• Агроинновация
  • 26 Қаңтар, 2023

Ақ бидай өсіруді жылы жауып қоямыз ба?

Астанада өткен «Тұқым күні» атты екінші конференцияда  еліміздегі тұқым импортының 2017 жылдан бері қарай 10 есе өскені айтылды. Отандық тауар өндірушілер шетелден  тұқым сатып алуға жылына 50-80 миллион доллар жұмсайды. Тұқым сұрыптарының 80 пайызы сырттан әкелінеді.

Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінде өткен ауыл шаруа­шылығы мәселелерін қаузаған кеңестің бірінде 30 жыл ішінде өңірдегі жыртуға жарамды жердің 420 мың гектарға азайғаны тура­лы айтылды. Нақты айтсақ, 1992 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бой­ынша жыртуға жарамды жер көлемі 2 миллион гектар болған. Бүгінде ол көрсеткіш – 1 580 000 гектар шамасында. Соның 30%-ына ғана егін егіледі. Соңғы жыл­дардағы жиілеген қуаңшы­лық  ауа-райы күрт құбылмалы біздің аймақта егін егу тәуекелді қажет ететінін айқын көрсетті. Содан көптеген шаруашылық мал өсіруге бет бұра бастады. Алайда мал азықтық дақылдар өсірілмейтін болса, оны да ұшпаққа шығарамыз деу бекер.      Жалпы соңғы 5 жылда егіс алқаптары ұлғайды ма, кеміді ме? Білікті мамандардың уақыт өте ақ бидайды өсіруді жылы жауып қоятын шығармыз деп дабыл қағуы қаншалықты орынды? Міне, осы мәселелерді таразылап көрелік.

Кеңес одағы тұсында Ақ Жайық өңіріндегі егістік көлемі шама­мен 1-1,5 млн гектар  шама­сын­да болды. Сол егістік жерлер қоғамдық формациядағы өзге­ріс­­терге байланысты күрт азайып, 300-400 мың гектарға дейін азайды. Соңғы бес жылда шаруа­шы­лық құрылымдары егістік алқабын ұлғайтуға талпынуда. Мысалға  алатын болсақ, ауыл шаруашы­лығының дақылдары 2018 жылы  – 517,1 мың, 2019 жылы –  522,6 мың, 2020 жылы – 550,6 мың, 2021 жылы –  567,2 мың, 2022 жылы 586,2 мың гектарға себілді. Яғни бес жыл ішінде егістік алқаптарының көлемі 70 мың гектарға ұлғайған. Кеңестік дәуірдегі егістік көлемінің үштен біріне енді жеткендей болдық.

Қоғам қайраткері Ғазез Хаймулдиннің айтуынша, егін егетін солтүстік аудандармен қатар жері жартылай шөлейт бұрынғы Тайпақ ауданы да егіншілікті кәсіп еткен. «Өлеңті» совхозында 20 мың гектарға бидай, арпа, қара бидай, «Есенсай» шаруашылығында 8 мың гектарға бидай, қара бидай, арпа, тары, жүгері өсірілді. «Орал» қаракөл қой совхозында  2 мың гектарға қара бидай салатын. 1968 жылы өлеңтіліктер бидайдың әр гектарынан 15 центнерден, есенсайлықтар 14 центнерден өнім алды. Сол жылы бидай тапсырудан үш жылдық жоспарды орындадық. «Есенсайға»   директор болып барған кезімде егістік алқабы 3 мың га шамасында еді, соны кеңейттім. Мал азықтық дақылдардан еркекшөп  өсіруді қолға алдық. Мұндай дақылдар «Краснояр», «Котельников» шаруашылықтарының №49, 46, Бесағаш деген лимандарында жайқалып тұратын.

 

 

Жоңышқаның әр гектрынан 100 центнерден алғанымыз есімде. Оралдағы ауыл шаруашылығы институтының ғылыми-зерттеу стансасы жұмыс істеді. Оған ғалым Владимир Хон басшылық жасады. Сол жерде бал арасы өсіріліп, бөшке-бөшке бал алынатын», – деп еске алады Ғазез аға.

 

АҚ БИДАЙДЫҢ ОРНЫН МАҚСАРЫ БАСТЫ

 

Жергілікті ғалымдардың сөзінше, әуелден астықты өлке саналатын Қазақстан бұдан 25-30 жыл бұрын біздің өңірді шаруашылық тұрғысынан үш аймаққа бөлетін. Біріншісі – егін өсіретін солтүстік беткей, екіншісі – егін және мал шаруашылығы қатар дамыған өлке, үшіншісі – таза мал шаруашылығымен айналысатын (Бөкей ордасы, Жаңақала және т.б.) аймақ. Алайда соңғы кездері түрлі факторға байланысты шаруашылық бөлініске бөлу ұстанымы өзгерді. Өйткені шаруашылықтардың барлығы жекенің қолында, әркім алдымен өз пайдасын ойлайтыны бесенеден белгілі. Оның үстіне нарықтық қатынастар заманында өндірген өнімді өткізудің машақаты бар. Он жыл бұрын облыс аумағында өсімдік шаруашылығын әртараптандыру нәтижесінде жаңа дақылдарды егу қолға алынды. Өңірде мал шаруашылығына басымдық беріле бастады. Астық дақылдары егістігінің азаюына оның да ықпалы тиді. Одан басқа климаттың өзгеруі де өз салқынын тигізді. «Қырық жыл бұрын бесжылдық жоспарлар жасалатын. Сонда жоспарланған бес жылдың, кем дегенде, үш жылында егін шығымды, бір-екі жылы қуаңшылық болатын. Кейінгі кезеңде қуаңшылық жиілеп кетті. Осы жағдай да егін шаруашылығына өз салқынын тигізді. Мысалы, жаздық бидай 2018 жылы – 138 мың, 2019 жылы – 124 мың, 2020 жылы – 99 мың, 2021 жылы – 84 мың, 2022 жылы 86,6 мың гектарға егілді. Яғни бес жылдың ішінде бидайдың егістігі 1,5 есеге азайып кетті. Климаты күрт құбылмалы өңірімізде күздік бидай жақсы өседі. Оның да егіс көлемі соңғы бес жылда 60 мыңнан 45 мың гектарға кеміді. Арпа егістігі де 10 мың гектарға аз егілуде. Күздік қара бидай көлемі кемуде. Оның есесіне шаруалар сыртқы, ішкі нарықта сұранысы бар, өткізу бағасы жоғарылау майлы дақылдарды өсіруге ден қойды. 2021 жылы әлемдік нарықта мақсарыға сұраныс күшті болып, бағасы шарықтады. Нақты мысал келтірсек, мақсары 2018 жылы –  15 мың, 2019 жылы – 29 мың, 2020 жылы – 67 мың, 2021 жылы – 69 мың, 2022 жылы 123 мың гектарға егілді. Сонда мақсары егістігінің көлемі бес жылда 8 есенің үстінде, былтыр 2021 жылғы егістік алқабының көлеміне қарағанда 2 еседей өсті. Өткен жылы мақсары өсіріп, оны өткізіп пайдаға кенелгендерге қызыққандар жапа-тармағай сол дақылды егуге ұмтылды. Содан да ақ бидай өсіруге ынта-ықылас азайды», – деді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Мәди Ғабдолов.

Диқандардың қуаңшылыққа төзімді әрі арамшөптей тез өсетін мақсарыны өсіруге ұмтылатын жөні бар. Оны тікенегіне бола мал жемейді. Ал бидайды бағымсыз жүрген малдан күні-түні қорғауыңыз керек. Оның үстіне биыл өңдеуші кәсіпорынға тапсырылатын майлы дақылдардың әр тоннасына 10 000 теңге көлемінде субсидия беру қарастырылды. Бірақ мамандар дәстүрлі арпа, бидай дақылдарына қарағанда мақсарының агротехникалық шаралары мен техникасы өзгешелеу деседі. Оны егудің алдында техникалық дайындық керек. Мамандарды да бағыттаған жөн. Алайда кей тауар өндірушілер мәселенің бұл жағын ескере бермейді. «Егін ексең, ұрығыңды сайла»  дегенді ескере бермейтіндер, қолға іліккенді себе салады. Содан болашақ өнімнің сапасы кемиді. Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы мақсарының бірнеше сұрпын өсіреді. Алайда кейбір ұсақ шаруашылықтың сапалы тұқым сатып алуға қаржысы жоқ. Мақсарыны жинап алған соң, тазалау жұмысы жүргізілмейді. Содан да шығар, биыл тауар өндірушілердің майлы дақылдарды өткізе алмай әлекке түскені. Жеке элеваторлар Ресейдің бітік шыққан астығын сақтауға ұмтылды. Нарық заманында жекенің алдымен пайда ойлары сөзсіз. «Өткен жылы нарықта мақсары тұқымын сатып алу бағасы тоннасына 170-190 мың теңге, ал былтыр  егін орағы кезінде небәрі 90 мың теңге болды. Күзде жауын-шашын жиіледі. Бұл майлы және кеш пісетін көкөніс дақылдарын жинауға кедергі болды», – деп түсіндірді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары.

 

ӨНІМНІҢ МОЛДЫҒЫ – ТҰҚЫМЫНАН

 

Бүгінде тұқым сұрыптарының 80%-ы сырттан әкелінеді. Біздің өңірде де сондай жағдай қалыптасқан. Егін өсіретін шаруашылықтар тұқымды іргедегі Ресейден сатып алады. Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы өңірді тұқыммен толықтай қамтамасыз ете алмайды. Өйткені тәжірибе стансасы кезінде қаржыландырылмады, ғылымға көңіл бөлінбеді. Осының өзі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына көлеңке түсіріп, ауыл шаруашылығын тәуелсіздігінен айыру қаупін туғызады. «Уақыт өте келе жаздық бидай егуді қоятын шығармыз деген қауіпті жоққа шығармаймын. Өйткені қуаңшылық жиіледі, сапалы тұқым жетіспейді. Тұқымның сапасын сараптау жұмыс­тары жүргізілмеді. Енді соған мән беріп отырмыз. Кезінде тұқым сынау зертханасы, мемлекеттік тұқым инспекциясы деген мекемелер болды. Бүгінде соның ізінде Ақтөбенің филиалы ретінде шағын зертхана қалды. Онда да маман жетіспейді. Білімді, магистратура бітірген шәкіртім сонда қызметке тұрды. Жалақысы – 85 мың теңге. Ондай айлығы шайлығына жетпейтін жерге кім барады? Ал тұқым сапасы мол өнімнің кепілі емес пе?» – дейді Мәди Ғабдолов.

Астық өндіруден әлемдегі көшбасшы елдердің бірі – Канадада бірінші репродукциядан кейін ол тұқымды сеппейді. Тұқымды шығарғаннан кейін жаңғыртып отырады. Өйткені 1-3 жыл сепкеннен кейін сұрыптық сапасы төмендеп, әншейін дән болып қалады. Алдымен супер-супер элита, одан кейінгі тұқым – супер элита, одан кейінгісі – элита, сол себілген элита тұқымнан алынған өнім – бірінші репродукция, одан әрі екінші, үшінші, содан соң жаппай репродукцияға ұласады. Үшінші репродукция шекті репродукция болып есептеледі. Тәжірибе стансасы элитаны, тұқым шаруашылықтары (5-6 қалған шығар) бірінші репродукцияны алып, оны егін шаруашылықтарына таратады. Шекті репродукциялы тұқымнан кейінгі тұқым көктейді, бірақ әлжуаз, қуаты жоғалған ұрыққа айналады. Ал, бізде... қолға түскен тұқымды егу әдетке айналған. Құр­ғақшылық жылдарында мол өнім алуға жағдай туғызатын тамшылата суару әдістері қолданылмайды. Кеңес одағы шекпенінен шыққан мемлекеттердің ішінде Қазақстанның ең аз өнім алатыны жасырын емес. Мысалға, былтыр бізде әр гектарынан – 10,3, Украинада – 46,5, Белоруссияда – 30,7, Ресейде – 27,2 центнерден өнім алынды. Экономикасы дамыған елдерде гектарынан 120 центнерден жоғары боп кете береді.

Сала мамандарының әңгімесіне құлақ түрсек, климаттағы өзгерістерге байланысты бізде күздік бидайды өсірген тиімді. Өзге астық дақылдарын өсіретін солтүстік өңірлерге қарағанда Ақ Жайық өңірінің қысы жұмсақтау. Кей жылдары қар аз түссе де, себілген күздік бидайдың үсіп кету қаупі төмен. Күздік бидай күзгі ылғалды пайдаланып өсіп-өніп алады әрі ертерек піседі. Жаздық бидайдың бір сабағына бір масақ шықса, күздік бидайға 2-3 сабақ бітеді. Қазіргі кезде оның өңірге қолайлы сұрпы жоқ, шаруалар тұқымды Ресейден әкеп егеді. Бірақ күні ертең ресейліктер роялти, лицензиялық өтемақы талап етіп, өсірген өнімнің бір бөлігін қайтаруды талап етер болса, шаруалардың еңбегі еш, тұзы сор болуы ықтимал. Сондықтан мемлекет тарапынан тұқым мәселесін майшаммен қарап, нақты іс-шаралар қабылдануы қажет.

 

АУЫСПАЛЫ ЕГІС ЖҮЙЕСІ НЕГЕ САҚТАЛМАЙДЫ?

 

Облыстағы егін шарауашылығы саласының мамандары ауыспалы егіс жүйесінсіз егіннен мол өнім алудың қиын екенін айтады. Ондай жүйені сақтау шаруашылық құрылымын­дағы егіншілік мәдениетіне, оның қаржылық, материалдық жарақ­тануына, иелігіндегі жер көлеміне байланысты екен. Саладағы ғалым­дар­дың пайымдауынша, біздің өңір жағдайында ауыспалы егіс жүйесінде сүрі танаптарының болуы қажет. Сондықтан неғұрлым тиімді, 25%-дан аз емес сүрі танабы бар, қысқа айналымды 3-4 танапты дәнді-парлы ауыспалы егіс жүйесі қолданылғаны дұрыс. Ауа-райы жағдайына тәуелділікті төмендету үшін дәнді дақылдар құрылымында күздік дәнді дақылдардың үлесі 25-30% шамасында көзделеді. «Қазіргі кезде Бәйтерек, Теректі аудандарындағы  ірі шаруашылықтар ауыспалы егіссіз істің өрге тартпайтынын түсінді. Кейбіреулер оған қосымша шығын деп қарайды. Ауыспалы егісті енгізу жерге ылғал жинау, топырақтың құнарлылығын арттыру, арамшөп­тен арылу мақсаттарын көздейді. Мысалға, ауыспалы егістік талабы бойынша күнбағыс бір жерге сегіз жыл өтпей қайта егілмеуі керек. Өйткені оның тамыры өте тереңге кетеді, жер қыртысындағы ылғалды сорғы құсап сорып алады. Жерді ластайды. Онымен басқа дақылдардай гербицид шашып күресе алмайсыз», – деді Мәди Ғабдолов. 

Одан басқа шаруашылықтарда ауыспалы егісті қолданысқа енгізетін агроном мамандар тапшы. Бөлінген гранттарды иеленген түлектер Алматы, Астанада оқығанды қалайды. Грантты ұлдардан гөрі қыздар көбірек жеңіп алады. Алайда егістік басында  еңбек ету ер балаларға қолайлы. Бүгінде ірі шаруашылықтарда қызмет ететін агрономдардың алды 60-70 жасқа, соңы 40-тан асып 50-ге кеп қалды. «Сондықтан агроном мамандығына оқытуға көңіл бөлініп, жергілікті ЖОО-ларда мамандар даярлауға жоспарлы орын берілсе жақсы болар еді», – дейді қырық жыл ЖОО-да ұс­таз­дық еткен М.Ғабдолов.

Жер қойнауының байлығын барынша пайдаланып отырған күнде де, аграрлық бағыт негізгі бағыт болып қала береді. Онсыз ілгері басу қиын. Біздің өңірдегі диқандар бидайық өсіруді жылы жауып қоймағандары дұрыс. Өйткені азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі өз алдына, біздің жерімізде өсірілген бидайдан алынған астықтың құнары күшті, қамырлылығы жоғары, ақуызы мол. Мұның тамақ өнеркәсібі саласында жоғары бағаланатыны мәлім. Гектарына 90 центнерге дейін өнім жиналатын Белоруссияның астығының ақуызы әрі кеткенде 9-12%-ға жетеді. Ал біздің бидайда ол көрсеткіш 16%, кейде 20 %-ға жетеді. Өйткені жаздың күндерінде күннен төгілген мол шуақ энергия болып дәнге жиналады. Халықаралық нарықта қамырлылығы жоғары, қатты бидайдан өндірілетін өнімдер өтімді. Құнарлы қатты бидай біздің өңірде өседі. Біз ақ бидайды тырнақтап жинасақ та, оны өсіргеннен ұтыл­майтынымыз анық.

Самиғолла ШҮКІРОВ,

Тасқала ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылғы бөлімінің басшысы:

 – Мемлекеттік қызметке келгенге дейін 18 жыл бойы совхозда агроном, бас агроном, тұқым өсіруші қызметтерін атқардым. Сол кездері әр шаруашылықта тұқым қоймасы болды. Тұқым қоры жаңартылып отыратын. Қазір әркім өз бетінше тұқым іздеп табады. Ресейден  тасымалданған тұқым аудандастырылмаған, біздің жер жағдайына келіңкіремейді. Сондықтан қалай болғанда да, тұқым шаруашылығын дамытуымыз керек. Меніңше, субсидия беруге жаңа көзқарас керек.  Егін егуде барлық технологияны сақтап, астық өсіріп отырған шаруашылыққа демеуқаржы беруге болады. Бұрын технологиялық картаны басшылыққа алатын. Қазір әркім өз қалауынша не еккісі келсе, соны егеді. Қазір аудандық бөлімде істейтін агроном алдағы жылы зейнеткерлікке шығады. Орнына қызметке келетін маман жоқ. Мәселенің осы жағына да мән-маңыз берген жөн.

 

Денис ОМАШЕВ,

облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

  – Былтыр бидай алқабы 131,6 мың гектарды құрады, бұл өткен жылғы көлемнен 24,8%-ға кем. Оның себептеріне келсек, өткен жылдың күзіндегі   құрғақшылық салдарынан күздік бидай аз егілді. Ауыл шаруашылығы дақылдарын егу өткен кезеңде қалыптасқан нарықтағы сұраныс пен баға ұсынысына, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаржылық, материалдық жағдайына қарай қайта бағдарланады. Өңірде өсімдік шаруашылығымен   Бәйтерек, Теректі, Тасқала, Бөрлі, Сырым, Шыңғырлау және Орал қаласының шаруашылық құрылымдары айналысады. Жалпы биыл бидай егістігінің көлемі 164 мың гектарды құрап, өткен жылғыдан 32,4 мың гектарға артады деп жоспарлануда.

 

Мирболат ТАСМАҒАМБЕТОВ,

Шыңғырлау ауданындағы «Жарас» компаниялар тобының жетекшісі:

– Жиырма жылдан бері егін өсіріп келемін. Қайсыбір жылдары ақ бидайды 2-3 мың гектарға егетінбіз. Жылма-жыл ол көлемді азайтып, қазір 330 гектарға түстік. Ақ бидайдың орнына күздік және қара бидай, майлы дақылдар өсіруге ден қоюдамыз. Соңғы жылдары қуаңшылықтан көз ашпадық. Компаниялар тобында үш шаруашылық бар. Барлық агротехникалық шараны сақтауға тырысамыз. Ауыспалы егіс жүйесінің арқасында алқаптарымыз тазарып, жердің құнарлылығы артты. Қазіргі кезде қолымыздағы 8 мың га егістіктің  1,5 мыңына көпжылдық шөп өсіріледі. Былтыр егін бітік шықты. Ақ бидайдың әр гектарынан 25, күздік бидайдан 40, қара бидайдан 38, арпадан 25 центнерден өнім алдық.  Әрине, шаруашылықтарға ауыспалы егіс жүйесін енгізген тиімді. Жазда жерді 6-7 мәрте өңдеу керек. Бірақ бар мәселе материалдық базаға, қаржыға тірелетіні сөзсіз.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

Батыс Қазақстан облысы

 

24757 рет

көрсетілді

43

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы