• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 10 Маусым, 2021

Қарқынды экономика: Қашағанда газ өңдеу зауытының құрылысы басталды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысына пәрмен берілді.    

Премьер-министр Асқар Мамин Атырау облысына жұмыс сапары аясында мұнай-газ химиясы және мұнай-газ машинасын жасау салаларындағы ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді. Үкімет басшысы Қашаған кен орнында газды кешенді дайындау қондырғысы – газ өңдеу зауытының құрылысын бастап берді. Сондай-ақ салтанатты шараға Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, «ҚазТрансГаз» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев, NCOC және «GPC Investment» ЖШС компанияларының өкілдері мен акционерлері қатысты.
Кәсіпорынның өңдеу қуаты жылына 1 млрд м³ дейін шикі күкіртті газды құрайды, одан 815 млн м³ тауарлық газ және 119 мың тонна сұйытылған газ, 212 мың тонна күкірт және 35 мың тонна газ конденсаты өндірілетін болады. Оны 2023 жылдың 4-ші тоқсанында пайдалануға беру көзделген.
Жоба еліміздің газ өңдеу саласын дамытуға серпін береді. Соның ішінде Қашағанда мұнай өндіру деңгейін тәулігіне 450 мың баррельге дейін ұлғайтуға, елді одан әрі газдандыру үшін ресурстық базаны кеңейтуге және мұнай-газ өндірісінің экологиялығын арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс кезеңінде мұнда 2500 дейін уақытша, ал пайдалану кезеңінде 600 тұрақты жұмыс орны құрылады. Қашаған кен орнында мұнай өндіруді ұлғайту үшін газ тежеуші фактор болғандықтан, зауыт құрылысы бірқатар маңызды міндеттерді шешеді. Қосымша өңдеу «Болашақ» МГКДҚ-да (мұнай-газ кешенін дайындау қондырғысы) мұнайды дайындау бойынша қуаттылықты пайдалану үшін жүктемені және газдық шектеулерді азайтады. 
Премьер-министр жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін Қазақстандағы алғашқы интеграцияланған газ-химия ке­шенінің құрылыс барысын тексерді. Жобаны «Қазақстан Петрокемикал Индастриз (KPI)» ЖШС жүзеге асырады. Инвестициялардың жалпы көлемі $2,6 млрд құрайды. Оны 2022 жылғы наурыз айында пайдалануға беру жоспарланған. Кәсіпорында 630-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта жоба кестесі бойынша жалпы прогресс 87,19%. Құрылысқа 39 қосалқы мердігер компания тартылған болса, оның 36-сы – қазақстандық.
Үкімет басшысы биыл сәуір айында полипропилен өндіретін интеграцияланған газ-химия кешенінің жұмысын қамтамасыз ету үшін азот және сығылған құрғақ ауа шығаратын қондырғысының құрылысын аяқтаған «Эр Ликид Қарабатан Тех Газы» Қазақстан-француз бірлескен кәсіпорнына барды. Зауыттың қуаттылығы 8 мың нм3/с азот және 8,1 мың нм3/с сығылған құрғақ ауаны құрайды. 
Сонымен қатар А. Мамин 2020 жылғы тамызда пайдалануға берілген қуаты жылына 36 мың м² грейтинг және 60 мың тонна мырыштауды құрайтын «Атыраумұнаймаш» ЖШС грейтинг және ыстықтай мырыштау цехының жұмысымен танысты. 
«Каспий мұнай» ЖШС аралау барысында Премьер-министрге Атырау облысының Жылыой ауданындағы «Айранкөл» кен орнын 2019-2021 жылдары жүргізілген цифрландырудың нәтижелері таныстырылды. Атап өткенде, онда мұнай өндіру 10%-ға артты, шығындар 30%-ға азайды, операциялық қызмет 80%-ға жетілдірілді, мұнай қалдықтарының көлемі қысқартылды, пандемия кезеңінде кен орнын қашықтан бақылау және басқару мүмкіндігі енгізілді.
Сапар барысында Үкімет басшысы бекіре балығын өсіретін «Kaspi Bekiresi Limited» балық өсіру шаруашылығының қызметімен танысты. Қысқа мерзімді кезеңде кәсіпорынның өндіріс көлемін жылына 30 тонна балық еті мен 3 тонна уылдырыққа дейін жеткізу жоспарлануда. Премьер-министрге сондай-ақ Атырау қаласының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамыту туралы баяндалды.

382 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы