Валюта бағамы: $ 412.55 465.73 5.79 ¥ 58.91

Мерейлі жыл мәреге жетті, алда – асқаралы асулар

Сан ғасыр сағына күткен Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесін толайым табыстармен қарсы алған еліміз еңбеккерлері табалдырықтан аттағалы тұрған жаңа – 2012 жылдың да берері мол боларына сенімді. Өйткені тұрақты даму көрсеткіштеріне қол жеткізіп, елеулі ІЖӨ өсімін қамтамасыз еткен Үкімет алдағы уақытта экономиканың белесті биіктерін бағындыруды көздеп отыр.

Бұған дейін жалпы құны 46 млрд доллар тұратын 237 жо­ба жүзеге асырылды. Тараз ме­тал­лургия зауытының, “Ме­деу-Шым­бұ­лақ” құрылыс кешенінің құрылысы қызу жүріп жатыр. Сонымен қатар, Павлодардағы жүк вагондары өнд­і­рісі, Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты және Ақтаудағы битум зауыты салына бастады. Бұл өндірістер жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Мә­селен, Атырау мұнай өңдеу зауытында мұ­найды қайта өңдеуді те­реңдету ке­шені, көлік  инфра­құ­рылымы, ваккум­дық блок­­ қайта құрылуда. Іргелі жо­балардың арасында энергетика саласында Шарын өзеніндегі Мой­нақ СЭС-ін, Балқаштағы жылу-электр стансасын салу, Шар­дара СЭС-ін жетілдіру сияқты ауқымды жұмыстар бар.

Келешекте еліміз   шикiзаттық бағыттан бас тартуға ықпал ететiн экономика салаларын әртараптандыру жолымен елдiң тұрақты дамуына қол жеткiзетін сервистiк-технологиялық экономикаға өтуді мақсат тұтуда. Өңдеушi өнеркәсiпте және қызмет көрсету саласында бәсекеге қабiлеттi және экспортқа негiзделген тауарлар мен қызмет көрсету өндiрiсi мемлекеттiк экономикалық саясаттың басты нысанасы. Өңдеушi өнеркәсiпте орташа жылдық өсу қарқынын 8-8,4 пайыз мөлшерiнде қамтамасыз ету, 2000 жылмен салыстырғанда 2015 жылы еңбек өнiмдiлiгiн кемiнде 3 есе арттыру және ішкі жалпы өнімнің энергия сыйымдылығын 2 есе төмендету, өңдеушi өнеркәсiптiң негiзгi қорларының өнiмдiлiгiн арттыру, кәсіпкерлiк ахуалды, құрылымды қалыптастыру және жеке секторды ынталандыратын әрi бәсекелестiк артықшылықты жетiлдiретiн қоғамдық институттарды ұстау, нақты өндiрiстерде қосылған құн тiзбегiндегi элементтердi игеру, ғылымды көп қажет ететiн және жоғары технологиялық экспортқа негiзделген өндiрiстер құруды ынталандыру, елдiң экспорттық әлеуетiн қосылған құны жоғары тауарлар мен қызметтердiң мүддесiне қарай әртараптандыру, дүниежүзiлiк ғылыми-техникалық және инновациялық процестерге қосылу арқылы әлемнің шаруашылық жүйесiне және өңiрлiк экономикаға ықпалдасуды үдету қажет болады.

Аталған қағидаттар сақталғанда экономика құрылымындағы түбегейлi сапалық өзгерiстер елімізде тұрақты экономикалық дамуға қол жеткiзуге мүмкiндiк бередi. Өз құрамында кендi өндiрумен, оны байытумен, бастапқы және қайталама металл, алтын, күмiс, сирек жер металдары сияқты iлеспе элементтер шығарумен айналысатын өндiрiс орындары бар «Қазақмыс» және «Қазмырыш» акционерлік қоғамдары экономиканы әртараптандырудың жарқын мысалдары. Сондай-ақ мұнай-газ өнеркәсiбiне түсетін инвестициялар көлемiнің жылдан жылға көбейiп келе жатуы құрылымдық қайта құруға қолайлы орта болып табылады. Осыған орай Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторын игеру индустрияны дамытудың негiзгi қозғаушы локомотивтерiнiң бiрi болмақ, онда күнiлгерi бағалау бойынша көмiрсутектердiң жалпы қоры 8,0 млрд тоннаны құрайды, күтiлiп отырғандай көмiрсутектер өндiрудiң неғұрлым елеулi өсiмiн қамтамасыз етедi. Келешекте қайраңдағы кен орындарынан мұнай өндiру жылына 150-200 млн тоннаға жетiп, 25-30 жыл бойы осы деңгейде тұруы мүмкiн. Каспий теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiндегi тұзды кен орындарында сұйылған газдың құрамы жоғары, шамамен 60 пайыз көлемiнде болуымен сипатталады. Қашаған кен орнының мұнайынан ғана алынатын газдың қоры Қарашығанақ кен орнының қорымен теңесуi мүмкiн деп күтiлуде.
Алдағы он бес жылда Қазақстан мұнайын өндiрудi дамытуға инвесторлар 80 млрд AҚШ долларынан астам қаржы салуға ниет бiлдiруде. Бұл қаражат iске қосылатын кәсiпорындардың жұмысын қамтамасыз ететiн өндiрiстiк, инфрақұрылымдық және әлеуметтiк нысандар салуға жұмсалатын болады.  Мәселен, Каспий жағалауының инфрақұрылымын дамыту – демалыс және ойын-сауық индустриясын құру үшiн, теңiз порттары – жүк тасымалдаудағы көлiк шығындарын азайту үшiн, машина жасау зауыттары-баржалар, жүк, кәсiпшiлiк және әскери кемелер, жабдық пен тұрмыстық техниканың мол ассортиментiн шығару үшiн алғышарт жасайды. Көріп отырғанымыздай, алдағы жылдарда экономика құрылымын және қазақстандық экономиканың экспорттық бағытын әртараптандырудың аталған бағдарлары әлеуеттi тұрғыдан басым бағыт болып табылады.

Мұрагер СЕРАЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру