Валюта бағамы: $ 448.01 495.86 5.64 ¥ 63.19

Күн тәртібінде – экология мәселесі

Белгілі кәсіпкерлер Берік Каниев пен Алексей Ли Қазақстан қалаларындағы ауа сапасына қатысты мәселелерді шешу үшін «AirVision.kz» қоғамдық қорын құрды.

Қор құрылтайшылары өз­дерінің басты міндеті ретінде – алдағы бірнеше жылдың ішінде Алматы қаласының ауасын тазартуды айтады. Бұл мәселені шешу үшін қор мемлекеттік органдар, азаматтық сектор, қазақ­­стандық және шетелдік ғалым­­дар мен сарапшы қоғам­дас­тықпен әріптесуді көздеп отыр.
Қор құрылтайшысы, кәсіпкер Берік Қаниев:«Біз, бәріміз, Алматы тұрғындары – бір ауаны жұтып отырмыз, әкімдік қызметкерлері де, кәсіпкерлер де, қоғамдық белсенділер де. Ауа – барлы­ғымызға ортақ. Сондықтан, мен болашаққа зор үмітпен қараймын, әрі нақты қолынан іс келетін барлық күшпен бірлесе жұмыс істейтінімізді мәлімдегім келеді», – деді.
Алматы ауасының лас­тану мәселесін шешудегі алғаш­қы қадам – заманауи мони­торингтеу жүйесін құру болып табылады, ол жүйеден келіп түскен мәлімет барынша толық, дұрыс болуы тиіс.
Ал қор құрылтайшысы, кәсіп­кер Алексей Ли болса: «Бүгін­де Алматыда ауа сапасын монито­рингтейтін толыққанды жүйе жоқ. Мәлімет әртүрлі, жет­кі­ліксіз. Ол аздай, мемлекеттік органдардан келетін ақпаратқа қоғамдық белсенділер сенбейді, ал белсенділердің мәліметіне мемлекеттік органдар сенбейді. Бұл жағдайды шешу үшін біз азаматтық және мемлекеттік сектордағы серіктерімізбен бірге бірегей жүйе құруға дайынбыз. Ол жүйеден түскен тұжы­рымдамалар барлық мүдделі тараптар үшін заңды болады. Мұндай мониторингтеу жүйесі пайда болмайынша, ауаны жылу электр станция­сы, автокөліктер немесе жеке­меншік сектор ластандырып тұр­ғаны жөнінде дау-тартыс өрши береді», – деді.
Ауа сапасын дәл мони­торингтеу жүйесі Дүние­жүзілік денсаулық­сақтау ұйымы мен экология сала­сындағы басқа да халықаралық сарапшылардың әдістемелері негізінде құрыл­ған. Айта кетерлік жәйт, ластану көздерінің үлесін анықтау үшін РМ2.5 қалқымалы заттар мен қабылдағыш үлгі­леудің химиялық құрамы алғаш рет анықталады деп жоспар­­лануда. Бұл әдістеме ғылыми қоғамдастықта оң бағаға ие болған, әрі әлемде РМ2.5 лас­тану деңгейіндегі лас көз­дерінің үлесін зерттеу үшін ке­ңінен қолданылып келеді.
«Ластану көздерін анық­таудың әдістемелері екіге бөлінеді: есептеу тәсілі (лас­таушы заттардың лақты­рын­­ды­сын есептеу) және іс-тәжірибелік тәсіл (РМ2.5 сынамасын алып, құрамын сараптау). Біз осы екі ұсақ бөл­шекті алып, арнайы құрыл­ғыдан өткіземіз, сөйтіп ауаны жылу­электр орталығы, көлік немесе пеш түтіні көбірек ластап жатқанын айғақтайтын нақты дәлел аламыз. Мұндай зерттеуді Қазақстанда әлі ешкім жасаған емес», – дейді эколог-зерттеу­ші, ғылым докторы Айымгүл Керімрай.
Қор өкілдері тәуелсіз эко-мони­торингпен айналысатын әріп­тестеріне де көмек қолын соза­тындарын баса айтып өтті. Әсіресе, Павел Александров пен AuaGroup бастамаларының бір бөлігін қаржыландыру көзделген. Дәл мониторингтеу жүйесін құруға кететін шығын алдын-ала болжау бойынша, жүздеген миллион теңгені құрауы мүмкін, сол себептен қор құрылтайшылары бизнес-қауымдастықтан өз баста­маларына қолдау көрсету­лерін сұрады.
Бүгінде экология мәселесі негізінен эко-белсенділер мен билік өкілдерін толғандырып тұр. Біз үшінші күш – бизнес-қауым­дастықты да осы мәсе­леге жұмылдырғымыз келеді. Кәсіп­керлер – бұл елдің көш­басшылары, осы үрдістің басы қасында жүруге міндетті, әрі жүре алады. Еліміздегі жауыр болған экологиялық тау­қімет­терді шешуде бизнес өкіл­дері нақты көмек көрсете ала­ты­нына сенімдіміз», – деді Алексей Ли.
«AirVision.kz» қоғамдық қорын екі кәсіпкер – Берік Каниев (Lancaster Group ди­рек­торлар кеңесінің төрағасы) және Алексей Ли (Arbuz.kz онлайн-ритейлер иесі) құрған. Қор биылғы жылы тіркелді.
Қор мақсаты: – Алматы қаласы тұрғындарының ден­сау­лығы мен қоршаған ортаға ықпал ете алатын жобаларды экологиялық сараптау қоғам­дық институтын енгізу; Эко­логия мәселелері бойынша тұрғындар мен қала билігі арасында диалогтық алаң құру; Ауаны ластау деңгейін азайту жобаларына халықты жұ­мыл­дыру, экологиялық тәрбие; ҚР экологиялық заңна­масын жақсарту бойынша жұмыс болып табылады.
Қор қызметі меценаттардың қайырымдылық көмегі мен крауд­фандинг жүйесі есебінен қаржыландырылады.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру