Валюта бағамы: $ 412.1 454.34 5.82 ¥ 57.62

Спортшылар сайысқа түсуге дайын

Қазақстанда төтенше жағдай режимі аяқталып, спортшылар жаттығу жұмыстарына дайындалып жатыр.

Дзюдодан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері Айдын Смағұлов жаттығу-жиынында барлық сани­тарлық талап қатаң сақтала­тын­­дығын атап өтті.
«Карантиннен кейінгі ал­ғаш рет жаттығу-жиынына кі­ріскелі отырмыз. Біздің жос­пар бойынша, 27 мамыр – 8 маусым аралығында Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығында жиналамыз. Одан кейін 17 маусым мен 1 шілде аралығында екінші жаттығу-жиынын өткіземіз. Ұзақ үзілістен кейін құрама екі жиынды қатарынан өткізеді. Әрине, қазіргі жағдайды ескере отырып, барлық санитарлық талап қатаң сақталады. Себебі, біз үшін спортшылардың денсаулығы, олардың амандығы бірінші орында», – деді Айдын Смағұлов.
Ал бокстан Қазақстан ерлер құрамасы 25 мамыр мен 12 мау­сым аралығында Алматыдағы АИБА базасында оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Бұл туралы бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалым Кенжебаев мәлімдеді.
Аталған жиын коронавирус пандемиясына байланысты елде жарияланған төтенше жағдай режимінен кейінгі алғашқы жаттығу болмақ. Бас бапкердің айтуынша, жиында барлық санитарлық талаптар сақталып, жаттығу арнайы физикалық дайындық бойынша өтеді.
«Оқу жаттығу-жиынына ұлттық құраманың 30 спортшысы шақырылады. Алдағы уақытта Өзбекстан, Украина және Ресей құрамалары­мен бірге бірлескен жаттығу жиынын өткізу жоспарда бар. Әрі қарай шекараның ашыл­ғанына байланыс­ты жоспар құрамыз», – деді Ғалым Кенжебаев.
Сон­дай-ақ Ғалым Кенжебаев күзде Қазақстан чемпионаты ұйым­дастырылатынын және әлемдік додаларға қаты­суды халықаралық жарыс күнтізбесіндегі өзгерістерге байланысты жоспарлайтынын айтты.
Қазақстандық ауыр атлеттер Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын бастады. Карантиннен кейінгі алғашқы оқу-жаттығу жиыны Алматы облысында «Тау Ақ-бұлақ» Олимпиадалық орталығында өтуде. Қауіпсіздік шарасын басты назарға ала отырып, жиынға тек санаулы спортшылар шақырылған. Жақын арада толық құрам қосылатын болады.

Айнұр БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру