• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 26 Қаңтар, 2023

Нақты шаралар әлеуетті нығайтады

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Абай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуының төртжылдық кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Үкіметте аталған құжаттың мән-жайы талқыланып, міндеттер нақтыланды. Министрлер кабинетінің кезекті отырысында қаралған екінші мәселе – алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары.

АБАЙ ЕЛІНІҢ ҚҰТТЫ ҚАДАМЫ

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров кешенді жоспар өнеркәсіпті, пайдалы қазбалар­ды анықтау үшін геологиялық із­деністерді, ауыл шаруашылығын, туризмді, көлік саласын және логистиканы қоса алғанда, облысты дамытудың негізгі бағыттары бойынша 102 іс-шараны көздейтінін баяндады. Бұдан басқа, жаңа білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт объектілерін ашу, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту жөніндегі шараларды іске асыру жоспарланып отыр.

2023-2027 жылдарға арналған инвестициялардың жалпы көлемі – 1,9 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджет есебінен 515 млрд теңге, жергілікті бюджет есебінен 110 млрд теңге, жеке инвес­тициялар есебінен 1,3 трлн теңге (оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік), сондай-ақ Білім инфраструктурасын қолдау қоры арқылы 22 млрд теңге қарастырылған.

Кешенді жоспар жобасында өнеркәсіпті дамыту бойынша бірқатар іс-шара көзделген. Соның ішінде тау-кен байыту комбинатының құрылысы және «Айдарлы» мыс кен орнын игеру жұмыстары бар. Сондай-ақ 6 өндірістік нысанның құрылысы және пайдалы қазбаларды анықтау үшін ауқымды барлау, геологиялық іздестірулер жүргізу және басқа да маңызды жобалар кіреді.

Жалпы кешенді жоспарды іске асыру өңір экономикасының өсу қарқынын жеделдетіп, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттырады.

Сонымен қатар Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев баяндама жасап, 2028 жылға қарай өңірде өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 1,4 трлн теңгеге дейін, ал ауыл шаруа­шылығының жалпы өнімі 725,9 млрд теңгеге дейін өсуі тиіс екенін атап өтті.

Туризм саласын дамыту аясында Семейде екі жаңа сауда ойын-сауық орталығы мен қонақ үй кешенін, сондай-ақ Алакөл жағалауында демалыс базасын салу жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, жылу көздерін, электр және сумен жабдықтау желілерін, кәріз-тазарту құрылыс­тарын, күре жолдар мен көпірлерді реконструкциялау, Семейде заманауи ЖЭО салу және басқа да салалар бойынша қадамдар көзделген.

Үкімет басшысы кешенді жос­пардың арқасында Абай облысында «Аягөз – Бақты – Қытай шекарасы» теміржол учаскесі, тау-кен байыту комбинаты, «Айдарлы» мыс кен орнын игеру, ет комбинаты, құрғақ порт және логистикалық парк сияқты ірі жобалар да іске асырылғанын айтып өтті.

Әлихан Смайылов кешенді жоспар өңірдегі өнеркәсіп көлемі мен ауыл шаруашылығы өнімін 1,5 есе, негізгі капиталға салына­тын инвестициялардың 3,5 есе өсуін қамтамасыз ететінін, жаңадан құрылған облыс сапалы дамуға жаңа серпін алатынын атап өтті. Ең бастысы – 14 мың жұмыс орны құрылып, бұл жоспар жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүм­кіндік береді.

Ұсынылған жоспар бойынша дауыс беруді өткізгеннен кейін үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігі мен облыс әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге, кешенді жоспардағы іс-шаралардың дер кезінде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

 

ТАСҚЫННАН  ҚАШАНДА ҚАУІП БАР

Үкімет отырысында төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдылығын, оның қату тереңдігін талдай отырып, сондай-ақ қар астында мұз қабығының болуын ескеріп, су тасқыны қаупі бар өңірлерге Ақмола, Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жетісу облыстары жатқызылғанын хабарлады.

Ол өткен жылы су басудың негізгі себептері өзен арналарының толып кетуі мен балдырлануы, дренаждық-арық жүйелерінің болмауы, су қорғау белдеулерінде үйлер салу екенін атап көрсетті. Сонымен қатар қардың уақытылы шығарылуы, су айдау құралдарының болуы және өзендердегі мұздың әлсіреуі үлкен маңызға ие.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда су басу қаупі аймағында 255 елді мекен, су жайылуға бейім 482 автомобиль және 600-ден астам теміржол учаскелері, су қорғау белдеулерінде 309 елді мекен бар.

Су тасқыны жағдайы қиында­ғанда жедел ден қою мақсатында 35 мыңнан астам адам, шамамен 11 мың бірлік техника, 12 дана «Қаз­авиа­құтқару» әуе кемесі, 650 астам жүзу құралы және 3 мыңнан артық мото­помпа санында күштер мен құрал­дар топтамасы қалыптас­тырылды.

Премьер-министр биыл қыс қарлы болғанын және ауа райы күрт жылынып кетсе, су басу қаупі күшейетінін ескертті. Бүгінде 255 елді мекен мен 100 мыңнан астам үй қауіпті аймақта тұр. 

«Ақтөбе және Алматы облыстарында қазірдің өзінде елді мекендердің көшелерін су басып жатқаны туралы фактілер бар. Ауа райы болжамына сәйкес, ал­дымыздағы ақпан айында оңтүс­тікте ауа температурасы мен жауын-шашын нормадан жоғары болуы мүмкін. Бұл – айтып келетін апаттың нағыз өзі. Сондықтан оңтүстік өңір әкімдіктері осы бастан су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейтулері керек», – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы өңірлер су тасқынына толық дайын еместігін айтты. Қажетті шаралар ұзақ уақыт бойы қабылданбай келеді.

«Дайындық жұмыстарының сапасына қатысты халықтың тарапынан да түсіп жатқан шағымдар аз емес. Өйткені, олар өздерінің үй-жайына, мал-мүлкіне алаңдауда. Мәселен, Ақмола облысының Қошқарбаев ауылында Нұра өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарына қаржы бөлінбей отыр. Онда әр жыл сайын тасыған су жағалауды бұзып өтіп, үйлерге дейін жетеді», – деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, Алматы, Абай, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында, Астанада және Алматыда дренаждық жүйенің қатты жауын-шашын мен тасыған селге шамасы жетпейді.

Үкімет басшысы барлық өңір әкімдері қарды, әсіресе, ауылдық елді-мекендерде уақытылы шыға­руды қамтамасыз етуі тиіс екенін баса айтты.

«Арықтарды, дренаждық жүйе­лерді, нөсер кәріздерін, өзен арналарын тазартып, уақытша бөгеттер тұрғызу керек. Өңір әкімдері жол картасының іс-шараларын сапалы іске асыруды қамтамасыз етіп, өткен жылдардан орындалмай қалған проблемалық мәселелерді шешуге міндетті. Бұл ретте төтенше жағдайлар министрі айтқан барлық ұсыныстар мен шараларды ескеру қажет. Әкімдер су тасқынын өздері­нің қатаң бақылауында ұстасын», – деді премьер-министр.

Тағы бір өзекті жағдай – тасқын кезінде жолдардың шайылып кетуі мен бұзылуы. Мысалы, Қарағанды облысының тұрғындары жыл сайын жолдың шайылып кетуінен Нығман кентімен қарым-қатынас қиынға түседі деп шағымданады. Ауыл тұрғындары азық-түлік пен дәрі-дәрмек қорын алдын ала дайындап алуға мәжбүр.

«Мұндай жағдай болмауы тиіс. Әкімдік бұл проблеманы түпкілікті шешуі қажет. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму министрлігі мен өңір әкімдері жолдардың, көпірлер мен су өткізу бекеттерінің су тасқынына дайындығын қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдауы керек», – деді ол.

Үкімет басшысының пікірінше, гидротехникалық құрылыстардағы жағдай да алаңдаушылық тудырады. Ол Экология және табиғи ресурстар министрлігі республикалық баланстағы гидротехникалық объек­тілердің жағдайына ғана жауап бере­тінін айтты. Ал коммуналдық мен­шіктегі және жеке су қоймалары мен бөгеттер ұзақ жылдар бойы қараусыз қалып келеді.

«Қараусыз тұрған объектілер­дің иелерін анықтап, коммунал­дық және жеке гидротехникалық құрылыстарды жөндеу шараларын әзірлеу қажет. Қазірден бас­тап су қоймаларындағы судың деңгейін анықтап, оларға тұрақты бақылау жүргізу керек. Қажет болса, қауіп­сіздікті сақтай отырып, ондағы суды алдын ала азайту шаралары қабылдансын», – деді Әлихан Смайылов.

Қорытындылай келе, премьер-министр су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды, оның ішінде күштер мен құралдардың дайындығын  үйлестіруді және сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді, тиісті жедел штабтар құруды, сондай-ақ шекаралас мемлекеттермен судың шығыны және трансшекаралық өзендердегі қауіптің алдын алу туралы тұрақты түрде өзара мәлімет алмасуды ұйым­дастыруды тапсырды.

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

384 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы