• Тарих
  • 11 Қараша, 2021

Археологиялық мұра: Ынтымақтастық резолюциясы қабылданды

Биыл Қазақстан археологтары үшін қара шаңырақ болып саналатын Ә.Марғұлан атындағы Археология институтында айрықша оқиға. Еліміздің Тәуелсіздігімен төл құрдас ғылым ордасына – 30 жыл. Мерейтой аясында «Марғұлан оқулары – 2021: Этномәдени зерттеулер контексіндегі Ұлы дала» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Археология саласындағы ғылы­ми қауымдастық арасында ақпа­ратпен алмасуды бір жолға қою, халықаралық ынтымақтастықты дамыту еліміздің қазіргі әлемдік ғылыми ортаға интеграциялануы саласында маңызды рөл атқаруда. Қазақстан археология ғылымының бүгінгі жағдайы, мемлекетіміз­дің археологиялық мұрасын зерттеу, сақтау мен қорғаудың өзекті мәселелері және отандық ғылыми кадрларды даярлау мәселесі сынды көптеген тақырыптар көте­рілді. Конференцияға Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария, Түркия, Румыния сияқты жақын және алыс шетелдерден, сондай-ақ Қазақстанның 15 қаласынан жүзден астам ғалым қатысты.

Жиынның ашылуында Ә.Марғұ­лан атындағы Археология инсти­тутының директоры Ақан Оңғар­ұлы Тәуелсіздіктің 30 жылында отан­дық археология саласында көп­теген жаңалықтар болғанын атап өтті. «Тас дәуірінен бастап кейінгі орта ғасырға дейінгі кезеңді қамтитын еліміздің барлық өңірлерінде бірегей археологиялық жаңалықтар көптеп саналады. Тәуелсіз Қазақстанның символы болып табылатын «Алтын адам», ЮНЕСКО Әлемдік мұра тізіміне Қазақстаннан екінші болып енгізілген жартас суреттерінің бірегей ескерткіші – Таңбалы және атақты Отырар жерінен бастап, Ұлы Жібек жолындағы ортағасырлық қалалар желісін және т.б. тарихтан сыр шертетін орындар табылып, құнды зерттеулер жүргізілді. Шығыс Қазақстан аумағындағы ерте темір дәуіріндегі Берел қорығы, Көне түркі мәдениеті дамуын айғақтайтын бірегей мәдени-мемориалдық кешендер (Меркі, Жайсаң) және басқа көптеген тарихи ескерткіштер әлемдік мәдениетте теңдессіз орын алары хақ. 1991 жылдан бас­тап Ә.Марғұлан атындағы Ар­хео­логия институты Қазақстанның қазіргі археология ғылымын дамытуда іргелі зерттеулер бағдарламасын әзірлеуге қатысып келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобасын орын­дауға тікелей атсалысуда. 2024 жылы ресми мерекелік іс-шаралар тіз­бесіне ғалым-архео­лог, академик Ә.Марғұланның 120 жылдық мерейтойын енгізу қолға алынды», – деп атап өтті ол.

Конференция барысында ғалым­дар археологиялық зерттеулерде кез­де­сетін кейбір мәселелерді көтерді. Радио­көміртекті зерттеулердің көме­гімен уақытты анықтайтын талдаулар мен трассологиялық сараптамаларды жүргізуде шетел ғалымдарының көмегіне жүгінеміз. Өзімізде мұндай мамандар жетерлік. Институт осындай мамандарды шетелге тәжірибе алмасуға жіберіп, дайындаса игі болар еді. Сондай-ақ, археологтар студент жастар, магистрант, докторанттарды аспан астындағы қазба жұмыстарын қалай жүргізу керектігін үйрететін практикалық сабақтарға мейлінше тартып, жас мамандарды тәрбиелеуіміз қажет деген пікірлерін білдірді. Яғни, білім беру мәселесінде сапалы археолог маманын даярлау үшін методологиялық әдістемелерді бір жүйеге келтіру қажеттігін айтты.

Археолог ғалымдар мен маман­дар конференция жұмысының қо­ры­тындылары бойынша өзде­рінің ортаға салған ойлары мен ұсыныс­тары негізінде бірауыздан өзара ынтымақтаса отырып резолюция қабылдады. Аталмыш құжат қазіргі Қазақстандағы археология ғылымын дамытуға және мәдени мұра ескерткіштері туралы ақпаратты таратуға қолдау көрсету және басқа да игі мақсат­тарға бағытталып отыр.

Әлем бойынша Ресей және Қазақ­стан бірлесе отырып, археологиялық жұмыстарды жүргізуде көш бастап келеді. Еуразия құрлығындағы негізгі екі мемлекеттің бірлескен экспедициялары Ұлы даланың тарихы жайлы тың зерттеулер ашып келеді. Атап айтсақ, Ақтөбе облысы Төлеубұлақ петроглифтеріне ресейлік археологтар А.П.Деревянко, профессор В.Т.Петрин, Ж.К.Таймағамбе­тов және басқа да ғалымдар бірлесе отырып зерттеу жүргізді.

«Өзімнің ғылыми қызығушы­лығым Орта Азия­ның қола дәуірі, радио­көміртекті анықтау, палео-генетикалық зерттеулер жүргізуге арналды, бұл мен үшін үлкен жетістік. Бұл жерде ежелгі қала орындары немесе ежелгі дәуір заманы болсын олардың арасында ешбір дала шекарасы жоқ. Дала өркениетінде мүлдем өзгеше дамыған әлем болды. Сол себепті де екі ел археологтары­ның ұстанымы, мүддесі де ортақ», – деді Ресей ғылым академиясы­ның материалдық мәдениет тарихы институты директорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы Андрей Поляков.

НҰРЛАН ҚҰМАР

558 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы