• Ақпарат
  • 19 Мамыр, 2021

Апта тынысы

Жерді пайдалану қатаң бақылауда болады

Биыл сәуір айының соңында Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысында жер иелігіне қатысты нормаларға белгіленген мораторий мерзімін 5 жылға ұзарту туралы шешім қабылданған-ды.

Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылайтын болады. «Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында және жер қатынастары сала­сындағы негізгі мәселелерді талқылау әрі олар бойынша ұсынымдар әзірлеу үшін арнайы құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссия қыз­метінің қорытындысы бойынша әзірленді. Атап айтқанда, заң жобасымен отандық жер пайдаланушылар үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру институтын жетілдіру көзделген. Сонымен қатар, қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беру жөніндегі Жер кодексі нормалары­ның қолданылуын бес жылға кейінге қалдыру ұсынылды», – деді Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төр­аға­сы Ерлан Барлыбаев пала­таның жалпы отырысында.
Оның айтуынша, заң жобасы аясында жерді пайдалануға мемлекеттік бақылау күшей­тілді. Жайылымдық жер­лердің аумақтары анықталды және ашық жер кадастры көзделген. Аграрлық мәселелер комитеті аталған заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын. 

Арал маңы – экологиялық-инновациялық аймақ 

Бұл бастаманы Өзбекстан көтерген, ал қарарды 50-ден астам мемлекет қолдаған, олардың арасында Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Түрікменстан елдері бар.

Өткен жылдың қыркүйек айында БҰҰ-да сөз сөйлеген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Арал теңізінің құрғап кету салдарынан Арал маңы аймағы экологиялық апат ошағына айналғанын айтты. Ол бұл проблеманы 2 миллион гектар аумақта жаңа ландшафт, орман сілемдерін және топырақ қабатын қалыптастыру жолымен бірлесіп шешуді ұсынды. 
Арал кезінде көлемі жағынан төртінші орында тұрған жабық теңіз болған, қазіргі кезде ол құрғап кетіп, шағын суқоймаға айналды. Көптеген балық тұқымдары, сондай-ақ аймақта мекендеген жабайы жануарлар – Тұран жолбарысы, гепард, аққулар, фламинго, ақ тырна жоғалып кеткен. Аралдың жалаңаштанған бөлігінде аумағы 5,5 млн гектардан астам тұз шөлі пайда болды. Мұнда шаң соғып, атмосфераға көптеген мың шақырым жерге шаң мен улы тұзды таратып, өсімдіктерді жойып отырады. Экологиялық апат миллиондаған адамның өмірі мен денсаулығына әсер етті: дәрігерлер көмекей және өңеш обырының, сондай-ақ респираторлық, көз және өзге аурулардың көбеюін атап көрсетуде. Арал теңізі бұрын­ғы қалпына келе алмайды, бірақ жергілікті тұрғындарға қорғаныс және көмек қажет болып отыр. Осы қабылданған қарарда Бас Ассамблея Арал маңы аймағында экологиялық, әлеуметтік, экономикалық және демографиялық жағдай­ды жақсартуға бағытталған аймақтық іс-шаралар мен бас­тамаларды қолдайтыны мә­лімделген.
 

Тұрғындар риддерліктерге қолұшын созуда

Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер орман шаруашылығында шыққан дала өрті 310 гектар аумақты шарпып, 1 адам қаза тапқан болатын. Өртке байланысты шұғыл желі іске қосылды. Семей қаласының тұрғындары Риддердегі өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетуді жалғастыруда. 

Қалалық ақпарат орталығы таратқан мәліметке сүйенсек, жергілікті тұрғындар мен кә­сіпкерлер Риддердегі өрттен баспанасынан айырылған отбасыларға 18,9 млн теңге сомасында қаржылай көмек көрсетті. «Бұдан бөлек, рид­дерліктерге гуманитарлық көмек жіберіледі. «Қаражыра» АҚ өкілдері зардап шеккендерге 1,3 тонна азық-түлік өнімдерін жөнелтті. Сондай-ақ 200 келі қант, 584 келі тары, қарақұмық, арпа жармасы, күріш, 100 келі макарон өнімдері, 20 келі томат пастасы, 15 келі шәй, 50 литр өсімдік майы, 48 литр сүт жіберілген», – делінген хабарламада. 
«Қазэлектромаш» ЖШС барлық жүкті Риддер қаласына жеткізуді қолға алған. Ал «Алел «ФИК» АҚ өз тарапынан 30 тоннаға жуық гу­манитарлық көмек жеткізді. «Nur Otan» партиясының Семей қалалық филиалы зар­­дап шеккендерге көмек көрсе­ту акциясын жариялаған. Соның нәтижесінде шаһар тұр­ғындары риддерліктерге қолұшын созып жатыр.

1329 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы