• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 05 Мамыр, 2022

Ауыз сумен қамту, геологияны дамыту: Шешімдер нәтижелі болуы тиіс

Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – алдымызда тұрған ең маңызды міндеттердің бірі. 2025 жылдың соңына дейін халықтың 100 пайызы таза ауыз сумен қамтылуы тиіс. Қалалық және ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау мәселелерін талқылау барысында премьер-министр Әлихан Смайылов осыны нығыздады. Үкіметтің кезекті отырысында сондай-ақ геология саласын дамыту перспективалары қаралды.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев өткен жылдың қоры­тындысы бойынша елімізде сумен жабдықтау қызметтерінің қолжетімділігі 96%-ды, оның ішінде қалаларда 98,1%-ды және ауылдарда 93%-ды құрағанын хабарлады. Ауылдарда ауыз сумен қамтудың ең төменгі деңгейі Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады. Қалада сумен жабдықтау бойынша Жамбыл облысы артта қалып отыр. Сумен жабдықтау қызметтері Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстарының қала тұрғындарына 100% қолжетімді. Ал биыл нақтылауды ескере оты­рып, республикалық бюджеттен сумен қамтамасыз етуге 215 млрд теңге, оның ішінде қалаларда 120 млрд теңге және ауылдарда 95 млрд теңге қарастырылған. Бұл жыл қорытындысы бойынша қала халқының 98,5%, ал ауыл халқының 94,7%-ын сумен жабдықтау қыз­меттерімен қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді.

Әлихан Смайылов қазақ­стан­дықтарды сумен қамтамасыз ету ең өзекті міндеттердің бірі екенін және 2025 жылдың соңына дейін халықтың 100 пайызы таза ауыз сумен қамтылуы керек екенін атап өтті. Үкімет басшысы өңірлер әкімдерінің назарын ауыл ішінде жүргізіліп жатқан су құбыр­ла­ры мен елді мекенге дейін тар­тылатын топтық су құбырлары­­­ның жоспарын бір-біріне сәй­кес­тендіру керектігіне аударды. «Кейбір топтық су өткізгіштердің құрылысы жылдар бойы аяқталмай жатқаны жасырын емес. Дегенмен қазіргі кезеңде жағдай біршама жақсарып келеді. Құрылысы ұзаққа созылған 10 жобаның қазір 7-і пайдалануға берілді. Қалған 3 жоба биыл іске қосылады. Мұндай проблемалардың орын алуының басты себебі – негізінен жобалық құжаттамалардың сапасыз дайындалуы. Соның кесірінен жоба құны бірнеше есе қымбаттап кетеді де, тапсырыс берушілер мен мердігер компаниялар арасында келіспеушілік орын алады. Жаңа жобаларды іске асыру кезінде осы жайттардың барлығын ескеріп, тапсырма уақытында орындалуы қажет», – деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы жалпы, елімізде халықты сумен қамтамасыз ету жұмыстары жақсы қарқынмен жүріп жатқанын атап өтіп, бірқатар тиісті тапсырмалар берді. Өңірлердің әкімдіктеріне сумен жабдықтаудың кешенді жоспарларын тез арада қайта нақтылап, апатты жағдайдағы су құбырларын шұғыл түрде жөндеу қажеттігі айтылды. «Ауыз су мәселесі тұрғындар үшін өте өзекті. Сондықтан әрбір шешім уақытылы қабылданып, нәтижелі болуы керек», – деді ол.

Тұрғындарды сумен қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік саясатты іске асыру барысында Түркістан, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстарының әкімдіктері 2023 жылы іздестіру-барлау жұмыстары мен жобалық-сметалық құжат­тарды дайындауды аяқтауы қажет. Жаңадан салынатын және қол­даныстағы сумен жабдықтау инфрақұрылымдарының қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, ауылдарды сумен қам­тамасыз етумен айналысатын пай­даланушы мекемелерге бірыңғай талаптарды бекітуі қажет. Сол ар­қылы жергілікті жерлерде қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысы толығымен ретке келтіріледі.

Жиында талданған екінші тақырыпқа тоқталсақ, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстан пайдалы қазбалардың көптеген түрлерінің расталған қорлары бойынша әлем­нің жетекші он елінің қатарына кіретіні жөнінде дерек келтіреді. Бұл ретте пайдалы қазбаларды қарқынды өндіруге байланысты геология саласының алдында тұрған басты сын-тегеурін – қорлардың толықтырылу деңгейінің төмендігі. Осыған байланысты жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жандандыру талап етіледі. Бұл кейіннен жер қойнауын пайдалануға беру үшін перспективалы алаңдар мен объектілерді анықтау бойынша негізгі әдістердің бірі.

Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша елімізде геология ғылымын дамыту және өңдеу саласын шикізатпен қамта­масыз ету мақсатында Ұлттық геологиялық қызмет құрылды. «Қа­зақ­стандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы аясында «Геология саласын дамыту» бағыты көзделген. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, қазіргі уақытта алаңдар­ды геологиялық жете зерттеу, геоло­гиялық-минерагендік және терең геологиялық карталау жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес 2026 жылға қарай Қазақстан жерлерін зерттеу жұмыстары 680 мың шаршы шақырымға ұлғайып, жалпы көрсеткіш 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізілмек.

Үкімет басшысы Қазақстан көптеген пайдалы қазбалардың қоры бойынша әлемде жетекші орын алатынын, ал экономиканың өндіруші секторы ЖІӨ-нің шамамен 30%-ын қамтамасыз ететінін атап өтті. «Еліміздің минералдық-шикізаттық базасын іздеу және толықтыру жұмыстарын үнемі жүргізіп отыру қажет. Сол үшін де геология бұл мәселеде аса маңызды рөл атқарады. Геологияны дамыту үшін қатты пайдалы қазбаларды іздеуге жеңілдетілген лицензиялау енгізілді. Шағын геологиялық барлау компанияларына тиісті жағдай жасалды», – деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, ел аумағын кеңінен зерттеу мен әкімшілік кедергілерді жою өндіріс саласын қарқынды дамытуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы артады. Жалпы елі­мізде ғылыми-институционалдық база бар. Геология саласын дамыту үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Үкімет басшысы геология және жер қойнауын пайдалану саласын­дағы инвесторларға геологиялық мәліметтерді қолжетімді ету үшін ақпараттық жүйе құру қажеттігін атап өтті. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерімен бірлесіп, жыл соңына дейін «Kaznedra» платформасын әзірлеу және қолда­нысқа енгізу бойынша қажетті шараларды қабылдау тапсырыл­ды. Сонымен қатар барлау және өндіру құқығын алуға мүмкіндік беретін Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасын уақытылы жаңартып отыру қажет. Осыған сәйкес Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нис­трлігіне Энергетика, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде жер қойнауын пайдалануға болатын республиканың барлық аумағын бағдарламаға қосу тапсы­рылды. «Жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісім­шарт­тарды ұзартуға көп уақыт кетеді, ол рәсімді жеңілдету қажет», – деді Ә.Смайылов.

Сондай-ақ премьер-министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Энергетика, Экология, геология және табиғи ресурстар, Қаржы, Ұлттық эко­номика министрліктерімен бір­лесіп, екі апта ішінде әкімшілік кедергілерді азайту бойынша нақты шаралар әзірлеуді, сондай-ақ аталған мемлекеттік қызметті цифрландыруды тапсырды. Үкімет басшысы экологтардың, депутаттар мен қоғамдық ұйымдардың Ақтөбе облысындағы «Көкжиде» бірегей жерасты сулары кен орнының ластануы мәселесін үнемі көтеріп келетінін атап өтті. Осы орайда Энергетика министрлігіне аталған су кен орнының аумағында жер қойнауын пайдалануды шектеу мәселесін қарастыру, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне барлық жерасты сулары бойынша мониторинг жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

474 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы