Валюта бағамы: $ 448.01 495.86 5.64 ¥ 63.19

Болашақ Интернеттікі ме?

Оның қазақшасының күрт дамуына
латын қарпін енгізу жағдай жасайтын болар

Қазір – информатика мен информацияның немесе ақпараттың заманы. Соңғы зерттеулерге қарағанда адам орташа есеппен күніне сегіз сағат уақытты – үйінде, жұмыста, автомашинамен жолда келе жатқанда – мерзімдік басылымдармен және электрондық медиа құралымен өткізеді екен.

Бұл жалпы көрсеткіштің құрамына теледидарды тамашалайтын төрт сағат, радионы тыңдайтын үш сағат, жазылған музыканы тыңдайтын жарты сағат және газеттерді оқитын тағы да бір жарты сағат кіреді екен.
Информатика заманының реті осындай. Бұл қалай басталды?
1992 жылы АҚШ-тағы «Чикаго Сан-Таймс» газеті мақалалаларын жеке компьютерлерді Интернетпен байланыстырған алғашқы компания­лардың бірі болып табылатын «Америка Онлайн» арқылы ұсыну­ды бастады. 1995 жылы «Сан-Хосе Меркьюри-Ньюс» өзінің күнде­лікті мәтінінің (тексінің) басым бөлігін фотосуреттерсіз және иллюс­тра­цияларсыз «Америка Онлайнға» өз жазылушыларына деп тарата бастады; 1995 жылы сегіз медиа-компания «он-лайн» газеттерінің жүйесін қалыптастыру мақсатында жаңа компанияның құрылуын жария етті.
Қазір әлемде шығатын мерзімдік басылымдардың барлығына да Интернет арқылы қол жеткізуге болады және де жеке компьютері мен Интернетке қосылған байланысы бар кез келген адам әлемнің түкпір-түкпірінен газеттерді өз үйіне немесе кеңсесіне көшіріп алдыра алады.
Бұл үрдіс бізде де тез дамып келеді. Алматы мен Астанада ғана емес, облыстар мен жеке қалаларда шығатын газеттердің өздері әрбір нөмірін қағазға түсіріп қана емес, Интернетте жариялау арқылы да таратуды әдет­ке айналдырған. Өйткені заман талабы солай. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін бір­тіндеп латын әліпбиіне көшіру керектігін айтқан еді. Содан бері бұл мәселе қоғам талқысында оң өзгеріс тауып, бұқараның назарын аудартқан болатын. «Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағи­да­ларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жо­баларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын. Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге не­ғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», – деді Елбасы. Интернеттің қазақшасының күрт дамуына латын қәрпін енгізу жағдай жасайтын болар. Сондай үміт бар.
Информатика заманының жаңа­лықтары өмірдің қалыпты ағысын күрт өзгертіп жатыр. Қазірдің өзінде телевизор компьютерге, ұялы телефон электронды пошта мен Интернет жүйесіне қосылу құралына айналып барады. Техниканың күн санап кө­бейіп бара жатқан мүмкіндіктеріне адамның өзі бойын үйретіп үлгере алмай жатыр.
Біздегі жағдайдың өз ерекше­ліктері бар. Өткен ғасырдағы тоқ­саныншы жылдардың басында еліміз мемлекеттік тәуелсіздікке жетіп, тіліміз мемлекет тілі құзырына ие болғанмен, қазақша кітап пен газет-журнал оқу азайып кетті. Мәселен, Қазақстанның ең ірі қаласы және рухани орталығы болып табылатын Алматы қаласын алайық. Бұнда қазір қазақтың саны осыдан, мәселен, 50 жыл бұрынғыға қарағанда 14 еседей көбейді. 1970 жылы қаладағы 800 мың адамның 80 мыңдайы ғана қазақ болған. Қазіргі Алматы халқының саны шамамен 1 миллион 855 мың болса, оның жартысынан көбі, яғни 1 миллион 120 мыңнан астамы өзіміздің қандастарымыз көрінеді. Бірақ Алматыда бұл күнде қазақша кітап аз сатылады. Оны сізге өз туындысын жарыққа шығарып, осында тиражын өткізумен айналысып көрген кез келген автор айта алады.
Газет-журналдардың жағдайы артықтау болғанымен, олар да Алматыда көптеп сатылмайды. Тоқ етерін айтқанда, бүгін осында сатылатын қазақша кітаптар мен газет-журналдардың саны 50 жыл бұрынғыдан бірнеше есе аз. Бұған – несін жасырайық – информатика технологияларының дамуы да себепші болып отыр.
Қазір қағазға түсірілген кітаптар мен газет-журналдарға деген сұра­ныстың төмендеуі жалпы бүкіл әлемде көрініс тауып отырған үрдіс. Көрші Ресейдегі жағдай да – осының дәлелі. Америкадағы жағдай одан да өткен. «Он-лайн баспашылары бірлестігі» (OPA – «On-line publishers association») жүргізген зерттеудің нәтижесіне қарағанда, Интернет пен теледидар 18 пен 54 жас аралығындағы адамдар арасында ең көп тараған медиа-құралдар болып табылады екен. Сұрастырылған адамдардың 45,6 проценті Интернетті, 34,6 проценті теледидарды таңдаған көрінеді. Ал газеттерді таңдаған адамдардың үлесі тек 3,2 пайызды құрапты. Осының өзі көп нәрсені аңғартса керек.
Сондықтан көптеген елдерде оқыр­манды қағаз басылымдарға қай­тарамын деген талпыныстардан ештеңе шықпай­тыны мойындалған. Оның орнына сол кітаптар мен газет-журналдарды тұтынушыға Интернет арқылы жеткізуді жолға қою үрдісі күрт дамып жатыр. Бізге де осыны ескерген жөн.

Қайрат ӘМІРЕЕВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру