• Бизнес & Қоғам
  • 10 Маусым, 2021

Заңсыз балық аулаушылармен жүйелі күрес жолға қойылған

Сәуірдің бірінен мамыр айының аяғына дейін Жайық – Каспий бассейні су  айдындарында браконьерлердің жолын кесуді көздейтін «Бекіре – 2021» балық қорғау акциясы өтті.  Аталған су айдындарында заңсыз балық аулаумен күрес жүйелі жүргізіліп келеді. Арнайы ұйымдастырылып тұратын рейдтер барысында құқық қорғау органдары браконьерлерді  ұстап, олардың балық аулайтын құралдарын, аулаған балықтарын тәркілеп алады.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

Бекіре және басқа да балық түрлерін сақтау, сондай-ақ олар­дың уылдырық шашуы үшін қо­лайлы жағдайды қамтамасыз ету мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар, Ішкі істер министрліктері мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіп­сіздік комитеті тарапынан биыл наурызда «Бекіре тұқымдас және басқа да балық түрлерінің уыл­дырық шашу кезеңінде Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының су айдындарында  кең ауқымды «Бекіре» балық қорғау акциясын өткізу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойылған болатын. 
Осыған орай табиғатты қорғау және құқық қорғау органдары­ның бірлескен іс-қимыл жоспары бекітіліп, аталмыш шараға тартылған күштер мен техникалық құралдарды орналастыру жағдайы жасалды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәлі­меттеріне сәйкес, шара барысында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мемлекеттік инспекторлары құқық қорғау және табиғат қорғау органдары­мен бірлесіп, биылғы 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында балық қорғау заңнамасын бұзудың 1262 фактісін анықтады, оның ішінде 952 – Атырау облысының аумағында, 137 – Маңғыстау облысында және 173 – Батыс Қазақстан облысында. Анықталған деректер негізінде  862 құқықбұзушы әкімшілік жауап­кершілікке тартылған, оның 114-і сот тәртібімен, 56 қылмыстық іс қозғалып, тәртіп бұзушыларға 15,4 млн теңге айыппұл салынған.
35 тоннадан астам балық, оның 4,6 тоннасы – бекіре тұқымдас балық түрлері, 908 бірлік аулау құралдары, 95 бірлік жүзу және 23 бірлік көлік құралдары заңсыз айналымнан алынған. Жайық-Каспий бассейнінің су қоймаларынан негізінен синтетикалық моножіптен дайындалған заңсыз орнатылған 3035 балық аулау құралдары алынды.
Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған шара барысында жолы кесілген заңбұзушылықтардың ішінде  төмендегідей бірқатар фактілерді атап өтуге болады. Құқық қорғау органдары 15 сәуірде Атырау облысының Исатай ауданында Жанбай ауылының маңында жалпы салмағы 100 кг бекіре тұқымдас балық тасымалдаған автокөлікті ұстаған. Сол күні Атырау қаласында өткізілген рейдтік іс-шаралар кезінде жергілікті тұрғыннан жалпы салмағы 812 кг болатын 247 дана бекіре тұқымдас балық тәркіленіп алынған.
17 сәуірде ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып табылатын «Ақжайық» мемлекеттік табиғи ре­зерватының аумағында Каспий теңізінің «Нұрмұхан-Құлтық» ауданында инспекция қызметкерлері кәсіпшілік балық аулауға тыйым салынған жерде заңсыз балық аулаған 2 адамды ұстады.
Шағын кемені тексеру нәти­жесінде заңсыз ауланған жалпы салмағы 2,2 тонна балық және ұсталған адамдарға тиесілі балық аулау құралы (вентерь) тәркіленген. 
Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласында 26 сәуірде жалпы салмағы 148,55 кг бекіре тұқымдас балықты заңсыз тасы­малдаған жергілікті тұрғынның басқаруындағы автокөлік ұсталған.
Батыс Қазақстан облысында акция барысында рұқсат құжат­тарынсыз балық тасымалдаған 16 автокөлік ұсталған. Тексеру шараларының нәтижесінде  15 тоннаға жуық балық тәркіленіп, 15 қылмыстық іс қозғалған. 
Сонымен қатар, акция кезінде Инспекция және құқық қорғау органдарының қызметкерлері базарлар мен мамандандырыл­ған дүкендердің синтетикалық моножіптен жасалған балық аулау құралдарын заңсыз сату жағдайына мониторинг жүргізді. Нәтижесінде  29 сәуірде Атырау қаласында сауда базарларының бірінде 79 бірлік көлемінде тыйым салынған аулау құралдарын сату фактісі анықталып, тәртіп бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша 72,9 мың теңге сомасында айыппұл салынған.
Рейд жүргізу кезінде мем­ле­кеттік органдардың авиация мен су көлігі, оның ішінде шека­ралық жылдам жүретін катерлер, сондай-ақ әуе жастықтары бар кемелер іске қосылғанын атап өту қажет.
30 мамырдағы әуеден бақылау барысында Жылыой ауданында қамыс қопасының арасынан ұзақ тұру үшін жабдықталған браконьерлік база (су және азық-түлік қоры, байланыс құралдары) анықталған. Оны тексеру барысында тіркеу нөмірі жоқ тегіс ұңғылы мылтық, қолдан құрастырылған екі жол талғамайтын көлік және 7 қап толы балық аулауға тыйым салынған құралдары бар үш суда жүзетін көлік табылған. Жиналған материалдар мен заттай дәлелдемелер бұған қатысы бар тұлғаларды анықтау және процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді.
Екі ай бойы жүргізілген бағалы балық түрлерінің уылдырық шашу кезеңінде браконьерлікпен күресті күшейтуге бағытталған «Бекіре – 2021» балық қорғау акциясы осындай нәтижелермен аяқталды.

90 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қуантайұлы Нұржан

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редакторы