Валюта бағамы: $ 76.92 14.25 312.47 ¥ 136.7

Есіл бойындағы өркенді даму: СӘУЛЕТІ МЕН ДӘУЛЕТІ КЕЛІСКЕН бас қала

6 шілде – Қазақстан астанасының күні, мемлекеттік мереке. Сарыарқа төсінде еліміз тәуелсіздігінің нышаны іспеттес бой көтерген әсем Астана мен ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі тығыз байланысты. Сонау 1997 жылдың 20 қазанында Елбасы елорданы еліміздің орталығына көшіру туралы тарихи шешім қабылдады. Қазақстан – жаңа ғасырдың басында жаңа астана салған жалғыз ел. Биыл елордамыздың Есіл бойында ту тіккеніне 22 жыл толды. Тарих үшін қас-қағымдай осынау аз ғана уақыттың ішінде бас қаламыз дәулеті мен сәулеті келіскен, бүкіл әлемге танымал шаһарға айналды. 2019 жылғы 23 наурызда Астана Нұр-Сұлтан деп аталды.

Әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі, еліміздің әкімшілік және іскерлік орталығы – астанаға 1998 жылдан бастап 2019 жылға дейін тартылған инвестиция көлемі 47 есе өсті. Ол кезде халық саны небары 300 мың адамды құраған болса, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы – миллионды мегаполис, Еуразия кеңістігінің орталығы.
Аймақ экономикасының жай-күйін негізгі макроэкономика­лық көрсеткіштер, мысалы, жалпы өңірлік өнім, іскерлік белсенділік деңгейі, жұмыспен қамту, тартылған инвестициялар көлемі сияқты көрсеткіштермен бағалауға болады. Астаналық өңір экономикасының жиырма екі жыл ішіндегі өзгерістеріне FinReview.info талдауларының негізінде көз жүгіртіп көрмекпіз.
Жалпы өңірлік өнім – бұл аймақта өндірілген барлық тауарлар мен қызметтердің нарықтық құнын көрсететін көрсеткіш. Былтыр ол Нұр-Сұлтан қаласында 7 трлн теңгені құрады, яғни 1997 жылмен салыстырғанда 272 есе өсті. Теңге түрінде жалпы өңірлік өнім индикаторлары аталған жылдар ішінде үздіксіз өсіп отырды. Жалпы өңірлік өнім құрылымында қызықты үрдіс байқалады. Былтыр тауар өндірісі капиталға жалпы жалпы өңірлік өнімнің 19,3%, ал қызмет көрсету өндірісі – 74,5% берді. Қалғаны азық-түлік салығы. Жалпы өңірлік өнім құрылымы бұл деңгейде шамамен 2000 жылдардың ортасынан бастап сақталды.
Жалпы өңірлік өнім құрылымында капиталдың нақты өсуі, яғни инфляцияны ескере отырып, әр түрлі бағытта өзгерді – 2000 жылдары индикатор екі таңбалы динамикада өсті, ал 2008 жылдан бастап «минусқа» дейін төмендеп, 2010 жылы қалпына келе бастады. Жағдайдың өзгеруіне ең алдымен 2008 жылғы қаржы нарықтарындағы дағдарыс және 2014-2015 жылдарда әлемдік нарықта мұнай бағасының түсуі себеп болды. Жаһандық дағдарыс әкелген қиындықтарды еңсеру үшін үкімет «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы» және «Нұрлы жол» сияқты мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеп, іске қосты. Аталған бағдарламаларды іске асыру еліміздің әлемдік нарықтар­дағы жағымсыз тенденцияларға төтеп беруіне, халықтың іскерлік белсен­ділігін арттыруға мүмкіндік берді. Шағын және орта бизнес экономикалық дамудың мықты драйверіне айналды.

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ДРАЙВЕРІ

Астананың шағын және орта кәсіп­кер­лік субъектілері ел бойынша осы сектордың барлық жұмыстары мен қызметтерінің 20%-ын жүргізеді. Мұнда жалпы өңірлік өнімнің 55%-ы кәсіпкерлік сектордың үлесіне тиесілі. Статистика деректеріне сәйкес, 1999 жылдан бері заңды тұлғалар саны 16 есе өскен, биылғы 1 маусымдағы жағ­дай бойынша 74 824 кәсіпорын болды. Олардың басым бөлігі – сауда, құрылыс, білім, телекоммуникация және өндіріс салаларында.

Нұр-Сұлтан қаласы – еліміздегі ірі бизнес орталығы. Елордадағы негізгі жұмыс беруші – кәсіпкерлік сектор, қазір мұнда 134 мыңнан астам бизнес субъектісі бар. Әрбір үшінші астаналық осы шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің өнім шығару көлемі 2005 жылғы 177,8 млрд теңгеден 2019 жылдың қорытындысы бойынша 5,9 трлн теңгеге дейін 33 есеге өсті. Тиісінше, кәсіпкерлік саласы салық түсімдерінің жартысынан көбін қамтамасыз етеді. Бұл – еліміз өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Жалпы, мемлекеттік бюджетке түсімдер 94 есе, 1998 жылғы 13,6 млрд теңгеден 2019 жылдың қорытындысы бойынша 1 280,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
Соңғы 22 жылда өнеркәсіптік өндіріс көрсеткіші 50 есеге, 15,2-ден 755 млрд теңгеге дейін өсті. Нақты секторда жаңа өндірістерді және әлеуметтік нысандарды іске қосу жыл сайын 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын, оның ішінде шағын және орта бизнесте шамамен 70%-ын құруға ықпал етеді. Мәселен, 2019 жылдың өзінде экономиканың түрлі салаларында құрылған 26 699 жаңа жұмыс орны туралы деректер өзектендірілген (2003 жылы – 12 552, 2013 жылы – 17 787, 2018 жылы – 22 237). Бұл халықтың әл-ау­қатына оң әсерін тигізді. Осылайша, 22 жылда орташа айлық атаулы жалақы 27 еседен астам өсіп, 267 мың теңгеге жетті. Жұмыс күшінің тез өсуіне қарамастан, Нұр-Сұлтан қаласындағы ресми жұмыссыздық 2001 жылдан бері тұрақты түрде төмендеп келеді. 1998 жылғы 13%-ға қарағанда жұмыссыздық деңгейі 2,8 есе қысқарып, бүгінде 4,4%-ды құрайды. Алайда сарапшылар елордадағы жұмыссыздық деңгейінің төмендеу себебін осы тұрғыдағы есеп жүйесінің ерекшеліктерімен байланыстырады. Мәселен, табысы төмен, тұрақты жұмыспен қамтылмаған, сондықтан зейнетақы қорына жарна аудара алмайтын қазақстандықтар жұмыссыз ретінде тіркелмеген жағдайда, статистикалық есепте өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар ретінде көрсетіледі. Дегенмен олардың үлесі үнемі төмендеуде, 2001 жылы өзін-өзі жұмыспен қам­тығандар астаналықтардың жалпы экономикалық белсенді бөлігінің 16%-ын құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 11%-ға дейін төмендеген. Яғни елде жұмыспен қамтуды қолдау мақсатында қабылданған шаралар еңбек нарығының жағдайына, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласындағы жұмыссыздықты азайтуға оң әсерін тигізуде.

ИНВЕСТОРЛАР ҮШІН ТАРТЫМДЫ АЛАҢ

Қала дамуындағы басты көрсет­кіштің бірі – инвестиция тарту. Жалпы алғанда, инвесторларды тарту және инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. 1997 жылдан бастап қала экономикасына 10 трлн теңгеге жуық инвестиция бағытталды. Тартылған инвестициялардың жыл сайынғы көлемі 1997 жылғы 19,3 млрд теңгеден 2019 жылдың қорытындысы бойынша 913 млрд теңгеге дейін тұрақты өсті. Бюджеттен тыс инвестициялар­дың өсуі 85%-ды құрады. 22 жыл ішінде Нұр-Сұлтанға тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 50 есе өсті. Осы жылдарда қалаға салынған мемлекеттік инвестиция 3 есе артығымен қазынаға қайтарылды. Осыған дейін ел қазынасына 7 трлн теңгеден астам қаржы құйған бас шаһар бүгінде республикалық бюджеттің донорына айналып отыр.
Астананың экономикалық да­муының қазіргі кезеңінде күрделі салымдар маңызды рөл атқарады, өйткені олар кәсіпорындардың өндірістік қуаттылығын арттыруға бағытталған. 2003 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласына салынған инвестициялардың көлемі 52 млрд АҚШ долларынан немесе 9,8 трлн теңгеден асты. Сонымен бірге, қалада жиналған қаражаттың шамамен 82% -ы бюджеттен тыс, яғни кәсіпорындардың меншікті қаражаты және тартылған қарыз қаржысы. Бұл инвестициялардың шамамен 60%-ын шағын және орта бизнес құрайды.
Елорданың экономикалық саяса­тындағы тағы бір маңызды басымдық – тікелей шетелдік инвестициялар. Ұлттық банктің мәліметтеріне сәйкес, 2014 жылдан 2019 жылға дейін тартылған шетелдік инвестициялар көлемі 5,1 млрд АҚШ долларын құраған. Мұнда қолға алынған шетелдік мазмұндағы жобалар 290 млрд теңгеден асты. Мәселен, 2018 жылы шетелдік капиталдың қатысуымен 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылды, оның ішінде Alstom трансформаторлар өндірісі (Франция), Eira Med медициналық құрылғылар шығаратын зауыт құрылысы (Дания) бар. Сонымен қатар елімізде теңдесі жоқ, жоғары технологиялық жаңа өндірістер құрылды («Тұлпар» жолаушы вагондары, «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС электровоз шығару, «Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауыты, «Қазақстан ASELSAN Инжиниринг» ЖШС электронды-оптикалық аспаптар, «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС әскери және азаматтық техникалар, «Digital System Servis» ЖШС модемдер мен коммутаторлар зауыттары, «GLB» ЖШС үй құрылысы комбинаты). Бүгінгі таңда қалада 4 027 шетелдік компания тіркелген. Бұл қазіргі әлемдегі тұрақсыздық жағдайында да Нұр-Сұлтан қаласы шетелдік инвесторлар үшін тартымды алаң болып отырғанын көрсетеді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ АЙМАҒЫНЫҢ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫ

Астанада «ЭКСПО – 2017» ха­лық­­аралық мамандандырылған көр­месінің өткізілуі қала экономикасы үшін де, Қазақстан өңірлерінің экономикасы үшін де оң әсерін тигізді. Бүгінде көрме кешені аума­ғында «Астана» халықаралық қар­жы орталығы жұмыс істейді, ол бола­шақта Азияның жетекші қаржы орта­лық­­тарының біріне айналуы тиіс.
Қазір әлемдік жалпы ішкі өнімнің жартысына жуығы 300 ірі қалада өндіріледі. Олардың қатарында Нью-Йорк, Лондон, Шанхай, Гонконг немесе Сингапур сияқты қаржы орталықтары бар. Әлемдік ақша ағындары дәл осы орталықтар арқылы жүреді. Бұл қалалар эконо­микасының негізін қаржы, технология, логистика және сабақтас салалар құрайды. Бүгінгі әлем дамуы жағдайында бизнес, инвестициялар мен жоғары білікті кадрлар нақ осындай орталықтарға тартылары анық. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы осы бағытта дамуда. Осы орайда «Астана» халықаралық қаржы орталығының ортақ іске қосар үлесі маңызды болмақ. АХҚО-ның басты мақсаты – елге шетелдік инвестицияларды тарту. Сондықтан, қаржы орталығы елге инвесторлардың келуін ынталандыруға жол ашатын бірқатар артықшылықтарға ие. Атап айтқанда, біріншіден, АХҚО-да ағылшын заңдары негізінде жұмыс істейтін арнайы юрисдикция құрылды, ол әлемнің көптеген қар­жы орталықтарында қолданылады және инвесторлар үшін түсінікті. Екіншіден, қаржы орталығының қатысушыларына 50 жылға дейінгі салықтық жеңілдіктер, жеңілдетілген валюта, виза және еңбек режимдері ұсынылады. Үшіншіден, дауларды шешу үшін тәуелсіз сот пен халықаралық арбитраж орталығы жұмыс істейді, оған әлемдегі білікті судьялар мен заңгерлер тартылған. Төртіншіден, AIX қор биржасы құрылды, онда IPO аясында инвес­тициялар тартылады.
Инвестициялар тартуда АХҚО-ның алғашқы жетістіктері айтар­лықтай. Биыл сәуір айының ортасында АХҚО тізіміне енген компа­ниялардың нарықтық капиталдандыруы – Қазатомөнеркәсіп, Полиметалл, Қазақстан Халық Банкі, Ferro Alloy Resources Limited және Kcell 13,7 млрд АҚШ долларынан асты. Ал AIX биржасы арқылы тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 290 млн АҚШ долларын құрады. Тартылған инвестициялар қаржы құю тұрғысынан перспективалы, дамуы неғұрлым мультипликативті нәтиже беретін экономика секторларының пулын құрайды.
Бүгінде туризм, құрылыс, заманауи өндіріс, қаржы орталығы, мемлекеттік секторға қызмет көрсету, халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компаниялар, білім беру, денсаулық сақтау, сауда және логистика, мәдениет және спорт, шығармашылық сала қала экономиканың басым секторлары болып табылады. Олардың әрқайсысы үшін даму стратегиясы жасалған. Мәселен, мектептер салу үшін жеке инвесторларды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Шамамен 120 млрд теңгеге жуық бұл қаражат қоры 9 жобаны жүзеге асыруға, 9 мың оқушының білім алуына және 1 мың талапкерге жаңа жұмыс орындарын ұсынуға мүмкіндік береді. Нұр-Сұлтан елдің құрылыс секторында бұрынғысынша көшбасшы болып табылады. Қаланың тұрғын үй қоры 5 есеге дейін өсті. 1997 жылдан 2018 жылға дейін елордада 24 млн шаршы метрден астам тұрғын үй, жалпы ауданы 10802, 931 мың шаршы метр 1589 әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық нысан пайдалануға берілді. 1997 жылдан бері Мемлекет басшысының жарлықтарына сәйкес шекарасы үш рет өзгерген елорда аумағы қазіргі уақытта 79 733 га құрайды.
Жалпы мақала барысында аталып өткен көрсеткіштер мен бағыттар еліміздің жүрегі – астанамыздың Сарыарқа төсінде ту көтергеннен бергі 22 жыл ішіндегі қарқынды дамуын көрсетеді. Әрине, қала тыныс-тіршілігінің көрсеткіштері мұны­мен шектелмейтіні түсінікті, осы кезеңде ірі мегаполиске айналған бас шаһардың әлемдік ауқымдағы жетістіктері өз алдына бір төбе. Әлемнің саяси картасындағы ең жас астана, Еуразия кеңістігінің орталығы – Қазақстанның бас қа­ласы жетекші жаһандық мегапо­листің біріне айналар барлық мүм­кіндіктерге ие.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру