• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 11 Тамыз, 2022

Әрбір қадамды халық бағалайды

Сейсенбіде үкімет мүшелері «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыру барысын талқылады. Сонымен бірге жиында биылдың І жартыжылдығы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерінің қорытындылары қаралды.

АУЫЛ БАЛАЛАРЫНЫҢ МҮМКІНДІГІ АРТУЫ ТИІС

Ағарту министрі Асхат Айма­ғамбетовтің хабарлауынша, ұлттық жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде 2-6 жастағы балаларды қамту 88,4%-ды, 3-6 жаста – 99%-ды құрады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі енгізіледі. Оқытуды шығармашылық пен қозғалыс белсенділігі және ойын арқы­лы жүргізу үшін мемлекеттік стандартқа, типтік оқу жоспарларына және бағдарламаларға өзгерістер кірген. Ересек балаларды қосымша біліммен қамту 70,5%-ға дейін (2,4 млн-нан астам бала) ұлғайды, ал биылғы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 75%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар 175 мың мүмкіндігі шектеулі бала арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен және ерте жастан түзетумен қамтылды. Колледждерге оқуға түсу шартында да бірқатар жаңашылдықтар бар. Мысалы, олар экономика қажеттілігіне тиісті мамандар даярлауға негізделген. Мамандық таңдауда 9-сынып бітіріп, оқуға түсушілерге кәсіби диагностика енгізілді, соның нәтижесінде талапкерлер мамандық таңдау бойынша ұсыныстар алады.

Өз кезегінде ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ұлттық жобаны іске асыру аясында жоғары оқу орын­дарының инфрақұрылымын дамыту, халықаралық аккредиттеуден өткен заманауи білім беру бағдарламаларын енгізу, шетел­дік әріптестермен академиялық, басқа да бағыттар бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын хабарлады.

Баяндамаларды тыңдаған премьер-министр ұлттық жобаның басты міндеті – балабақшадан бастап, білім берудің барлық деңгейлерінде халықтың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету екенін атап өтті. «Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2021 жылдан бері 674 балабақша ашылды. 326 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ 1436 мектеп жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Осы жоба аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттары бойынша 840 мың орын беретін мектептер салу көзделген», – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы жастарды кәсіптік-техникалық біліммен қамту үшін бюджеттен мемлекеттік тапсырыс бойынша қосымша 45 мың орын бөлінгенін айтты. Еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлау үшін 500-ге жуық кәсіпорын колледждерді қамқорлыққа алды. Сонымен қатар жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 4 филиалы ашылды. Инновациялық бағыттар бойынша шетелден 400 оқытушы тартылды. Жалпы, білім беру сапасын жақсарту бойынша жүйелі шаралар іске асырылып келеді.

Премьер-министр «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын пысықтау бойынша барлық шараларды қабылдауды тапсырды. «Оқу-ағарту министрлігі Мәдениет және спорт министрлігімен, өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ауылдық жерлерде балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайтсын. Өңір әкімдіктері жастардың жұмыспен қамтылуын арттыру мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде колледждерге қабылдауды ұлғайтуды қамтамасыз етсін», – деді ол.

Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігіне Қаржы,Ұлттық экономика ми­нистр­ліктерімен бірлесіп, еліміз­дің өңірлік жетекші мем­лекеттік университеттерінің база­сында академиялық артық­шылық орта­лықтарын құру мәсе­ле­лерін пы­сықтау тапсырылды.

ЖҮЗБЕ-ЖҮЗ КЕЗДЕСУДІҢ ЖӨНІ БӨЛЕК

Президент мемлекеттік ор­ган­дардың азаматтармен диалогын күшейту үшін жыл сайын халықпен тұрақты кездесулер өткізуді тапсырды. Бұл Жаңа Қазақстанды құру жолындағы басты қадамдардың бірі. Күн тәртібіне шығарылған екінші мәселе бойынша ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров баяндап, орталық мем­лекеттік органдар басшы­лығының азаматтармен 45 кездесу өткізгенін хабарлады. Оның айтуынша, биылдан бастап орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының өңірлерге барып, халықпен жүзбе-жүз кездесу өткізудің жаңа тәртібі жүзеге асып жатыр. Министрлер Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарына жиі барды. Халықты неғұрлым көп толғандыратын мәселелер қалалар мен ауылдық елді мекендердегі ұялы байланыс пен интернеттің сапасы, өңірлерді электрлендіру және газдандыру, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, өнеркәсіп кәсіп­орындары қызметкерлерінің жалақысын көтеру, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері (сурдо реабилитологтардың тапшылығы, әлеуметтік қызмет­тер порталы арқылы мүгедектер сатып алатын техникалық құрылғы­лар мен оңалту құралдары­ның сапасының төмендігі), білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау, бала асырап алу, қашықтан оқыту форматы, оқу бағдарламаларын жаңарту, спорт секциялары мен шығарма үйірмелерін жан басына қаржыландыру жайымен байланысты болған. Ақпарат алаңына жасалған мониторинг кездесулердің республикалық және өңірлік БАҚ-та, телеарналар мен әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланғанын көрсетті.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәлім­деуінше, бірінші жартыжыл­дық­та барлық деңгейдегі әкімдер 594 мың адамның қатысуымен 8,5 мыңға жуық кездесу өткізді. Онда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру және экология, жолдарды реконструкциялау, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін салу және тағы басқа мәселелер көтерілді.

Премьер-министр мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлер мен әкімдер­дің халықпен кездесулері жаңа форматқа сәйкес «жүзбе-жүз, ашық тілдесу» түрінде өткізілетінін атап өтті. Сондай-ақ халықпен кездесулер алдында азаматтардың өтініштеріне алдын ала талдау жүргізілді, ол проблемаларды неғұрлым егжей-тегжейлі зерделеуге, әкімдік деңгейінде немесе ведомствоаралық өзара іс-қимыл арқасында оларды шешудің жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді. «Халықпен кездесуден соң барлық деңгейдегі әкімдер проблемалық мәселелерді жүйелейді, ал оларды қаржыландыру мүмкіндіктері мәслихат сессияларында қара­лады», – деді ол.

Үкімет басшысының айтуынша, кейбір өңірлерде кездесудің жаңа форматына бейімделмей, ескі сүрлеуден шыға алмай отырғандар да бар. Алайда, бұған қарамастан, мұндай шараларға еркін кіру принципі сақталуы керек. «Мемлекет басшысы ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет принципінің маңыздылығын атап көрсетті. Біз халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың сын-пікірлерін де тыңдай білуіміз керек. Адамдарды күнделікті болып жатқан қарапайым мәселелер алаңдатады. Тек осындай кезде­сулердің қорытындысы бойынша ғана халықтың тарапынан 30 мыңға жуық мәселе мен ұсыныс көтерілді. Бұлардың бірде-біреуі қараусыз қалмауы тиіс. Адамдар өздері көтерген мәселелердің нақты шешімін тауып жатқанын көруі керек», – деді премьер-министр.

Осыған байланысты орталық және жергілікті органдар ха­лықпен жоспарланған кездесу­лерді жалғастырып, қандай жұмыс атқарылды, басқа мәселелер қалай шешімін табады – соның бәрін нақты көрсету үшін әр кездесуді кеңінен жариялап отыруы керек. Министрлер мен әкімдерге халықпен кездесулердің нәтижелілігін арттыру тапсырылды. Мұнда проблемалық мәселелердің жедел шешілуіне басымдық беріп, нысаналы топтармен тұрақты кездесулер өткізіп отыру керек.

Сонымен қатар Ә.Смайылов республикалық және жергілікті бюджеттердің жобаларын қалып­тастыру немесе нақтылау кезінде халықтың кездесулер барысында көтерген мәселелерін ескеру қажет екеніне назар аударды. Үкімет басшысы министрлер мен әкімдердің халықпен кездесуін бағалау критерийлерін әзірлеуді тапсырды, олардың нәтижелері үкіметте үнемі қаралып отыратын болады.

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

483 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы