• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 07 Шілде, 2022

Интеграция артықшылықтарын пайдалану қажет

Екатеринбург қаласында XII Иннопром-2022 халықаралық өнеркәсіптік көрмесі өз жұмысын бастады. Индустрияландыру саласындағы айтулы шараға әлемнің 30-ға жуық елінен қатысушылар жиналды. Еліміз бұл көрменің басты серіктесі болып бекітілген.

1600 шаршы метрді құрайтын қазақстандық экспозиция алаңына химия және фармацевтика өнеркәсібі, түсті және қара металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы және жеңіл өнеркәсіп салаларынан 200-ден астам компания орналасты.

Премьер-министр Әлихан Смайылов көрме павильондарының экспозициясымен танысты, сондай-ақ РФ үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен бірге көрменің ашылу салтанатына және «Өнеркәсіптік ауысу: көшбасшылардың тәжірибесі» пленарлық сессиясына қатысты. ҚР үкіметінің басшысы өз сөзінде Қазақстаннан келген делегаттар үшін осы алаңда кездесіп, өнеркәсіпті дамыту перспективаларын талқылау, сындарлы ұсыныстар мен пікір алмасу, көптеген мәселелер бойынша өзара қолайлы шешімдерге қол жеткізу игі дәстүрге айналғанын атап өтті.

«Елдеріміз арасындағы өнеркә­сіптік кооперация саласындағы ынтымақтастықтың жоғары қарқы­нын ерекше атап өткім келеді. Бұған Қазақстан-Ресей өндірістік кооперациясы саласындағы Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын іске асыру айтарлықтай серпін берді», – деді Әлихан Смайылов.

Осылайша, жеңіл автомобильдер, электровоздар мен тракторлар өндірісін қоса алғанда, $450 млн-ға жуық сомаға 13 ірі жоба бірлесіп іске асырылды. Жалпы құны $3 млрд болатын тағы 9 ірі бірлескен жоба іске асырылу сатысында.

«Бүгінде Қазақстан мен Ресей кәсіпорындары инновациялық өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға толық дайын. Сондықтан, өнеркәсіптің 7 саласындағы тағы 22 жоба бойынша ынтымақтастықты көздейтін бірлескен іс-қимылдың жаңа бағдарламасына қол қою маңызды», – деді Қазақстан премьер-министрі.

Ә.Смайылов Қазақстан мен Ресей ғылыми-техникалық, инновациялық және өндірістік салалардағы коопера­цияға бағытталған жаңартылған технологиялық базаны құру бойынша өзара іс-қимыл жасай бастағанын еске салды. Бұл үшін Қазақстанда өнеркәсіптің өсуін ынталандыру бойынша қажетті құқықтық және институционалдық негіз, оның ішінде шикізаттың жеткілікті көле­мімен қамтамасыз ету тетігі мен ұзақ мерзі­мді шарттардың құралы бар.

Бұдан басқа, Өнеркәсіпті дамыту қорының мақсаттары, міндеттері мен функциялары қайта қаралды: оның жұмысы жабдықтар мен техниканы сатып алуды лизингтік қаржыландыруға, сондай-ақ жеңіл­дікті мөлшерлемемен өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды кредиттеуге шоғырлан­дырылатын болады.

«Тұтастай алғанда, бұл шаралар жоғары технологиялық салалардың өсуіне және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ықпал етеді. Сондықтан тарихи қалыптасқан екіжақты байланыстар, қуатты ресурстық база және біздің эконо­микалық интеграциямыздың артық­шылықтары толық көлемде пайдаланылуы тиіс», – деп атап өтті Ә.Смайылов.

Сөз соңында ол өнеркәсіптік ынтымақтастықты ынталандыру Қазақстан мен Ресейдің игілігіне жұмыс істеп, өзара тиімді кооперация экономиканың одан әрі өсуіне тұрақты тірек болатынына сенім білдірді.

Бұдан бөлек, халықаралық өнер­кәсіптік көрме аясында ЕАЭО-ның Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің отырысы өтті. Жиынға индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев та қатысты.

Отырыс барысында өнеркәсіп салаларының негізгі мәселелері мен дамуы, ЕАЭО төңірегінде өнеркәсіптік кооперацияны ынталандыру тетіктері, өнеркәсіп салаларына мемлекет тарапынан қолдау көрсету мәселелері талқыға салынды.

«Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңес мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік беретін жақсы тәжірибе деп айтуға болады. Өз кезегінде Петербург халықаралық экономикалық форумының пленарлық отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық инте­грацияның жетістігі ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік кооперациясын дамыту жөніндегі жұмыстың тиімділігіне байланысты екенін айтқан болатын», – деді Қ.Өскенбаев.

Министр Қазақстан әрдайым Одақ шеңберінде өнеркәсіптік кооперация мен экономикалық интеграцияны дамытуға бағытталған шараларды қолдайтындығын атап өтті.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

989 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы