• Әлеумет
  • 18 Қараша, 2021

Үздік әлеуметтік қызметкерлер анықталды

Алматы шаһарында «Үздік әлеуметтік қызметкерлер» атты байқау өз мәресіне жетті. Байқауда Алматы қаласының әлеуметтік және медициналық әлеуметтік мекемелерінен, әкімдік жанындағы әлеуметтік бөлімшелерден 36 қызметкер бақ сынады.

Әлеуметтік сала қызмет­кер­лерінің мәртебесін көтеру және әлеуметтік сала жұмысына қоғам назарын аудару мақсатында қолға алынған байқаудың нәтижесі бойынша Медеу ауданы әлеуметтік әл-ауқат бөлімінің қызметкері Ақмарал Тілепова бас жүлдені иеленді. Бірінші орын «Демеу» әлеуметтік қызмет орталығының қызметкері Оспанәлі Несібеліге бұйырды. Екінші орын «Аяла» әлеуметтік қызмет орталығының өкілі Жанар Қабланованың қан­жығасына байлады. Жүлделі үшінші орынды «Сенім» әлеу­меттік қызмет орталығында сегіз жылдық тәжірибесі бар Әйгерім Салиева иеленді.

Байқауда ерекше көзге түсіп, белсенділік танытқаны үшін, «Пана» әлеуметтік қызмет орталы­ғының қызметкері Ырыскүл Мамекеева мен «Жан-Сая» әлеу­меттік қызмет орталығы­ның қызметкері Зульфия Омарова ынталандыру дипломымен марапатталды.

Қатысушылар портфолио, «Менің өмірлік миссиям» тақырыбында эссе мен «Жүректен жүрекке» тақырыбында бейнеролик өткізді. Осы алғышарттар бойынша талапты үздік орын­дағандары арнайы құрылған комиссия мүшелерімен таңдалып алынды.

Қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бастамасымен өткен байқау биыл да осылайша жалғасын тапты. Қаты­сушылардың барлығына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов алғыс хат пен сыйлық табыстап, қызметтеріне табыс тіледі. Басқарма басшысы Назира Тоғызбаева да өз тарапынан жылы лебізін білдіріп, жеңімпаздарды құттықтады.

Байқауға қатысқан әлеумет­тік қызметкерлерге Алматы қалалық мәслихатының депу­таты, кәсіпкер Нұрсұлтан Нұрлан­ұлы, «ADANAZ» өндірістік ком­паниясының құрылтайшы­сы әрі директоры, Наурызбай ауда­ны көпбалалы және жағдай төмен отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығының жетекшісі Сана Шайханқызы, Алматы қаласы бойынша «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Қоғамдық бірлестігінің филиалы» төрайымы Данагүл Айнақұлова да қолдау көрсетті.

Әлеуметтік саланың ыстық-суығына күйіп, бар ынта-жігерімен жұмыс істеп жүрген қызметкерлер үшін бұл үлкен серпіліс болды. Еңбек қалай болған­да да баға­ланатындықтан, қызмет­керлер тағы бір үлкен белеске ұмтыл­атыны анық.

Тағдыр жазуымен егде жаста жалғыз өмір сүруге мәжбүр қарттар мен дерттері жас талғамайтын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де ыңғайлы, біртұтас ағзадай жүйелі жағдай жасау – біздің қоғам алдында тұрған маңызды міндет. Осы міндетті қалтқысыз орындап жүрген ерекше мамандық иелері – әлеуметтік қызметкерлер. Олардың әрқайсысын – маман­дығын шексіз сүйетін, өзінің ауыр ісін адал атқаратын, ерекше мейірімді жан деп білеміз. Себебі, бұл сала – өмірін өзгеге арнай алатын кең жүректі адамдардың саласы. Алайда, олардың жұмысы­ның қоғам өміріндегі мәні мен маңызын көпшілік біле бермейді. Конкурстың идеясы – әлеуметтік салада тынымсыз қызмет етіп жүрген қызметкерлердің қиын­дығы мен өзіндік мәні терең жұ­мысы арқылы, риясыз көмекті, мейірімділік пен ізгілік сияқты адами қасиеттерді насихаттау.

НҰРЛАН ҚҰМАР

182 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы