• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 02 Маусым, 2021

Жаңару – жақсылықтың нышаны

Үкімет жиынында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға кезекті рет шолу жасалды. Бұдан бөлек, Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың бесжылдық кешенді жоспары қаралып, балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларға маңыз берілді. Премьер-министр Асқар Мамин бұл мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеп, міндеттерді белгіледі. 

Қазақстанда санитарлық-эпидемиологиялық жағдай оңалып келеді. Халықты вакциналау барысы мен қазіргі жағдай туралы есеп берген сала жетекшісі А.Цой COVID-19 сырқаттану деңгейі 20%, вирустың репродуктивтік индексі 0,86-ға дейін, инфекциялық тө­сек-орындардың қамтылуы 28%, реанимациялық төсек-орындар 24%-ге дейін төмендегенін хабарлады. 3 өңір: Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстары қызыл деңгейде, 6 өңір: Алматы қаласы, Атырау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары сары деңгейде, қалған 8 өңір жасыл деңгейде. Сондай-ақ 2,1 млн-нан астам адам бірінші компонентті, 1 млн-нан астам адам екінші ком­понентті алды. Маусым айында бірінші компоненттің 2 млн дозасы мен екінші компоненттің 2 млн дозасы қолжетімді болады. Сонымен бірге «Ashyq» жобасын масштабтау бүкіл ел бойынша жүргізіліп жатыр. Жоба қатысушыларының саны 8 мыңнан асып, соңғы екі аптада 2 мыңға өсті. Пайдаланушылардың саны 2 аптада 1,4 млн-нан 2 млн-ға дейін артты. «Ashyq» енгізілгеннен бастап  ПТР тестінің оң нәтижесі бар 3 556 науқас және ауруды жұқтырғандармен байланыста болған 3 012 адам анықталды. «Бұл статистика, өкінішке орай, кейбір азаматтар үйде оқшаулану режимін сақтамайтынын, халық көп жиналатын объектілерге баратыны, осылайша басқа келушілер мен ұшақ жолаушылар үшін ауру жұқтыру қаупін тудыратынын көрсетіп отыр», – деді министр. Жо­баның көшбасшылары қызмет түріне байланысты объектіде екі апта бойы  тіркелу саны бойынша  анықталады. Бұл тәсіл астананың және республикалық маңызы бар қалалардың ерекшелігін ескереді. 
Үкімет басшысы ДСМ мен әкімдіктерге маусым айында халықты вакциналау қар­қынын арттыруды тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, «Ashyq» мобильді қосымшасының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, оның қызмет көрсету секторында қолданылуын одан әрі кеңейту бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.
Қаралған екінші мәселе бойынша, Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталған және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрақты жұмыс орындарын құруға тікелей және жанама әсерлердің жоғары әлеуеті бар жобаларды іріктеу бойынша жұмыс жүргізілген. Ұлттық экономика министрі Ә.Ерғалиевтің айтуынша, кешенді жоспар инвестициялық жобаларды іске асыруды, көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы, туризмді дамытуды, сондай-ақ қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді көздейтін 142 іс-шарадан тұрады. Олар жалпы 3,6 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 539,2 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 339,9 млрд теңге, жеке инвестициялардан – 2,7 трлн теңге қажет етеді. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында 26 іс-шара жоспарланған, оның ішінде мұнай өңдеу зауытын, химия кешенін және тұрмыстық техника шығару зауытын салу бар, сондай-ақ «Тurkistan» арнайы экономикалық аймақ аумағын 973 га ұлғайту және басқалары көзделеді. Ауыл шаруашылығын дамыту саласында 810 млрд теңгеге 93 инвестициялық жобаны іске асыру, сондай-ақ Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру, су тартқышты және сорғы станциясын реконструкциялау, ауыл шаруашылығы техникасы мен тракторлар паркін 37%-ға жаңарту көзделген. Нәти­жесінде 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы өнімі 695 млрд теңгені құрайды, ал ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артады. Бұдан басқа, өңірдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында «Қасқасу» тау шаңғысы курортына инфрақұрылым жүргізу, Түркістан қаласында туристік-рекреациялық орталық, 3 қонақ үй, рухани-мәдени орталық және басқаларын салу жоспарлануда. Сөйтіп, 2025 жылға қарай облыста туристер санының 2,5 млн адамға дейін артуы болжанады. Жоспар бойынша тұрғын үй, көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жобалар іске асырылатын болады. Қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау жүзеге асырылады. Сондай-ақ газбен жабдықтау, электр желілерін жаңғырту мен салу жөніндегі жұмыстар бар. 
Үкімет басшысы шаһарды дамытудың кешенді жоспарын іске асыру облыстың дамуына жаңа серпін беріп, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға оң әсер ететінін айтты. Халық сумен жабдықтау қызметтерімен 100%, газбен жабдықтау қызметтерімен 85,4% қамтамасыз етілетін болады. АӨК саласында бес жыл ішінде 100-ге жуық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, бұл жалпы өнім көлемін 729 млрд-тан 1,3 трлн теңгеге дейін арттыруға және еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бес жыл ішінде 5 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй, 130 жаңа мектеп, 10 денсаулық сақтау нысаны, рухани-мәдени орталық және басқа да әлеуметтік сала нысандары тұрғызылмақ. Көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жобалары іске асырылатын болады. Түркістан, Шымкент және Ташкент қалаларын байланыстыратын жоғары жылдамдықты теміржол магистралін салу, Түркістанда жаңа теміржол және автовокзалдар салу жоспарлануда. Аталған шаралар жалпы өңірде өнеркәсіп көлемін 35%-ға, еңбек өнімділігін 52%-ға арттыруға жол ашады. Туристер ағыны жылына 1,2 млн-нан 2,5 млн адамға дейін артады. Кемінде 40 мың жаңа жұмыс орны құрылады. «Кешенді жоспарды іске асырудың 5 жылы ішінде 3,6 трлн теңгеге 142 іс-шара орындалады. Түркістан облысының экономикасы 5 жылда 1,5 есе өседі», – деді А.Мамин.
Осы орайда Премьер-министр бекітілген кешенді жоспардың іс-шаралары уақытылы әрі сапалы орындалуы тиістігін атап көрсетті.
Балалардың құқықтарын қор­ғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар бойынша білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрі А.Цой, ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев, сондай-ақ ЮНИСЕФ өкілдігінің басшысы А. ван Дизен баяндама жасады. Өткен жылы Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау саласында 22 нормативтік құқықтық акт әзірленіп, қабылданды. Бала құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицид мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту қағидалары мен мерзімдері қабылданды. 2022 жылы балалардың қауіпсіздігін, денсаулығын, білім алуын, материалдық әл-ауқатын, әлеуметтенуін қамтитын балалар игілігінің қазақстандық индексін енгізу жоспарлануда. Осы индекстің көмегімен балалардың жағдайын жақсарту бойынша мемлекеттік органдар жұмысының нәтижелілігі қадағаланатын болады. 
Үкімет басшысы көшеде, білім беру ұйымдарында, демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты А. Мамин екі апта ішінде білім беру және бос уақытты өткізу саласының объектілерін тиісті қауіпсіздік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын дайындауды тапсырды. «Бейнебақылау жүйелері мен олардың Полицияның жедел басқару орталықтарымен интеграциялануына, дабыл түймесінің болуына және шұғыл әрекет етуге ерекше назар аудару керек. Барлық іс-шаралар оқу жылы бастал­ғанға дейін аяқталуы тиіс», – деді А.Мамин.  
Ал Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне, әкімдіктерге ауру­лардың алдын алу және ерте диагностикалау, оңалту, ауруды бала жастан бақылау бойынша шаралар қабылдау, мектеп медицинасын, ерте даму және скрининг кабинеттерінің, балалар үйлерінің, балалар стационарлары мен емханаларының материалдық-техникалық базасын жетілдіру тапсырылды. Сонымен бірге әкім­діктер балаларды барынша спорт­пен қамту бойынша іс- шаралар қабылдауы қажет.

Бетті дайындаған – 
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

375 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы