Валюта бағамы: $ 76.92 14.25 312.47 ¥ 136.7

ХИМИЯНЫ ДАМЫТУ ҚИЫН БА?

Химиялық өнім дегенде балалық шағымызда әкеміздің той-топырға киетін нейлон жейдесі, анамыздың кремплин көйлегі еске түседі. «Үтіктегенде байқаңдар, сәл ыстыққа күйіп қалады. Өйткені бұларды мұнайдың қалдығынан жасайды» дегендіктен бе, әйтеуір, таңғажайып әрі жұмбақ ғылым боп көрінетін химияның ең қызықты сабақ болғаны әлі жадымда. Кезінде сол пәннен сабақ беретін мұғалімдеріміз химия саласына маман болыңдар деп бағыт-бағдар бергенде, сыныбымыздан талай химик шығар ма еді, кім білген… Содан да шығар, жеріміз бай, қазақ жерінен Менделеевтің периодтық кестесіндегі 117 элементтің 99-ы табылады деп кеуде кергенімізбен, химия саласын, химия өнеркәсібін әлі күнге қарқынды дамыта алмай жүрміз. Бұл – ащы да болса шындық.

Сала мамандарының пікірін малдансақ, химия өнеркәсібінің дамуы эконо­миканың өзге салаларына айтарлықтай әсер етеді. Өйткені бұл сала өндірістің барлық бағытына қатысты дамиды, экономиканың нақты салаларын қажетті шикізатпен, аралық өнімдермен, материалдармен қамтамасыз етеді. Айталық, аккумулятор өн­дірісін, энергия үнемдейтін құрылыс материалдарын, машина жасау, жеңіл өнер­кәсіпті және өзгесін химиясыз, химиялық өнімдердің көмегінсіз өрге бастыру мүмкін емес. Мысалға, қыстық күртені тігу үшін оның астарына жылылықты сақтайтын химияның өнімі – холлафайбер материалы салынуы керек. Жалпы, осы химия өнеркәсібінің барлық өнімінің 26%-ы осы саланың, өнеркәсіптің өзінің тұтынуына жұмсалады деседі.
Қазақстанда химия өнеркәсібін дамытуға қажеттіліктің барлығы бар. Әлгінде айтқанымыздай, бай табиғи ресурстар, химиялық өнімдердің әдеттегі өндірісі, кеңес заманында қалыптасқан химия ғылымы саласындағы отандық мектептің болуы соны нақтылайды. Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің ресми ақпаратына сүйенсек, 2010-2018 жылдар аралығында елімізде химия саласында 54 жоба жүзеге асырылып, 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Әрине, осының өзі химия саласының мысықтабандап болса да ілгерілегенін байқатады. Әйтсе де, осыншама мүмкіндік бола тұра, химия ұлттық эконо­миканың драйверіне айнал­ған жоқ. Негізі, химиялық өнімдер нарығының негізгі ойыншылары дамушы елдер болып қала бе­ретіні әлден-ақ болжанған. Ендеше, не тұрыс? Әлемдегі дамыған елдер мұнай-химия өнеркәсібі саласынан қыруар пайда табады. Қазақстанның батысындағы қара алтын өндіретін төрт облысында мұнай өнімдерінің барлық түрін шығаруға болады. Бірақ әлі күнге бізде шикізатқа иек артып, қалыптасқан «тура» жолдан ауытқымайтын жаман әдеттен арыла алмай келеміз.
Кезінде химик ретінде жоғары білім алып, осы салада жүргеніне 30 жыл болған химия ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атын­дағы Батыс Қазақстан мемлекет­тік университетінің экология және биогеохимия сынақ зерт­ханасының жетекшісі Зарипа Қонашеваның пікіріне сүйенсек, өткен ғасырдың 90-жылдарындағы өтпелі кезеңдегі қиындықтар химия өнеркәсібінің сала ретінде дамуына тұсау болған.

Өндіріске даярланған химик-технолог мамандар зауыттар жабылып қалғандықтан, күнкөрістің қамымен сан тарапқа шашырап кетті. Қазіргі уақытта Ақ Жайық өңірінде химия өнеркәсібіне жататын санаулы шағын кәсіпорын бар. Ондай цехтарда жергілікті кәсіпкерлікке, мұнай-газ саласындағы «Жайық­Мұнай», «ҚПО б. в.» «Конденсат» компания­ларына қажетті химиялық ерітінділер дайындалып, сұраныс бойынша өткізіледі. Өткен жылы іске қосылған Ақсай қаласындағы «RT Alliance» ЖШС сұйық азот өндіруде. Бұл шағын кәсіпорында 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бөрлі ауданындағы «Арай» ЖШС пенополистерол өндірісімен айналысады. Сондықтан өңірімізде химия өнеркәсібі дамып жатыр немесе дамымай жатыр деп біржақты айту қиын. «Тәуелсіздік алғалы 30 жылға жуық уақыт ішінде химия өнеркәсібін дамыту ауқымды түрде, нақты жоспармен жүруі керек-тін. Олай болмады. Әлемдік химия өнеркәсібі 1736 жылы Англиядан бастау алып, одан кейін Германияда дамыды. 1800-1900 жылдары АҚШ химия өнеркәсібін дамытуға көп көңіл бөлді. Қазір бұл саланы дамытуға Қытай үлесін қосуда. Ресей ХІХ ғасырда Германиямен, Англиямен бірге жұмыстанып, инвесторларды шақырып, химиялық зауыттар ашып, химия өнеркәсібін әлдеқашан дамытқан. Бүгінде химия өнеркәсібінен Еуропа елдері, АҚШ, Қытай алпауыттарға айналған. Әрине, Ресейдің химия өнеркәсібі саласын егемендікті күні кеше алған біздің елмен салыстыруға болмас, әйтсе де, химия саласы дамыған солтүстіктегі көршіміз шикізатты бізден алады. Қазақстанға ресурстар қоры ретінде қарайтын саяси көзқарас кеңес заманында 70 жыл бойы үстемдік етіп, соның кесірінен жерімізге зауыттар салынбады, химик-технолог мамандар даярланбады. Содан да бүгінде химия өнеркәсібінен мүлдем кейін қалмасақ та, кенжелеп қалғанымыз жасырын емес. Қазақ жерінде химия өнеркәсібі металлургия саласына қатысты өткен ғасырдың 60-70-жылдары, 80-жылдарға дейін жақсы дамыды. Бірақ шикізаттан химиялық тауарлар дайындау жағы жоқтың қасы. Химия өнеркәсібі шикізаттан тұрмыстық салаға, ауыл шаруашылығына, құрылысқа химиялық тауарлар дайындауы керек. Саланың негізгі шикізат көзі – мұнай мен газ, минералдық рудалар (жер асты байлықтары). Осыларды алып, қайтадан өңдеп, қажетті бұйым, заттар жасауға болады», – дейді Зарипа Қонашева.
Өңірдегі химия өнеркәсібі саласының жандануы ең алдымен Қарашығанақ кен орнының ашылуымен, игерілуімен тығыз байланысты. Жергілікті химиялық кәсіпорындар өз өнімдерінің басым бөлігін Қарашыға­нақ кен орнына өткізеді. Оның ішінде «Топанның» химиялық өнімдерін, химиялық анализаторларын кен орындары тұрақты тұтынады. «Азот» зауыты кен орнындағы тұрба құбырларының, ұңғымалардың жұмыстарына химиялық «сүйемелдеу», яғни тазалау жұмыстарын жүргізеді. Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының эконо­микалық мәселелер жөніндегі орынбасары Марат Нұрғуатовтың айтуынша, өңірде осы бағыттағы нарықта ауқымды жұмыс көп. Жалпы химиялық «сүйемелдеу» жұмыстарының 70%-ын шетелдік компаниялар жүргізеді. Өйткені жергілікті жерде ондай жұмыстарды атқаратын кәсіпорындар жоқ. Мұндай бағыттағы шаруаларды өздері жүргізетіндіктен химиялық «сүйемелдеудің» қыр-сырына қанығып, оны жетілдіріп, кәсіби білім-білігін шыңдап, өздерінің құрал-жабдығын дамыта береді және салықтарын өз елдеріне төлейді. Сонда бұл маңызды сервистік қызметті атқарудан түсетін қомақты табыс шекараның сыртына кетеді деген сөз емес пе?!
Қазақстанда мұнай-газ конден­сатының мол қоры болғанымен, өндірілетін шикізат өңделмейді. Облыста газконденсатты кен орны болғанымен, газ Орынбор газ зауытынан өңделіп, қымбат бағамен қайтып келеді. Өзімізде газ өңдейтін зауыт салу, бәлкім, келешектің еншісінде болар. Дегенмен мамандар Қарашығанақта өндірілетін мұнай-газ конденсаттан бастапқы полимерлік бұйымдар жасау үшін химиялық жолмен мономерлер алуға болатынын айтады. Алайда оны алу үшін ол жерде синтез жасайтын кәсіпорын салынуы керек. Жалпы бұл салаға, химиялық зауыттар салуға қомақты инвестиция қажет. Инвестор табу да, бірлескен кәсіпорын ашу да оңай емес. Оған қоса маман тапшылығы бар, өйткені күні бүгінге дейін химик-технолог, инженер мамандарын даярлауға аса мән берілмеді. Химиялық кәсіпорындар салынған жағдайда оларды іске қосатын сауатты инженерлер жоқтың қасы. Бар деген мамандарымыздың өзі кеңестік заманда оқыған, зейнеткерлікке жақындаған жандар. Соған қарамастан елімізде Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында мұнай және газ өндіру, оны қайта өңдеу, мұнай-газ химиясы, машина жасау және мұнай-газ өнеркәсібі үшін сервистік қызметтер көрсету бағытындағы ұлттық кластерді дамыту бойынша жоба-жоспар жасақталып, қолға алынған. Біздің облыста мұнай-газ саласы үшін машина жасау кіші кластерін дамыту жұмыстары қолға алынған. Бүгінде машина жасаушы компаниялардың консорциумы «Зениттехсервис» ЖШС құрылып, жұмыс істеуде.
Қорыта айтсақ, «болар бала жасынан» демекші, мектептердегі химия сабағының сапалық дең­гейін көтере түсуіміз керек. Ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, «Жанам деген жүрекке от беремін» дейтін ұстаздар «химия қиын емес» деп қызықтыра оқытып, талай шәкірттің бойына аталған пәнге деген құштарлық дәнегін ексе деңіз. Сонда, бәлкім, келешекте Елбасы айтқандай: «Мұнай өндіруші ел болғандықтан, мұнай өнімдерінің барлығын өзімізде шығаруға тиіспіз» деген тапсырмасы орындалар. Әйтпесе, химия саласын дамытам деп өрге ұмтылар азаматты қайдан таппақпыз?!

Марат НҰРҒУАТОВ,
Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер
палатасы директорының орынбасары:

– Өңірімізде химия өнеркәсібі жоқ деп кесіп айтуға болмас, жаңа дамуда десек дұрысырақ болады. Оралда «Азот», «Топан» зауыттары жұмыс істейді. Олар химиялық өндіріс көлемін ұлғайту үшін өндірістік базаны кеңейту үстінде. Бұл салада негізінен өнім өндірумен қатар химия өнеркәсібі саласындағы қызметтер қатар жүргізіледі. Сондай-ақ саладағы өндіріс орындарында химиялық өнім өңдеу 50%-ды, салаға байланысты қызмет көрсету 50%-ды құрайды. Өңірдегі кәсіпкерлер бұл салаға енді мойын бұруда. Елімізде химия өнеркәсібі саласын дамытуға жағдай жасалмаған деп айта алмаймыз. Мысалға, «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы барлық кәсіпкерге ортақ мемлекеттік қолдау көрсетеді. Әр саладағы кәсіпкерлікті дамытуға бөлек-салақ бағдарламаның қажеті жоқ.
Облыста өзге өңірлермен салыстырғанда кеңестер одағы кезінен қалыптасқан инженерлік әлеует жоғары. Ондай әлеуетке алдымен мықты инженерлік білім-білік, оған физика да, химия да, биология да кіреді. Сондықтан технологтар жетпейді деу қиын. Бірақ химиялық қызмет көрсететін құрал-жабдық елімізде мүлдем өндірілмейді. Ондай жабдықтарды шетелдерден сатып алу үшін біздің елімізде кәсіпкерлерге екінші деңгейдегі банктер арқылы жеңілдетілген несие берілуде. Мысалға, «Азот» зауыты өзінің жобасы бойынша сырттан қажетті құрал-жабдықты (құны 500 мың еуро) несиеге алмақ. Сол жабдықты алып, кен орнына қызмет көрсетеді. Қорыта айтсақ, сала жайымен даму үстінде.

Зарипа ҚОНАШЕВА,
М.Өтемісов атындағы БҚМУ экология және биогеохимия сынақ
зертханасының жетекшісі, химия ғылымдарының кандидаты:

– Қазақстанның бай шикізаты бола тұра, оны өңдейтін зауыттар салуға ұзақ мерзімдік жоспар неге құрмағанбыз деп әлі күнге ойланамын. Рас, «Қарабатан» мұнай-химия кешені – сондай игі ойдан туған, жаңадан салынған кәсіпорын. Өңірдегі химиялық өнімдер шығаратын шағын кәсіпорындар пластик бұйымдар жасалатын гранулаларды Башкириядан алдырады. Оралдағы «Полимер» ЖШС сол грануланы ерітіп, қалыпқа құяды. «Орал сауда өнеркәсіп компаниясы» ЖШС шикізатты Ресейден әкеледі. Қазір пластмассалық тауарлардың көбін Қытайдан, Түркиядан тасымалдаудамыз. Қытайда дайындалған қазаннан тамақ ішудеміз. Дамыған елдерден инвесторларды тартып, өзімізде химиялық өңдеу саласын дамытпайынша іс бітпейді. Әріге бармай-ақ зертханаға қажетті реагенттер Ресейден, «суы татымайтыны» Қытайдан әкелінеді. Кейде олардың сапасы төмен болады. Осылайша шетке кетіп жатқан қыруар қаржыға ішім ашиды.
Каспий маңы ойпатындағы төрт батыс өңірге бұйырған жер асты байлығы қажетімізді өтеуге жарайды. Еліміздің батыс өңірінде химия өнеркәсібін дамыту үшін консорциум құрып, жоба-жоспарлар жасалғаны жөн. Университетімізде химия, химиялық технология саласына бакалавр бойынша мамандар даярланады. Бірақ олар өнеркәсіпте жұмыс істеуі үшін әрі қарай білімдерін жетілдірулері қажет. «ТШО», «Аджип», «ҚПО б.в.» компаниялары өздерінің бағдарламаларына қарай қажеттіліктері бойынша оқытады. Мемлекеттік гранттар негізінен химия пәні бойынша педагогикалық салаға көп бөлінеді. Сондықтан химиялық технологияға көбірек мән берген жөн.

Ерболат ӘЛМҰХАМЕТОВ,
«Азот» ЖШС бас директоры:

– Компаниямыз 2000 жылдардың басында құрылып, Ресейден оттегі тасымалдаумен айналыстық. Алайда нарықтағы өз орнымызды табу оңайға түспеді. Ұзақ жылдан кейін аяққа тұра бастадық деуге болады. Азот өндірісімен айналысамыз, өнімімізді Қарашығанақ кен орнына өткіземіз. Онда азотты ұңғымаларға жіберіп, мұнай-газ конденсатының жердің жоғары қабатына көтерілуіне пайдаланады. Ал Атырау облысындағы мұнай-газ өндіретін бірлескен «Теңізшевройл» компаниясына мұнай құбырларын химиялық тазалау қызметін көрсетеміз. Бастапқы құрылған кезде ұжымда 12 адам еңбек етті. Қазір серіктестікте 138 адам тұрақты жұмыс істейді.
Жоғарыда айтып өткенімдей, кен игеруші шетелдік компаниялармен келісімшарт жасауға бірден қолымыз жеткен жоқ. Өйткені ондай компаниялардың талаптары күшті. Олар мамандардың білім-біліктілігіне, құрал-жабдықтың заман талаптарына сай болуына, еңбек қауіпсіздігінің сақталуына аса көңіл бөледі. Әрине, нарықта мұнай құбырларын химиялық «сүйемелдеу» қызметін көрсетуге сұраныс бар болғанымен, шетелдік компаниялардың талап-талғамына сай болу үшін біраз тер төгуге тура келеді. Күллі еліміз бойынша мұндай қызметті көрсететін бірінші компания десем, жаңылмаған болармын. Өйткені елімізде мұнай-газ сервистік қызметті шетелдік компаниялар атқарады. Елімізде осындай салаға кәсіби жұмысшылар даярлайтын бірде-бір колледж жоқ. Университет бітірген мұнай саласының жас мамандарының өзі өндіріске «шикі» күйінде, тәжірибесіз келеді. Сондықтан кәсіпорын жанынан оқу-өндірістік орталық ашсақ дейміз. Былтыр Санкт-Петербор қаласына 10 адам жіберіп, оқытып алдық. Қазақстанда креогенді өнім шығаратын зауыттар жоқ. Алдағы уақытта серіктестікті дамытып, әлемдік компаниялар қатарынан көрінсек дейміз.

Батыс Қазақстан облысы

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру