• Үкімет
  • 01 Қыркүйек, 2022

Әлеуметтік іс-шаралар толық орындалуы тиіс

Үкімет отырысында еліміздің 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру жөніндегі заң жобалары қаралды. Сонымен бірге отырыста қант өндірісін дамыту мәселесіне ден қойылды.

БЮДЖЕТ ЖОБАСЫ ТЕҢГЕРІМДІ

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров әлеуметтік-экономикалық даму болжамы 2021 жылы экономиканың өсуі бойынша қорытынды деректер, халықаралық қаржы ұйым­дарының әлемдік экономи­каның өсуі мен экспорттық тауарлар бағасы бойынша күтулері ескеріле отырып қалыптас­тырыл­ғанын баяндады. Бюджеттік жоспарлау үшін негіз ретінде пайдаланылатын базалық сценарийде мұнайдың орташа бағасын барреліне $85 деңгейінде және АҚШ долларының есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9%-ды құрайды, оның ішінде 2023 жылы – 4%. Бұл ретте экспорттың және экономиканың барлық негізгі салаларының өсуі күтілуде.

Өз кезегінде Ұлттық банк төр­ағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов жылдық инфля­цияның нысаналы дәлізі 2023 жылы 7,5-9,5% шегінде болжанып отырғанын хабарлады.

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет­тің жобасы туралы мәліметтерді ұсынды. 2023 жылы түсімдер 17,8 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт осы жылмен салыстырғанда 1,8 есеге азая отырып, 2,2 трлн теңге мөлшерінде тартылатын болады. 2023 жылы шығыстар кірістермен тапшылықты ескере отырып, 2022 жылдың жоспарынан 2,2 трлн теңгеге ұлғаяды және 21 трлн теңгені құрайды.

Баяндамашыларды тыңдаған премьер-министр үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық және уақытылы орындауға, сондай-ақ ағымдағы жағдайда экономиканы сапалы және орнықты дамытуды қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. «2023-2025 жылдары жалпы ішкі өнімнің өсімі 4-4,1% деңгейінде болады деп болжанып отыр. Инфляцияның орташа жылдық деңгейі 2025 жылға қарай 3-4%-ға төмендейді деп жоспарлануда. Республикалық бюджет кірістері 2023 жылы 3 трлн теңгеге ұлғаяды. Осылайша, республикалық бюджет кірістерінің жоғары деңгейде өсу қарқынын қамтамасыз етеміз», – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Ұлттық қор­дан республикалық бюджетке бөлінетін трансферттер едәуір төмендейтінін атап өтті. Олар 2023 жылы 1,4 трлн теңгеге, 2024 жылы тағы 800 млрд және 2025 жылы тағы 500 млрд теңгеге азаятын болады. «Бұл – өте маңызды аспект. Кепілдендірілген трансферт Ұлттық қорға мұнай секторынан түсетін түсімдердің көлемінен аспайтын болады. Ал бюджет шығыстарының өсуі инфляция межесін ескергенде, ұзақ мерзімді экономикалық өсудің орташа деңгейінен аспайды. Жалпы алғанда, бюджет жобасы теңге­рімді», – деді премьер-министр.

Ә.Смайыловтың айтуынша, бюджет әлеуметтік сипатқа ие. Әлеуметтік салаға 2023 жылы 8 трлн теңге көзделген. Экономиканың нақты секторында өңдеу өнеркәсібін дамыту, бизнесті қолдау, көлік инфрақұрылымын дамыту және газдандыру басым бағыттар болып табылады. «Біздің міндетіміз – бюджет қаражатын тиімді пайдалану», – деді премьер-министр.

Ұсынылған заң жобалары үшін дауыс беру процедурасынан кейін үкімет басшысы Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне премьер-министр кеңсесімен бірге заң жобалары мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Парламентке енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

ҚАНТ ӨНДІРІСІНЕ КЕШЕНДІ ЖОСПАР ЖАСАЛДЫ

Қант саласын дамыту тақы­рыбын талдау барысында айтыл­ғандай, 2026 жылға қарай Қазақ­станда қант импортының үлесін 17%-ға дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы минис­трінің міндетін атқарушы Әбілхайыр Тамабек мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылға дейінгі қант саласын дамытудың кешенді жоспары әзірленгенін мәлімдеді. Ол қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикі­зат базасын ұлғайтуды, жаңа суармалы жерлерді іске қосуды, суарудың су үнемдеу техно­логия­ларын енгізуді, тұқым шаруа­шылығын дамытуды, қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша зауыттардың қуаттылығын техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруды, сондай-ақ жаңа инновациялық зауыт салуды көздейді. Жоспарды іске асыру 2026 жылға қарай қант импортының үлесін 58-ден 17%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Аталған тақырып бойынша Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев пен Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндама жасады.

Талқылауды қорытындылай келе, Әлихан Смайылов азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен нарықты отандық өнімдер­мен толықтырудың Үкіметтің стратегиялық міндеті екенін айтып өтті. «Қалыптасқан жағдай кейбір тауарлық позициялар бойынша, әсіресе қант нарығында проблемалардың бар екенін көрсетті. Біз қант тапшылығы мен оның қымбаттауына қатысты халықтың наразылығын көріп отырмыз. Бұл жөнінде мемлекет басшысы тарапынан да әділ сын айтылды. Осыған байланысты аталған саланы дамыту бойынша кешенді жоспар әзірленді», – деді премьер-министр.

Әлихан Смайылов бірінші кезекте қант зауыттарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету міндеті тұрғанын айтты. Ол үшін егіс алқаптарын 11,5 мыңнан 38 мың гектарға дейін, яғни 3 есе арттыру жоспарланып отыр. Бұл алдағы бес жылда отандық шикізаттан қант өндіру көлемін жыл сайын 250 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Одан бөлек, премьер-ми­нистрдің айтуынша, қант зауыттарын барынша жаңғыртып, олардың өндірістік қуатын арттыру қажет. «Жалпы қантпен қамта­масыз ету жағдайы тұрақ­талды. Қанттың қажетті қоры бар. Дүрлігуге жол бермеу үшін қант бағасына қатысты түрлі манипуля­циялардың алдын алып, алыпсатарлық әрекеттер мен қажетсіз делдалдарды анықтау қажет», – деді Ә.Смайылов.

Сөз соңында премьер-министр Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, қант саласын дамыту бойынша кешенді жос­парды толық көлемде орындауды тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, қант зауыттарын жаңғырту және шикізат сатып алуға айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдікпен кредит беру мәселесін пысықтау тапсырылды. Одан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігіне Павлодар облысының әкімдігімен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, өңірде қант қызылшасы өндірісі­нің көлемін кеңейту шараларын қабылдап, Павлодар облысында жаңа қант зауытын салу мәселесін пысықтау тапсырылды. Сауда және интеграция министрлігіне ішкі нарықты демпингтен қорғау үшін қантқа ең төменгі бөлшек сауда бағасын белгілеу мәселесін пысықтау міндеттелді.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

345 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы