• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 15 Желтоқсан, 2022

Күш-жігерді біріктірер кез келді

Алда жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдер күтіп тұр

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын және үкіметтің 12 желтоқсандағы кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар кезекті үкімет жиналысында қаралды.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығы­мен өткен үкімет отырысында қаржы, индустрия және инфра­құрылымдық даму, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі, экология, геология және табиғи ресурстар, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім, мәдениет және спорт, ақпарат және қоғамдық даму, әділет, төтенше жағдайлар, ішкі істер министрлері мен ұлттық экономика бірінші вице-министрі және т. б. баяндама жасады.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы нақты міндеттер қойды. Оларды іске асыру бойынша 8 тапсырма ұлттық экономика министрлігінің құзыретіне жатады. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын баяндаған ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов тарифтік саясатты реформалау үшін тарифті инвестицияға айырбастау бастамасы пысықталып жатқандығын хабарлады. Ол салаға жаңа инвестицияларды ынталандыру арқылы коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуды көздейді. Бұл тұста желілердің тозу көрсеткішін 2029 жылға қарай 20%-ға дейін төмендетуге қол жеткізу қажет. Жаңа тарифтік саясаттың тәсілдеріне көшу тиісті жол картасы шеңберінде іске асырылатын болады.

Биыл инфляцияның жоғары деңгейі халықтың табысына теріс әсерін тигізуде. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеге дейін артады. Осы және де басқа өзгерістерді ескере отырып, алдағы уақытта бағдарламаны өзектендіру үшін жаңа тәсілдер мемлекеттік органдармен пысықталуда.

Сондай-ақ инвестициялар туралы келісім жасасу процесін жеңілдету үшін кәсіпкерлік кодекс­ке түзетулер әзірленді.

«Ұлттық қор – балаларға» бас­тамасын 2024 жылдан бастап іске қосу тәсілдері әзірленуде. Яғни, 18 жасқа дейінгі барлық балаларға жеке жинақтаушы шоттар ашылады, оларға жыл сайын қаражат түсетін болады. Шот операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» анықталды. Жинақталған қаражат кәмелетке толған кезде ғана пайдалануға қолжетімді болады.

Ауылдық аумақтарды дамы­тудың 2023-2027 жылдарға ар­налған тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Оны 2023 жылғы наурыздың соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру және олар үшін жайлы өмір сүру ортасын құру. Бұл үшін институционалдық қамтамасыз етуді дамыту арқылы ауылдық саясат тәсілдерінің тиім­ділігі арттырылады. Қазіргі уақытта тұжырымдаманың жұмыс жобасы жергілікті атқарушы органдармен талқыланып жатыр.

Экономиканың неғұрлым басым салаларында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде несиелеу мерзімін ұзарту туралы мәселе пысықталуда. Аграрлық-өнеркәсіп кешені және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы 15 басым қызмет түрлері бойынша 7 жылға дейін кредит беру ұсынылды.

Мемлекет басшысының әкім­дік­тердің функционалдығын қамтамасыз ету және халық үшін неғұрлым маңызды мәселелер бойынша үйлестіруді күшейту бойынша тапсырмасын іске асыру мақсатында өңірлер әкімдері орынбасарларының санын қолданыстағы санына 1 бірлікке ұлғайту ұсынылады. Бұл ретте бастама жергілікті атқару­шы органдардың қызметін қаржылан­дыру үшін орнатылған лимиттер шеңберінде жүзеге асырылады.

Орталық және жергілікті органдардың дербестігін арттыруға баса назар аудара отырып, бюджеттеу тәсілдері қайта қаралуда. Жергілікті деңгейге орталықтан шығыс өкілеттіктерін бір мезгілде бере отырып, қосымша кіріс көздері беріледі. Бұл өңірлердің өзін-өзі қамтамасыз етуі мен дербестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы бағыттағы реформалар жалғасуда. Жаңа бюджет кодексі әзірленуде. Бұл жұмыс шеңберінде блоктық бюджеттің жекелеген элементтерін енгізу пы­сықталып жатыр. Құжат бюджет процесін түбегейлі жеңілдетуге және мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі орталықсыздандыруға бағдарланбақ.

Баяндамашыларды тыңдап болған үкімет басшысы биыл Қазақстанның күрделі геосаяси жағдайға байланысты бірқатар қиындыққа тап болғанын атап айтты. Бұл бағаның өсуіне, ин­фляцияға, экономикалық даму­дың бәсеңдеуіне әкеп соқты. «2023 жылы бізді жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдер күтіп тұр. Сондықтан біз президенттің сайлауалды бағдарламасы мен тапсырмаларын сапалы іске асыру үшін барынша күш салуымыз керек. Сондай-ақ біз форс-мажор жағдайларға барынша тез әрекет етуіміз қажет. Әр министр өз саласы бойынша тапсырмалар­дың 100%-ға орындалуына кепілдік беруі тиіс. Ал әрбір әкім жергілікті жерлерде әлеуметтік-экономикалық мәселелердің сапалы шешілуін қамтамасыз етуі керек», – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр цифр­лық жобалық офис аясында барлық бағдарламаның, жобалар мен мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуын тұрақты түрде бақылайтынын, мерзімінде орындалмаса немесе орындалу сапасы нашар болса, дереу кадрлық шешімдер қабылданатынын айтып өтті. Ә.Смайылов мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының іс-шараларын министрліктердің салалық тұжырымдамалары мен даму жоспарларына қосуды тапсырды.

Одан бөлек, үкімет басшысы мемлекеттік басқару деңгейлері арасында функцияларды қайта бөлу арқылы заңнамалық актілерді жүйелі тексеруді аяқтау, қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып, инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін жаңарту және бір ай мерзімде халықтың табысын арттыру бағдарламасын өзектендіру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар премьер-министр «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыру, тұтынушылық кредит беру көлемін қысқарту шараларын әзірлеу және ұлттық қордан трансферттерді біртіндеп төмендетуді қамтамасыз ету керектігін айтты.

Оған қоса бюджеттеу тәсілдерін одан әрі жетілдіру, орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларына көбірек дербестік беру, сондай-ақ экономиканы демополизациялау жө­ніндегі ведомствоаралық комис­­сияның жұмысын күшейту бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс.

Ә.Смайылов заң бұзушы­лықпен берілген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару жөнінде шаралар қабылдау, кәріз-тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту жөніндегі жобаларды іске асыруды жеделдету, респуб­ликадағы әрбір ЖЭО-ның жай-күйін кешенді қарау және Алматыда ЖЭО-2 және ЖЭО-3 үшін қажетті газ инфрақұрылымын жүр­гізу жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігіне назар аударды.

Сонымен қатар премьер-министр ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің ашық цифрлық картасын жасауды тапсырды. Оларды бөлу тетігі айқын болуы керек. Ал өңірлердің әкімдеріне оларды шешудің нақты алгоритмдерін әзірлей отырып, тұрғындар тарапынан туындайтын проблемалық мәселелерге уақытылы мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

155 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы