Валюта бағамы: $ 448.01 495.86 5.64 ¥ 63.19

Қордайда екі бірдей «Атамекен» қолдау орталығы ашылды

Жамбыл облысының Қордай ауданында «Атамекен» қолдау орталығы» – екі бірдей жұмыспен қамту орталығы ашылды. Бұл жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 300 мыңнан астам жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қолға алу жөніндегі тапсырмасы, сондай-ақ жұмыспен қамтудың барлық шараларын белсенді режімге көшіру аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жергілікті әкімдіктердің күш-жігер біріктіруімен жүзеге асырылуда. Бүгінде «Атамекен» қолдау орталығы» Қордай ауданынан бөлек Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейді.

«Атамекен» қолдау орталығы» жобасының бірегейлігі – халық көп келетін жерде, яғни оңтайлы орналасуында. Қордай ауданында ашылған жедел жұмыспен қамту орталықтары «Мәдениет үйі» ғимаратында және Қаракемер ауылында орналасқан.
– «Атамекен» қолдау орталығы» жобасы дәл осы ауданда кездейсоқ іске қосылған жоқ. Қордай ауданында болған соңғы оқиғалардан кейін орталық халық арасындағы әлеуметтік шиеленісті жеңілдетіп, жұмыссыздық пен кәсіпкерлік қызметке жұмылдыру мәселелерін айтарлықтай шешуге көмектесуі тиіс, – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев орталықтың ашылу рәсімінде. – «Атамекен» қолдау орталығы» міндеті – халыққа жақын болу, жұмыссыз адамдармен байланыс орнату және жұмыспен қамту. Біз адамдарға жұмысқа тұруға көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар табыс көзін таба білу үшін қандай құралдар қажет екенін түсіндіріп, оның іскерлік әлеуетін ашып, арттыруға атсалысамыз.
Жамбыл облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауов атап өткендей, мұндай орталықтар кешенді шараларды көрсетеді. Ең бастысы – қолжетімділік, ақпараттылық және жауапкершілік. Бүгінгі таңда «Атамекен» қолдау орталығы» мобильді жұмыспен қамту орталығында Қордай ауданында жұмыс берушілер арасында жүргізілген сауалнама негізінде бос жұмыс орындарының базасы қалыптастырылған. Бұл – 7 859 кәсіпкерлік субъектісі. Жұмыссыз адамдардың орталыққа өтінім жасауына қарай кеңесшілер аталған базадан қарап, оларға жұмыс орындарын ұсынады.
Өңірлік палата директоры «Атамекен» қолдау орталығы» мобильді жұмыспен қамту орталығын ашп-ас бұрын Қордай ауданында 4 мыңға жуық компания сауалнамаға қатысып, 111 бос жұмыс орны туралы хабарлағанын атап өтті. «Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, компанияларға сатушылар, бақташылар, жүргізушілер, сату жөніндегі менеджерлер, тігіншілер, тракторист-механизаторлар, жұмысшылар, сауыншылар, жанармай құю станцияларының операторлары қажет. Орташа айлық еңбекақы 42 000-90 000 теңгені құрайды. Айта кетелік, 2 күн ішінде «Атамекен» қолдау орталығы» 90 адамға қызмет көрсетті», – деді Олжас Қаржауов.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – «Атамекен» мобильді қолдау орталығының жұмыс істеу форматында. Әр орталықта 3 менеджер және 1 жеке қабілетті дамыту жөніндегі кеңесші қызмет көрсетеді. Жеке қабілетті дамыту кеңесшісі жұмыс іздеп келген әрбір адам үшін лайықты мамандықты анықтау мақсатында тестілеу өткізеді, қандай дағдыларды дамыту қажеттігін айтады. Сонымен қатар «Атамекен» қолдау орталығы» командасы адамдарды қабылдап қана қоймай, тұрақты түрде ел ішіне шығып, халық арасында болады, ауылдарды аралап, үй-үйге барып, тұрғындарға жұмыспен қамту саласындағы қолдау шаралары туралы айтып, түсіндіреді.
Сонымен қатар, өтінім бергендер «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде қысқа оқыту курстарына қатыса алады. Оқыту кәсіпорын базасында өтеді. Бұл оқыту курстары 1 айдан 3 айға дейінгі уақытты қамтиды, шәкіртақы және ары қарай жұмысқа орналастыру қарастырылған.
Сондай-ақ «Еңбек» бағдарлама-сының екінші бағыты шеңберінде «Бастау» жобасы бойынша өтінім берген жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жас ерекшелігіне қарамастан бір ай бойы кәсіпкерлік негіздеріне оқып, бизнес жүргізуде қажетті негізгі дағдыларды игереді. Әрі қарай жоба түлектері кәсіп ашуға микроқаржыландыру және/немесе 200 АЕК көлемінде грант ала алады. «Бастау» жобасы аясында былтыр Қордай ауданы бойынша 403 тыңдаушы оқып шықты, соның ішінде 155 жоба грант алды.
«Атамекен» ҰКП Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департамент директоры Айдана Тоғызбаева бүгінде «Атамекен» қолдау орталығы» Қордай ауданынан бөлек Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ашылғанын атап өтті. «2019 жылы жұмыспен қамтудың мобильді орталықтары шеңберінде 81 109 адамға кеңес берілді, 8787 адам «Бастау» жобасымен оқуға жіберілді, 2834 адам «Жас кәсіпкер» жобасымен оқыды. «Атамекен» қолдау орталығы» жобасы арқылы 2403 адам жұмысқа тұрды. Осы оң тәжірибе жобаны Қазақстанның басқа өңірлерінде жалғастыруға негіз беріп отыр», – деді Айдана Тоғызбаева.

Бекет КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру