• Тарих
  • 22 Желтоқсан, 2022

Тарих қойнауынан сыр шерткен еңбек

Барыс жылының шымылдығы жабылар тұста әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Польша Республикасының Қазақстан мен Қырғызстандағы төтенше және өкілетті елшісі, профессор Селим Хазбиевичтің «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген «Польшалық-литвалық татарлар – Алтын орда мирасқорлары» атты кітабының тұсаукесері өтті. «Бес тілде жарық көрген кітаптың құрастырушысы әрі аудармашысы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, журналист, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Жетпісбай Бекболатұлы» делінген ҚазҰУ-дың баспасөз қызметінің хабарында.

Шараны ҚазҰУ-дың тарих факультетінің деканы Досбол Байғонақов ашып, кітаптың мән-маңызына тоқталды. Жиында сөз алған Алматы дипломатиялық клубының бірінші вице-прези­денті Бақытжан Бөлегенов «Ға­лымдар мен зерттеушілердің пікірінше, бұл кітап біздің ортақ тарихымызды баяндай отырып, бүгінгі жайымызды түсіндіреді және болашаққа үміт береді. Кітапқа алғысөзді ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев жазып отыр. Еңбектің оңтүстік астанамыздың мәдени өміріндегі маңызды оқиға болатынына сенімдімін», – деп пікір білдірді.

Сонымен қатар салтанатты шарада автор Селим Хазбиевич сөз алып, алдымен кітаптың басылып шығуына қолдау көрсеткен ҚазҰУ басшылығына алғыс білдірді. Профессор кітаптың өзі үшін ерекше құнды екенін айтып, өзінің шығу тегі, отбасы, тарихи отанының өткені жайлы сыр шертті. «Литва мен Польша татарлары 18 ғасырдың басында өздері сөйлеген тілді бүгінде ұмытты. Онға жуық татар сөзін білетін үлкен әжем әлі есімде. Ол сөздер маған қызықты еді, себебі бұл – біздің ата-бабаларымыз Алтын Ордадан алып шыққан әдеби тіл. Содан кейін татар тілі 20 ғасырдың басында поляк және Литва татарларының діни жазбаларында болған», – деді автор //www.kaznu.kz/kz/3/news/.

 Профессор Селим Хазбиевич – поляк татары, Алтын Орда билеушісі Тоқтамыс ханның ұрпағы. Өз кітабында ол Алтын Орда көшпенділерінің ізбасары болып табылатын поляк-литван татарларының тарихын баяндайды, олардың қатарында қазақтар, татарлар, ноғайлар, қарақалпақтар бар. Алты ғасыр бұрын Алтын Ордадан бөлінген көшпелі халықтың бір бөлігі Польша тарихында «татарлар» атауын алды. Кейінірек олар Шығыс Еуропаға қоныстанды, қазіргі уақытта Польшада 2,5 мыңға жуық татар тұрады. Бүгінде көшпенділердің бұл ұрпақтары өздерінің тегі түркі екенін ұмытпауға тырысады. Белгілі ғалым Селим Хазбиевич бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен тығыз шығармашылық байланыста. Оның ғылыми мақалала­ры «ҚазҰУ хабаршысы» мен университеттің «Айқап» журналында, сонымен қатар «Мысль» мен «Простор» журналдарында жарияланды. Ол университет қабырғасында өткізілетін маңызды ғылыми кездесулер мен жиындарға белсене қатысып келеді.

Тұсаукесерді университеттің журналистика, тарих және ха­лықаралық қатынастар факуль­теті Польшаның Алматыдағы бас консулдығы, Қазақстан Рес­публикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қа­ласындағы өкілдігімен бір­лесе ұйымдастырды. Сондай-ақ оған Қазақстан дипломатиялық қызметінің ардагерлері, Алматы дипломатия клубының мүшелері, Алматы қаласында аккредиттелген дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың, қоғам, ғылым және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері атсалысты //www.kaznu.kz/.

Тілге тиек етіліп отырған кітаптың авторы, дипломат, журналист және редактор, Вармия және Мазур университетінің профессоры Селим Хазбиевич 1955 жылы Гданьск қаласында туған. Гданьск университетін бітірген ол Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университеттің әлеуметтік ғылымдар факуль­тетінде докторлық дәреже алды. Ольштындағы Вармия және Мазур университетінің Саясаттану институтында профессор болып жұмыс істеді, сонымен қатар Эльблонг қаласындағы Гуманитарлық және экономикалық университетте сабақ берді. 2004-2009 жылдары Ольштындағы Вармия және Мазур университетінің әлеуметтік ғылымдар факультеті деканының орынбасары болды. 2009-2018 жылдары Польша Ғылым академиясының Шығыстану комитетінің мүшесі болды. Польша Жазушылар қа­уымдастығының мүшесі. 1974-1978 жылдары «Қауымдастық» әдеби тобының мүшесі болды.

Ақын Хазбиевич 2005 жылы шыққан «София гимні» сияқты өлеңдер жинақтарының авторы. Оның өлеңдері поляк татарларының «Бұл – менің мұрам» антологиясына енгізілген. Сонымен қатар ол поляк, литван және қырым татарларының мәдениеті мен тарихына қатысты көптеген еңбектерді, оның ішінде «Қырым татарлары. Ұлт пен азат Отан үшін күрес» жинағын бас­падан шығарды. 1986-1991 жылдары поляк мұсылмандары үшін тоқсан сайын шығатын «Мұсылман өмірі» журналын басқарды. 1994 жылы «Поляк татарлары жылнамасының» бас редакторы, 2009 жылы «Татар шолуы» тоқсан сайынғы журналының редакциялық алқасының төрағасы, 2010 жылы поляк мұсылман қа­уым­дастығының «Речь Посполита мұсылмандары» журналының редакциялық кеңесінің төрағасы болды. Сіңірген еңбегі үшін Польшаның «Қола крест» орде­німен марапатталды.

Қоғам қайраткері 1999-2007 жылдары Польша Республикасы Татарлар одағы орталық кеңесінің тең құрылтайшысы және президенті, 2003 жылға дейін Гданьскідегі мұсылман қауымының имамы болды. 1998-2008 жылдары – католиктер мен мұсылмандар Біріккен кеңесінің тең төрағасы, 2005-2015 жылдары – Қырым татарлары межлисінің Польшадағы өкілі. 2017 жылдың мамырында С.Хазбиевич Поль­шаның Қазақстандағы және Қырғызстандағы төтенше және өкілетті елшісі болып та­ғайындалды. Алматыға келген сапары барысында польшалық дипломат Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор Зиябек Ермұханұлы Кабульдиновпен және бір топ тарихшы ғалымдармен жүздесіп, сұхбат құрды.

НҰРЛАН ҚҰМАР

 

835 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы