• Тарих
  • 04 Қараша, 2021

АРБАНЫ ОЙЛАП ТАПҚАН ЕЛДІҢ ЗЕРГЕРІ ҚОЛДАУ КҮТЕДІ

Немесе қазақ қолөнері станогының  1876 жылдан кейінгі тағдыры қандай күйде?

Бүтін түрік халықтарына ортақ, көне мұра – «Оғыз-нама»  дас­танында ежелгі шебердің аты аталады. Ол кім? Ол – арбаны ойлап тапқан Жосын Білік деген өнертапқыш.

Эпоста былай деп жазылған:

«Оғыз қағанның әскерінде бір шебер болды. Оның есімі Бармақлық Жосын Білік еді. Бұл шебер ағаш арбаны ойлап тапты. Әскер әлгі арбаға жансыз олжаны тиеп, тірі олжаны жекті.  Мұны кейін бүкіл ел көріп, тез арада осындай арба жасап алды».

Бұл – көшпелі бабамыз­дың қандай шебер болғанын байқататын эпизод.

Жалпы, алтын мен күмістен зергер бүйымын соғатын шебер бізде ежелден көп болған. Және олардың өз алдына бәленбай мың жылдық мектептері бар еді. Мәселен, Абылай ханның алтыннан соғылған, өрнекті қару-жарағы болған. Оны Шоқан Уәлиханов өзінің еңбегінде атап көрсетеді.

Қазақ зергерлік қолөнері­нің техникалық базасы қай уақыттан бері, қандай деңгейде болғанын түсіну үшін 1876 жылы Санкт-Петербургте өткен шығыстанушылардың үшінші конгресін еске алсақ, болады. Осы конгрестің көрмесіне Көкшетау округінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлиханов бағалы заттармен бірге ежелгі зергердің тегістейтін, өңдейтін өзгеше станогын қойған.

Шыңғыстың атасы, атақты Абылай ханға тиесілі, асыл тас­тармен көмкерілген зергерлік бұйымдар да көрмеде тұрған. Петерборға келген шет елдік қонақтар Абылай ханның заттарына қарап тұрып, қазақ зергерінің ғажайып шеберлігіне таңданып таңдай қағыпты.

Осы, 1876 жылы Санкт-Петер­бургте өткен көрмеде Мақы сұлтанның қолөнер бұйымда­ры көрменің алтын медалін жеңіп алған. Мақы – Шоқан Уәлихановтың туған інісі. Талантты әрі ғажап өнердің иесі болған. Ол – мықты суретші ғана емес, қазақтың ежелгі қолөнерін бойына сіңірген зергер адам екен. Мақының қандай талант иесі екенін білу үшін оның француз суретшісі Лежемен бірігіп жазған «Орнаменты всех времен и стилей» (СПб, 1890) атты зерттеу кітабын тауып алып, қарасаңыз, болады.  Григорий Потаниннің айтуынша, сол заманда Петербургтегі орыс қоғамы Мақыны құрметпен қарсы алады екен, оның көркем тәрбиелі жүріс-тұрысы мен ақжарқын мінезі үшін жақсы көреді екен.

Ол кезде, XIX ғасырдың соңын­да Ресейде этнографиялық көрме жиі өткізіліп, Петербург, Мәскеу, Екатеринбург, Омбы, Нижний Новгород сияқты қала­ларда білезік, сырға, сақина, тоға, аспа, сәу­келе және т.с.с. қазақ зергерлік бұйымы көп қойылған.

Археолог, тарихшы Әлкей Марғұлан өзінің «Казахское на­родное прикладное искусство» атты үш томдық кітабында ақ патша заманындағы сол көрмелер туралы былай деп жазады:  «Көрме­нің ең құнды экспонаты – сәукеле, зергерлік бұйымдар, Алмазовтың бірегей киіз үйі 1878 жылы Парижге халықаралық этнографиялық көрмеге жіберілді».

Ежелгі Қазақ Ордасында, қазақтың Сыр бойындағы барлық қаласында (қырықтан астам қала мен кент) зергер шеберханасы жұмыс істеген. Марғұлан XIX ғасырдың соңында тек Ақмола облысында ғана 40-қа жуық  шеберхана болғанын жазады.

Қазақтың зергерлік өнерін өлтірген – 1932 жылғы алапат геноцид – ұлы ашаршылық. Қазақтың жартысын жалмаған азапты аштықта ғасырлар бойы жиналған зергерлік бұйым айырбасталып алынды, тартып алынды... Зергерлік өнер мектептері тегіс жойылып кетті.

Тарихшы Елена Осокина­ның «Торгсин. Алхимия советской индустриализации» деген кітабын оқысаңыз, бәрін ұғасыз. 1932-1933 жылғы ашаршылықта совет өкіметіндегі халықтар­дан (негізі, украиналықтар мен қазақтардан)  45 тонна таза алтын мен 1400 тонна таза күміс жиналды, дейді.  Торгсин (Всесоюзное объединение по торговле с иностранцами - Шетелдіктермен сауда жөніндегі бүкілодақтық бірлестік ) - осы мақсатта, яғни халықтың бәрінен алтын мен күмісті (оның ішінде зергерлік бұйымды) тартып алу үшін 1930 жылы құрылған ұйым. Осы тонналар ішінде қазақ зергерлік бұйымы да кетті.

Дегенмен, сақталған аз-маз із бар, ол – Санкт-Петербург пен Мәскеу музейлерінде сақталған қазақ зергер бұйымының басты үлгілері. 1980-жылдардың соңы мен 1990 жылдары қазақ суретшілері мен қолөнершілері осы үлгілерге қарап ежелгі қазақ зергерлік өнерінің  мағынасын қалпына келтірумен  айналысты.

1980 жылдары «бес білезік» сияқты әйгілі қазақ білезіктері құйылды. Үш сақинамен бірге алқа, жүзік, білезік, сырға, шолпы, өңіржиек, бойтұмар, шашбау, қапсырма, ілгек, түйреуіштің ежелгі үлгілері қалпына келтірілді.

Жаңа қазақ зергерлері алтын мен күмісті  құю, бедерлеу, нақыштау тәсілдерін тірілте бастады. Ежелгідей болмаса да, жетеқабыл бұйымдар дүниеге келді. Қазақтың зергерлік өнерін қалпына келтірген Амангелді Мұқажанов, Серік Рысбеков, Сержан Баширов, Берік Әлібай, Естай Дауылбаев, Қалмырза Тасов, Серікқали Көкенов және басқа шеберлерге мың да бір алғыс айтуымыз керек.

Қазір Алматы барахолка­сындағы алтын заттар қатарында қазақ білезігі мен сақина-сырғасы бар. Бұл тарапта үш немесе бес адамнан бірігіп, шағын цех құрып жүрген шеберлер бар. Дегенмен оларға мемлекет тарапынан демеу қажет. Онсыз болмайды. Әсіресе салық төлеу барысында. Мысалы, Түркияда өнімін экспорттау кезінде зергерлер салық төлеуден толықтай босатылған. Бізде, өкінішке қарай, ол жоқ... Әйткенмен біз де қолөнерімізді экспортқа шығаруды ойлауымыз керек.

Тәуекел БАҚАШ

1170 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы