• Өндіріс
  • 15 Желтоқсан, 2022

Париж келісімін еліміздің ең ірі мұнай компаниясы қалай орындап жатыр?

Қазақстан елдегі парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша міндеттемелерді орындауды әлдеқашан бастап кетті. Яғни еліміз 2060 жылға дейін көмірсутегі ізінің нөлдік көрсеткішіне жетуі тиіс. Осы орайда Қазақстандағы ең ірі мұнай өндіруші Теңізшевройл компаниясы не істеп жатыр? Бұл сұраққа тілшіміз жауап іздеп көрді.

2016 жылдың тамызында Қа­зақстан Республикасы 185 ел қол қойған Париж келісімін рати­фикация­лады. Осы құжат аясында Қазақстан 1990 жылмен салыстырғанда 2030 жылға қарай өзінің парникті газдардың шығарындыларын 15 пайыздан 25%-ға дейін қысқартуға келісті – бұл Ұлттық белгілен­ген жарна деп аталады. Ал 2020 жылдың желтоқсанында президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай парникті газдар шы­ғарындыларын нөлдік деңгейге жетуді міндеттеді. Бұл міндет­темелердің барлығы климаттың өзгеруімен күресуде ел үшін және әлем үшін өте маңызды болып табылады.

Келесі жылы құрылғанына 30 жыл болатын Теңізшевройл компаниясы көміртегі шығарындыларын азайту саясаты Қазақстанның әлеумет­тік-экономикалық дамуымен және оның энергетикалық қауіпсіздігімен теңестірілуі керек деп санайды.

– Біздің энергетика саласын­дағы жұмысымыз болашақ энергия қажеттіліктерін қанағат­тандыру, экономикалық өсуді қолдау және қазақстандық прогреске мүмкіндік беру үшін маңызды. Сондықтан мұнай мен табиғи газ Қазақстан үшін энергетикалық кешеннің маңызды бөлігі болып қала береді. Көптеген басқа елдер сияқты біз де климаттың өзгеруінің тәуекелдерін шеше отырып, экономиканы өсіру және таза, сенімді және қолжетімді энергиямен қамтамасыз ету қажет­тілігін теңестіруге тырысамыз, – деді ТШО бас директордың орынбасары Көңілқош Сүйесінов.

ТШО үшін қоршаған ортаны қорғау көрсеткіштерін жақсарту маңызды белес болып табылады. 2000 жылдан бері компания ауаға шығарындылар қарқындылығын 65 пайызға қысқартты және 2021 жылдың соңында ТШО-ның жалпы алауда жағу көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 59 пайызға азайды. Дүниежүзілік банктің 2022 «Global Flaring and Venting» есебінде Теңізшевройл соңғы он жылда алауда жағу шығарындыларын 94 пайыздан астам қысқартқаны үшін Case Study есебінде аталып өтті. Қазақстанның экономикалық дамуы мен энергетикалық қауіп­сіздігін қолдау мақсатында осы уақыт аралығында мұнай өндіру бірнеше есеге артқанын ескерсек, бұл үлкен жетістік. Яғни ТШО мұнай өндіру көлемін ұлғайтып, қоршаған ортаны қорғауда үлкен жетістіктерге жетіп отыр.

Қазақстан Жасыл экономика бойынша іс-әрекеттер серіктестігіне қосылғанда, қоршаған ортаны қорғау бойынша алдына нақты мақсат қойды. 2030 жылға қарай өндірілетін энергияның 30% сарқылмайтын энергия көздерінен алынса, 2050 жылға қарай өндірілетін энергияның 50% осы салаға тиесілі болады. Қауіпсіздікті басты орынға қойып, өндірісті ұлғайту және жаңа технологияларды пайдалану – еліміздегі компаниялар үшін басты мақсат болып отыр.

Осы орайда ТШО серіктесте­рінің бірі «Шеврон» компаниясы өндірістегі метанды анықтау үшін спутниктік технологияны пайдаланады. Яғни қоршаған ортаны қорғауда жаңа бағдарламаны жүзеге асырды. ТШО бұл бағдар­ламаның бір бөлігі болып табы­ла­тындығын атап өту керек. Сондай-ақ қазір ТШО шикі мұнай резервуарларындағы «табиғи газ қабығын» азотпен алмастыру жобасын жүзеге асыруда. Бұл метан шығарындыларын 95 пайызға азайтуға арналған.

Өздеріңіз білетіндей ТШО келешек кеңею және ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасын жүзеге асырып жатыр. Аталған жоба іске қосылғаннан кейін ТШО өзінің өндірістік көрсеткіштерін жақсартып ғана қоймай, пар­никтік газ шығындыларын азайтуды жалғастырып, қоршаған ортаны қорғау үшін технологияларды қолданады.

– ТШО шығарындыларды азайтуды қарқынды түрде жалғас­тыра береді. ТШО өңдеу зауытынан шы­ғарылатын көміртегінің мөлшерін жылына шамамен 165 мың тоннаға азайтты. Егерде салыстырмалы түрде айтсақ, қысқартылған көлем АҚШ-тағы 32 мыңнан астам үйді бір жыл бойы қуаттандыруға жеткілікті екенін айтуға болады. Сондай-ақ Теңізшевройлдың екінші буын зауыты Теңіз өндірісін өңдеуге көмектесу үшін екі электрогенератор және бу генераторын пайдаланады. Бұрын қондырғылар суық ауа режимінде жұмыс істесе, кейін ТШО тобы бу генераторынан газ турбина режиміне ауыстыру арқылы зауыттың сенімдірек және үнемді жұмыс істей алатынын анықтады. Инженерлер суық ауа мен газ шығарушы турбиналық генераторлардағы жақсартулар­ды салыстыру арқылы көптеген тәуекелдерді бағалау және өз теориясын сынауға жылдар жұмса­ды. Процесс барысында олар газ шығарушы турбина режимінің сенімдірек болуына жол бермей­тін механикалық мәселелерді анықтап, түзетіп отырды. Нәти­жесінде Теңіз тобы 2021 жылдан бастап екі генератордың да жұмыс тәртібін газ шығарушы турбина режиміне көшірді, – дейді ТШО бас директордың орынбасары Көңілқош Сүйесінов.

Париж келісімі талаптары­ның орындалуы аясында жасыл желектің маңызы зор екенін айта кеткен жөн. «Теңізшевройл» ЖШС өзінің өндірістік қызме­тін Жылыой аумағында жүзеге асыратындық­тан,  бұл мекеннің ком­пания үшін маңыздылығы айтарлықтай әрі ерекше. Сол себепті компания ауданда ағаш отырғызуды қолға алды. Сондай-ақ Атырау облысы әкімдігімен келісілген меморандумға сай ТШО алты жыл ішінде 50 га аймаққа ағаш отырғызуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта 15 гектар жерге 9 000 түп көшет отырғызылды. Бұл бағдарлама әрі қарай жалғасын таба береді.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

12313 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы