• Үкімет
  • 27 Қазан, 2022

ЕАЭО: Бірлескен күш-жігер сын-қатерден сақтайды

Ереванға жұмыс сапарымен барған премьер-министр Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты. Премьер-министрдің баспасөз қызметі осылай деп хабарлады.

Шараға Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь премьер-министрі Роман Головченко, Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы – президент әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров, Ре­сейдің үкімет басшысы Михаил Мишустин, сондай-ақ ЕАЭО бақылаушы мемлекеттерінің өкілдері – Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов және Куба Республикасының елшісі Хулио Антонио Гармендия Пенья қатысты.

Отырыста сөз алған Әлихан Смайылов ЕАЭО аясындағы белсенді жұмыс өзара сауда мен өнеркәсіп кооперациясын кеңейту, көлік логистикасын дамыту және халық пен бизнестің басқа да өзекті мәселелеріне қатысты міндеттерді дәйекті әрі жүйелі түрде шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Оның айтуынша, сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстанның ЕАЭО елдерімен өзара сауда-саттығы осы жылдың 8 айында $17 млрд-тан асты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға артық. Жалпы, бірлестік құрылған сәттен бастап Қазақстан Одақ елдеріне өңделген өнімнің экспортын 64%-ға ұлғайтты, оның ішінде номенклатурада дайын тауарлардың үлесі артып келеді.

Сонымен қатар премьер-министр ЕАЭО-ға мүше елдердің мемлекеттік сатып алуларында ұлттық режимдердің жұмыс істеуіне қатысты мәселені де шешу қажеттігіне назар аударды. «Техникалық және технология­лық талаптар, жергілікті жағдай, тіпті географиялық шектеулер – серіктес елдердің мемлекеттік сатып алуларына қатысу кезінде кәсіпорындардың алдынан шығатын кедергілердің толық тізімі бұлар ғана емес», – деді Әлихан Смайылов.

Ол 2020 жылы тауарлар өндірісіне қойылатын жалпы талаптардың бірыңғай ережелері қабылданғанын, бірақ 2 жылға жетер-жетпес уақыт ішінде олар бірнеше рет өзгертіліп, толық­тырылғанын айтты. Ә.Смайы­ловтың пікірінше, мұндай жағ­дай көбіне Ережелерді айналып өтетін қосымша талаптардың қойылатынына байланысты болып отыр. «Мемлекеттік сатып алуларда ұлттық режимнің жұмыс істеу қағидаттарын тұтастай түзету қажет деп ойлаймын», – деді ол.

Сонымен қатар премьер-министр ЕАЭО елдерін көлік құралы паспортының бірыңғай формаларын енгізу және электрондық паспорттар жүйесін ұйымдасты­ру жөніндегі жұмысты жеделдетуге, сондай-ақ Одақтың ортақ нарығының тиімділігіне тікелей әсер ететін техникалық регламенттерді өзектендіруге шақырды. «Техрегламенттердің бірыңғай базасын қалыптастыра отырып, біз қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін тауарлардың еркін айналымын мақсат тұт­тық. Алайда сертификаттар беру процесін реттеудегі олқылықтар жалған сертификаттар негізінде тауарларды әкелуге жол ашып отыр», – деді Ә. Смайылов.

Осыған байланысты үкімет басшысы Қазақстанның бастамасымен «сұр» сертификаттармен күресуге бағытталған іс-шаралар жоспары қабылданғанын атап өтті. «Әрбір тараптың бірлескен күш-жігері мен нақты іс-әрекеттері ғана бізге ағымдағы сын-қатерлерді еңсеруге және Еуразиялық эко­номикалық одақтың одан әрі дамуына қол жеткізуге мүмкіндік бере­тініне сенімдімін», – деп түйіндеді ол.

Ереванға жұмыс сапары аясында премьер-министр ЕАЭО елдері үкімет басшыларының Армения президенті Ваагн Хачатурянмен бірлескен кездесуіне де қатысты.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

327 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы