Валюта бағамы: $ 448.01 495.86 5.64 ¥ 63.19

Ғылыми әлеует: Жас педиаторлар бас қосты

С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың 90 жылдығына орай «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия және балалар хирургиясы дамуының сын-тегеуріні мен келешегі» атты тақырыпта докторанттар, магистранттар мен резиденттердің халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Жастар – болашақтың, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан Қазақстанның болашаққа бастаған даңғыл жолы жастарға байланысты. Біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болары сөзсіз. Жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы өзекті мәселелерді көтеру, дамуы мен келешегін саралау, жас мамандарды ғылыммен айналысуға шақыру, денсаулық саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда жас дәрігерлердің рөлін арттыру мақсатында Алматыда еліміздің және шет елдің жас педиатрлары бас қосты.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, «Педиатрлар Одағы» қоғамдық бірлестігі мен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың балалар аурулары кафедрасының ұйымдастыруымен өткен конференцияға Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінің мемлекеттік медицина институттарының жас ғалымдары, Нұр-Сұлтан, Семей, Түркістан, Шымкент, Ақтөбе, Алматы қалаларының медициналық ЖОО-ның докторанттары мен магистранттары, А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының, Қазақ көз аурулары ғылыми зерттеу институттарының 100-ден астам зерттеу жұмысымен айналысатын жас ізденушілер: жас педиатрлар мен балалар хирург-дәрігерлері қатысты.
Халықаралық деңгейде өткен конференцияда педиатрия және хирургия саласы бойынша 100-ден астам ғылыми жұмыстар, арнайы баяндамалар, мақалалар және постерлік баяндамалар ұсынылды. Конференция барысында балалардағы ауруларды емдеу мен диагностикалаудың заманауи әдістері, балаларға медициналық көмек беруді ұйымдастырудың аспектілері, сирек ауруларды емдеу мен диагностикалауды жетілдіру мен жаңа стандарты, түрлі хирургиялық және соматика-лық патологиялары бар балаларды оңалту, психологиялық және медициналық-әлеуметтік бейімдеу, балалар жасындағы интенсивті терапия мен анестезиология, диагностикалау мен емдеуде қолданылатын заманауи медициналық технологиялар және т.б, нәрестелер мен балаларды емдеу мен педиатрия, хирургия саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, тәжірибедегі ерекше клиникалық жағдайлар ортаға салынды.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру