Валюта бағамы: $ 448.01 495.86 5.64 ¥ 63.19

Ішкі нарық және жаңа макроэкономикалық жағдай

Әлем бүгін алмағайып кезеңде тұр. Халықаралық институттар мен сарапшылардың бағалауы бойынша, сыртқы нарықтағы қалыптасқан тұрлаусыздық және COVID-19 коронавирусының таралуы мен сауда кикілжіңдерінің салдарына, геосаяси шиеленістің өсуіне байланысты іске асырылған тәуекелдер жағдайында әлемдік экономика дамуының айтарлықтай баяулауы және ұзаққа созылуы мүмкін.

Биылғы жылы әлемдік жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 2008 жылғы жаһандық дағдарыс кезеңіндегіден бергі уақыт ішінде ең төмен деңгейде болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды сарапшылар.
Алдыңғы аптаның басынан бас­тап әлемдік тауар және қаржы нарықтарында айтарлықтай құ­был­малылық байқалуда. Мұнай бағасының серпіні ОПЕК+ келі­сімі қатысушыларының өзара уағ­даластыққа келе алмауына және Ресей мен Сауд Арабиясы арасында өріс алған баға соғысына байланысты туындаған жағдайлардың ықпалында болды. Биылғы 9 наурыздан бастап Brent сұрыпты мұнайдың бағасы бір баррель үшін 31-36,5 АҚШ доллары деңгейінде орнықты. Ал,16 наурызда таңертең мұнайдың белгіленген бағасы бір баррель үшін 32,88 АҚШ долларын құрады.
Инвесторлар арасындағы теріс күтулер нәтижесінде әлемдік қор нарықтарындағы индекстер соңғы 30 жылдағы ең көп төмендеуді көрсетті. Өткен аптада АҚШ Фе­дералды резервтік жүйесі (ФРЖ) нарыққа қосымша өтімділікті енгізу жолымен экономиканы ақшалай қолдау шараларының күшейтілетінін мәлімдеді. Осы ретте жария етіл­гендей, АҚШ-тың орталық банкі нарыққа 1,5 триллион доллар көлемінде ауқымды қаржыны құйып жатыр. ФРЖ 15 наурыздағы оты­рысында кезектен тыс тәртіппен не­гізгі пайыздық мөлшерлемені 0- 0,25 пайызға дейін төмендетті. Сонымен қатар экономиканы қолдау және құлдырау мүмкіндігінің салдарын азайту үшін жалпы сомасы 700 миллиард АҚШ долларын құрайтын QE4 – жаңа сандық жеңілдету бағдарламасының іске қосылғанын ресми түрде жариялады. Өз кезегінде доллар массасының мұндай ағымы америкалық валютаның өзіндік құнын түсіріп, шикізат бағасын төмендетіп, қаржылық қорларды демеуі мүмкін. Дамушы елдер мен мұнайды экс­порт­таушы елдер валюталарының әлсіреуі байқалды.
Ұлттық банк орын алған осы жағ­дай­ларда ішкі нарықта баға тұрақ­тылығын ұстап тұру мақсатында 10-13 наурыз аралығында бірқатар шұғыл және алдын алу шараларын қабылдады. Атап айтқанда, қаржы реттеушісі базалық мөлшерлемені және пайыздық дәлізді жылдық 12% + /- 1,5 п.т. деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.
2020 жылғы 10 наурызда базалық мөлшерлеменің 12 пайызға дейін артуы нарықтарда дүрбелең туындауының алдын алуға әсер етті және нарық агенттерінің стратегиясына дер кезінде түзетулер енгізді, бұл пайда болған инфляциялық тәуекелдерді шектеуге және теңгедегі активтердің құнын қорғауға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ осымен қатар пайыз­дық дәлізді 1,5 п.т. дейін кеңейту банктердің Ұлттық банктен теңге­мен қарыз алу құнын 13,5 пайызға дейін ұлғайта отырып, нарыққа қатысушылар тарапынан айырбастау бағамына алыпсатарлық қысым көрсету мүмкіндігін шектеуге ба­ғытталды. Ақша нарығындағы мөл­шерлемелер пайыздық мөлшер­лемелердің жаңартылған дәлізінің жоғары шегіне жақындап, 13,48 пайызға жетті. Ұлттық банк екінші деңгейдегі банктерге көлемі шектеусіз өтімділік беру бойынша операцияларды күн сайынғы негізде жүргізеді.
Сыртқы сауда талаптарының күрт өзгеруі және шетел валютасы ұсынысының тапшылығы жағ­дайында валюта нарығындағы ахуалды тұрақтандыру үшін Ұлттық банк жекелеген кезеңдерде жалғыз сатушы бола отырып, валюталық өктемдіктер жүргізді. Атап айт­қанда, 2020 жылғы 10 наурызда ба­ғамның негізсіз құбылмалылығын болдырмау үшін валюталық сауда-саттық барысында франкфурттық аукцион әдісі іске қосылды. Ұлттық банк квазимемлекеттік сектордың, екінші деңгейдегі банктердің және айырбастау пункттерінің валюталық операцияларын үйлестірді және мониторинг жүргізді. Бұл өзгерген сыртқы жағдайлардың теңгенің айырбастау бағамына теріс әсерін төмендетуге мүмкіндік берді. Ұлттық валютаның айырбастау бағамы 2020 жылғы 6-13 наурыз аралығында 6,1 пайызға төмендеп, бір АҚШ доллары үшін 405,62 теңгеге жетті.
Ұлттық банк жаһандық эконо­миканың даму перспективаларының айтарлықтай нашарлауын, сұра­ныстың төмендеуін және әлем­дік тауар нарықтарында құбыл­малылықтың күшеюін жаңа экономикалық шы­найылық ретінде қарастырады. Қа­лыптасқан жағдайды талдау негі­зінде Ұлттық банк Brent сұрыпты мұнай бағасының бір баррелі үшін 60 АҚШ долларынан 35 АҚШ долларына дейінгі бұдан былайғы серпіні туралы пайымдауын қайта қарады. Бағалардың жаңа деңгейі болжамдық кезеңнің соңына дейін базалық сценарий ретінде қарастырылады. Дамудың сценарийлік нұсқасының нашарлауы биылғы жылы инфля­цияның нысаналы дәліздің жоғары шегіне шығу мүмкіндігін арттырды.
Әлемдік нарықта қалыптасқан іргелі жағдайларды ескере отырып, Ұлттық банк еркін бағам белгілеу және инфляциялық таргеттеу саяса­тына сәйкес тепе-тең бағамның қа­лыптасуына ықпал етуге ниеттеніп отырғанын хабарлады.
Қаржы реттеушісінің базалық мөлшерлемені 12% деңгейінде сақтау және ішкі нарықты жаңа макроэкономикалық жағдайларға бейімдеу туралы баспасөз хабарла­масында атап көрсетілгендей, Ұлттық банк ішкі қаржы нарығындағы жағдайды бұдан әрі тұрақтандыруға қажетті құралдарға ие. Қажет бол­ған жағдайда, сыртқы сектор тара­пынан теріс салдарларды тежеу үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлескен және үйлестірілген шаралар қабылдануы ықтимал. Ұлттық банк жағдайға мониторинг жүргізуін жалғастыруда және іргелі факторлардың қолда­нылуын көрсетпейтін, сондай-ақ қаржылық тұрақтылыққа қауіп төнген жағдайларда бағам ауытқуларын реттеу құқығын өзіне қалдырады.
Қаржы реттеушісі әлемдік эко­номикадағы ахуал нашарлаған жағдайда ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын, елдің валюта және қаржы нарығындағы жағдайды ұстап тұру үшін қосымша шаралардың қабылдану мүмкіндігін жоққа шы­ғармайды.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру