Валюта бағамы: $ 412.55 465.73 5.79 ¥ 58.91

Бірлік – береке бастауы Өміршең мұраттар тоғыстырады

Сан ғасырлық аңсарға қол жетіп, ешкімге тәуелді емес, өз билігі өзіндегі дербес ел болғанымызға – 20 жыл! Бүгін біз халқымыз үшін ұлы мереке – Тәуелсіздік күні Қазақстанның кешегісін бағалап, келешегін бағамдау үшін, жарқын жетістіктерге қуану үшін жиыламыз, бізді өміршең мұраттар мен алып мақсаттар тоғыстырады.

Өкінішке орай, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын мерекелеу барысында кейбір арам пиғылды топтардың ұйымдастырған қаскүнемдік әрекетінің салдарынан Жаңаөзенде орын алған қайғылы оқиға халқымыздың жанына жара салды. Бұл барша қазақстандықтардың ортақ қайғысы. Бірақ бұл жолында талай боздақ құрбан болған ата-бабалардың асыл арманы, бүгінгі ұрпақ үшін ақиқатқа айналған қасиетті де қастерлі ұғым – Азаттыққа көлеңке түсіре алмайды. Осы күнге мың өліп, мың тіріліп жеткен халқымыз үшін Тәуелсіздіктің қадірі терең, құны қымбат! Елбасының Маңғыстау облысындағы сапарында айтқан пікірлері бейбітшілікті сүйетін әрбір азаматтың көкейіне қонады. Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырып, өрімдей жастарды отқа айдап салған қылмыстылар ерте ме, кеш пе анықталып, заң алдында әділ жазасын аларына сенеміз.

Халық ұғымы жыл мезгілдері алмасатын шақты өліара кезең дейді. Бұл өткінші болғанымен ауыр шақ. Қазақстанның тәуелсіздік алуы өткен ғасырдың соңғы жылдарына тиесілі болса, қалыптасудың күрделі алғышарттары ғасырлар тоғысына тап келді.Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жанжағымыздан сынай да, сенбей де, тіпті аяй қараған көзқарастарды түбегейлі өзгерту оңай болған жоқ. Батыс пен Шығыстың жолын елеп-екшей отырып, өзіндік соны жолын тапқан, ел дамуының жаңа белесіне көтерілуді мақсат еткен еліміз үшін ең маңызды қажеттіліктердің бірі – ішкі бірлік еді. Қазақстандықтарды кемел болашақ үшін жұмылдыруда Елбасы бастамасымен Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. Құрамына 820 этно-мәдени бірлестіктер кіретін Ассамблея еліміздегі ұлтаралық татулықтың ерекше Институтына айналды. Қоғамдағы тұрақтылық жақсы нәтижеге жетудің тетігі екенін біз көршілес елдерде, алыс-жақын шетелдерде болып жатқан ахуалдарға қарап бағамдай аламыз.

Әлемде өзіндік болмысы мен ерекшеліктерін, ұлттық құндылықтарын жоғалтып, ішкі кикілжіңдер мен өзара қақтығыстардың кесірінен өзгенің өңешіне жұтылып жатқан жұрт қаншама?! Жойылып кетеміз бе деген қорқыныш жанын жеген Алаштың азаттық дәмін татқан бүгінгі бақытты ұрпағы оны мәңгілік етудің жолы береке-бірлікте деп біледі. Ынтымағы жарасқан еліміздің көк байрағы биіктей берсін.

Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ,

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі,

Маңғыстау облысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру