Валюта бағамы: $ 448.01 495.86 5.64 ¥ 63.19

Білімдіден шыққан сөз…

Адамзат қоғамы жаратылғаннан бері табиғи шикізатты мұқтажына сай өңдеп, қажетіне жаратып келеді. Әлемдік өркениеттің, ғылым мен техниканың қарыштап дамуына байланысты химия ғылымының да рөлі барған сайын арта түсуде. Төртінші өнеркәсіптік революция төрге озған қазіргі заманда химия ғылымы араласпаған бірде-бір өндіріс, шаруашылық саласы жоқ десек болады. Үздіксіз даму үстіндегі химия ғылымы өзге де салалармен астасып, адамзат қоғамының алға ілгерілеуіне игі әсерін тигізуде.

Қазақстандағы химия ғылымының дамуына себепкер болған – осы білім саласының қайнар бастауы, 1934 жылдың қыркүйек айында ашылған С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың химия факультеті. Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультеті республика химия білімі мен ғылымының көшбасшысы болып табылады. Химия факультеті ғалымдарының ғылыми жетістіктерінің арқасында бірқатар қазақстандық ғылыми мектептер қатары қалыптасты. Ғылыми еңбектерімен Қазақстан аумағында ғана емес, шет елдерге де аты белгілі, химия ғылымының дамуына зор үлес қосқан факультет ұстаздарының қатарында Хаким Абдрахимұлы Суербаевтың есімі ерекше ілтипатпен аталады.
1939 жылы Көкшетау қаласында дүниеге келген Хаким Абдрахимұлы 1959 жылы В.И. Ленин атындағы Ортаазиялық мемлекеттік университетінің (Ташкент мемлекеттік университеті) химия факультетіне оқуға түседі. Оны 1965 жылы «химик-органик» мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады. В.И. Ленин атындағы ТашМУ химия факультеті органикалық химия кафедрасында ароматты көмірсутектерді каталитикалық ацилдеу саласында ӨзКСР ҒА академигі, проф. И.П. Цукерваниктің ғылыми жетекшілігімен жасаған студенттік ғылыми зерттеулері Х.А.Суербаевтың баспадан шыққан тұңғыш ғылыми еңбегіне негіз болды. Ол университетті бітіргеннен кейін жолдама бойынша ӨзКСР ҒА-ның Өсімдік заттары химиясы ҒЗИ-да ғылыми зерттеулермен айналысады. 1966 жылы КСРО ҒА-ның Элементорганикалық қосылыстар институтына жолдама бойынша стажер-ғылыми қызметкер болып, кейін аспирантураға алынады. 1966-1972 жылдары белгілі ғалымдардың жетекшілігімен ғылыми зерттеулер жүргізеді.
1980 жылы Қазақстанға қайтып оралған кезден бастап өмірінің соңына дейін Хаким Абдрахимұлының ғылыми-педагогикалық қызметі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтті. 1997 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия факультеті диссертациялық кеңесінде «Фосфорорганикалық және физиологиялық активті қосылыстардың синтезі, құрылысы және қасиеттері» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.
Химия ғылымдарының докторы, профессор Х.А. Суербаевтың ғылыми жұмыстарының негізгі нәтижелері каталитикалық нәзік органикалық синтез және фосфорорганикалық қосылыстар химиясы салаларынан көрініс тапты. Ғалымның жұмыстары органикалық химияның теориялық сұрақтары мен қолданбалы химияға байланысты тапсырмаларды шешуге бағытталған. Ол түрлі биологиялық активтілікке ие және басқа да пайдалы практикалық қасиеттері бар органикалық, фосфорорганикалық қосылыстарды синтездеудің көптеген жаңа жолдарын жасады.
Х.А. Суербаев әріптестері-мен бірге көміртек диокси-дінің оңай алынатын қара-пайым туындыларының бірі алкилкөміртек қышқыл-дарының сілті тұздарымен фенолдар мен нафтолдарды карбоксилдеу реакциясын алғаш рет кеңінен зерттеді. Бір көміртекті молекулаларды (СО, СО2, СН4) өндірістік органикалық синтезде шикізат базасы ретінде қолданудың табиғи ресурстарды үнемдеп, сақтау технологиясында және табиғатты қорғауда маңызы орасан зор. Х.А. Суербаев жасаған дәрілік заттарды алудың жаңа, бәсекеге қабілетті әдістері отандық фармацевтика индустриясының дамуына үлкен үлес қосуда.
Х.А. Суербаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия факультеті студенттеріне жоғары методикалық деңгейде «Мұнай өңдеу өнеркәсібіндегі каталитикалық процестер», «Қазіргі кезеңдегі мұнай-химиялық өндірістер», «Органикалық синтездегі катализ», «Металкомплексті катализ», «Көміртек оксидтері негізіндегі органикалық синтездер» және т.б. лекциялық курстарды оқыды. Ол біліктілігі жоғары ғылыми кадрларды дайындауға да белсене араласты. Оның жетекшілігімен бірнеше кандидаттық диссертация қорғалды.
Профессор Х.А. Суербаевқа ішкі рухани байлық және «сегіз қырлы, бір сырлы» қасиет тән. Ол жаяу, велосипедтік және тау туризмімен әуестенді, шығармашылықпен айналысты. 200-ден астам көркемөнер шығармаларының (майлы бояу, графика, флористика) авторы. Оның туындылары Мәскеу, Алматы көркемөнер және декоративті өнер көрмелерінде қойылды.
Х.А.Суербаев 400-ге жуық ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 7 монография, 250-ден астам ғылыми мақала, 30-дан астам өнертапқыш еңбек, 3 оқулық және 35-тен астам оқулықтар мен әдістемелік құралдары бар. 2005-2008 жылдары Қазақстан Республикасы ғылымы мен техникасының дамуына зор үлес қосқаны үшін мемлекеттік ғылыми стипендиямен екі мәрте марапатталды. 2005 және 2010 жылдары «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік гранттарына ие болды.
2000 жылдан бастап біз Хаким Абдрахимұлының ұстаз ретінде қамқорлығын көрдік, аспиранты болып ғылыми жұмысымызды ойдағыдай қорғап шықтық. Содан бергі жылдарда қоян-қолтық бірге жұмыс жасадық, өте білімдар, мәдениетті адам еді, жастарға қамқорлығы ерекше болатын. Халқымыз «Ғалымның өзі өлсе де – хаты өлмейді» деген, ол кісінің еңбектері жастарға өшпес мұра болып қалды. Қазіргі таңда ұлағатты ұстазымыздың ғылымдағы жолын көптеген шәкірттері жалғастыруда. Хаким Абдрахимұлының көзі тірі болғанда сәуір айында 81 жасқа толатын еді, ұстазымызды сағынышпен еске аламыз.

Фатима ҚАНАПИЕВА,
Нұрболат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
физикалық химия, катализ
және мұнай химиясы кафедрасының
аға оқытушылары


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру