Валюта бағамы: $ 412.1 454.34 5.82 ¥ 57.62

Табиғат байлығын халық игілігіне жарату қажет

Бұрындары біраз уақыт бойы елдегі ішкі тұтыныс үшін жеткілікті көлемде өндіруге қол жетпей жүрген газдың өнімдік көрсеткіші тез өсіп келеді. Өткен 2019 жыл барысында Қазақстанда «көгілдір отын» өнімі 56,3 миллиард текшеметрді құраған. Бірақ бұл жерде бір нәрсені ескерген жөн. 56,3 миллиард текшеметрдің 32,8 миллиард текшеметрі тауарлық газ. Яғни ел ішінде пайдалануға немесе экспортқа шығаруға жарайтын шикізат.

Ал ендігі жоспар қандай? Энергетика министрлігі 2020 жылы газ өндіру көлемі 1,2 пайызға,  яғни 57 миллиард текшеметрге дейін артады және оның 34 миллиард текшеметрі тауарлық отын болады деп күтетін көрінеді. Бұл көп пе, аз ба?!

Осы сұрақтың жауабын салыстырмалы анализ негізінде айқын­дап көрелік. 2002 жылдың аяғына дейін Қазақстан Республикасында тұтынылатын «көгілдір отынның» жалпы көлемі осы шикізаттың елде шығарылатын жалпы көлемінен аз болған. Тек 2003 жыл барысында барып біздің мемлекет газ тұтынысы көрсеткіші мен газ өнімі көрсеткішінің паритетіне, яғни теңелуіне қол жеткізді. Бұл екеуі сол уақытта 15,5 миллиард текшеметр деңгейінде өзара теңесіпті. Одан соң Қазақстан газды қатысты түрде, нетто-экспортерге, яғни жалпы есеп бойынша осы  шикізатты сырттан сатып алудан гөрі сыртқа көбірек сататын мемлекетке айналды.

Содан бергі кезеңде газ өндіру кө­лемі біраз ұлғайды. Мәселен,  2013 жылы ол 39,3 миллиард текшеметрді, 2014 жылы 43,2 миллиард текшеметрді құраған. Ал 2018 жылы Қазақстан газды ең көп өндіретін алғашқы отыз мемлекеттің қатарына енді. Еліміздегі «көгілдір отын» қоры 1,9 трилллион текшеметрді құрайды деп есептеледі. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемдегі жетекші жиырма елдің бірі болып табылады екен.

Өткен күзде Қазақстан мұнай саласының 120-жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөз алған президент Қасым-Жомарт Тоқаев былай деген еді: «Саланы дамытудың стратегиялық жоспарына сәйкес, 2025 жылға қарай мұнай өндіру жылына 100 миллион тоннадан, ал газ жылына 77 миллиард текше метрден асуы тиіс. Осы мақсатта 2021-2025 жылдарға арналған ауқымды геологиялық барлау бағдарламасы әзірленуде. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстанның жалпы ресурстық әлеуеті 75 миллиард тонна шартты отын болса, Орталық және Солтүстік Қазақстанның әлеуетті ресурсы шамамен 18 миллиард тоннаны құрайды. 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейде қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл менің Қазақстан халқына арналған Жолдауымда айтылды. Осы мақсаттарға қол жеткізу барысында еліміздің мұнай-газ секторы үлкен рөл атқарады».

Қазақстанда газ қоры жекткі­лікті деп есептеледі. Сөйте тұра, кейінгі кезге дейін тұрғындары елдегі халықтың 40 пайызына жуығын құрайтын оңтүстік аймақта – Алматы қаласында және Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарында – тұтынылатын «көгілдір отын» негізінен Өзбекстаннан алынып келді. 2010 жылы осы мәселені шешу ісі қолға алынған. 2015 жылғы қараша айының 23-і күні құрылысы содан 5 жыл бұрын басталған «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбыры желілік бөлігінің салынып бітіп, іске қосылғаны жария етілді. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты шара барысында сөз алған «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының сол кездегі бас директоры Қайрат Шәріпбаев былай деді: «Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырын толық пайдалануға беру өзінің маңыздылығына қарай зор оқиғаға айналып отыр. Ол Қазақ­станның аумағы бойынша кез келген бағытта газ тасымалдауды әр­тараптандыруға және импорттық газға деген тәуелділікті толық бол­дыр­мауға кепілдік береді. Жалпы, «ҚазТрансГаз» транзиттік әлеуетті арттыру және энергия ресурстарын тасымалдау жөнінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауды жүзеге асыруды жалғастыра береді».

Нәтижесінде 577 елді мекенді «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Оның 230-ы Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Аталмыш елді мекендердің бір бөлігі бұрын ешқашанда газдандырылмаған. Екінші бөлігі көгілдір отынды ұзақ жылдар бойы Өзбекстаннан алып отырды. Осы магистральдің іске қосылуымен Қазақстан толықтай отандық газға өте алды.

Марал САЛЫҚЖАНОВ

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру