құрамына кіретін «Нижнекамскшина» көпшілік акционерлік қоғамы – Ресей Федерациясы мен ТМД елдеріндегі шина өнеркәсібі саласындағы ең ірі кәсіпорын.

 

 

Тарихи өндіріс ошағында алғашқы автомобиль камерасы 1973 жылдың сәуірінде жасалды, ал 1974 жылдың қазанында зауыт миллионыншы шинасын шығарды. Өсе келе «Нижнекамск шиналар зауыты» «Нижнекамскшина» өндірістік бірлестігіне дейін кеңейіп, жаппай және жүк автомобильдері шиналарын шығаратын зауытты біріктірді. Кейінірек жүк шиналары зауыты жеке кәсіпорынға айналды. Бүгінде «Татнефть» дөңгелек бизнесінің барлық өндірісі «Татнефть-Нефтехим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас­қаруымен Kama­Tyres брен­діне ұйысқан. Осылайша, KamaTyres кәсіпорындары автомобиль көлігінің барлық түрлеріне арналған шиналардың 400-ден астам тауарлық заттарын шығарады. Ресейдегі барлық дөңгелектердің төрттен бір бөлігін осы KamaTyres жасайды. Саранда жүзеге асырылып жатқан жобаны «Аллюр» компаниялар тобы» АҚ және «Татнефть» ЖАҚ бірлескен кәсіпорны – «KamaTyresKZ» ЖШС жүзеге асырады. Ал «AllurAuto» – бұл автомобильдерді, қосалқы бөл­шектерді шығарумен және сатумен, сондай-ақ Қазақстанда автомобильдерге қызмет көрсе­тумен айналысатын компаниялар тобы ретінде танымал. Бұл ретте өндірілген дөңгелектер «Аллюр» кәсіпорындары шыға­ратын машиналардың негізгі жабдықтарына жұмсалып, еліміз­­дегі автомобиль өндірісін оқшау­лау деңгейін жоғарылатады деп күті­луде.

Қазір өндіріс алаңында жобалау, жабдық сатып алу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ауқымды құрылысты келер жылы аяқтау жоспарланған. Зауыттың бірінші кезеңдегі өндірістік қуаты жылына көпбейінді 3,5 миллион дөңгелекті құраса, кейіннен 9 миллион дөңгелекке дейін өседі. «KamaTyresKZ» ЖШС жеңіл автокөліктерге, коммерциялық көліктерге және автобустарға арналған дөңгелектер шығарады. Ішкі нарықты сапалы өніммен толық қамти келе, зауыт белгілі KamaTyres брендінің шиналарын көрші елдерге де жеткізеді. Нижнекамск пен Саран зауыттары бір-бірін толықтырады. Қазақстанда жоғары сапалы және күрделі өнім шығару үшін B+ сапалы шиналардың жаңа желісін шығару жоспарланып отыр.

«Татнефть» тәжірибесіне сәйкес, қызметкерлер кәсіпорын іске қосылардан бір жыл бұрын қабылданады. Бұл мамандардың зауыт құрылысын және оған жабдықтарды орнату кезеңін көруі үшін жасалады. Сарандағы «KamaTyresKZ» ЖШС жаңа зауыты қазақстандықтар үшін мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруды көздейді. Өндіріс кешені әлі салынып жатқанына қарамастан, жұмысшыларды да, инженерлік-техникалық құрамды да қабылдау басталып кетті. Қазір мамандарды әрі қарай оқытумен, тағылымдамадан өткізумен жұмысқа қабылдаудың бірінші кезеңі басталды. Нижнекамск қаласындағы зауыттарда оқытылғаннан кейін олар Саранға оралып, жұмысқа жаңа зауытты пайдалануға беру, іске қосу реттеу, монтаждау сәттерінен бастап кіріседі.

Саран қаласындағы Kama­TyresKZ зауыты экологиялық таза­лық принциптерін ескере отырып салынады. Сонымен қатар, қазір қалдықтарды қайта өңдеу саласының инфрақұрылымын дамытуға септесіп, жасыл технологияларды енгізуді жүзеге асыратын компаниямен келіссөздер жүргізілуде.

Жаңа зауыт болашақта қазақ­стандық компоненттерді пайдаланады. Ол үшін «ҚазМұнайГаз» бен «Татнефть» битумды модификациялауда, адгезивтерді, желімдерді, резеңкелер мен экологиялық таза шиналарды дайындауда қолданылатын бутадиен каучуктарын өндіру жобасы бойынша ынтымақтастықтың базалық шарттары туралы келісім жасасты. Жоба алдағы жылдары жүзеге асырылып, өндіріс қуаты жылына 186 мың тонна бутадиен каучугы мен 170 мың тонна изобутанға жеткізілмек.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

481 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы