Валюта бағамы: $ 76.92 14.25 312.47 ¥ 136.7

ЖАҒДАЙДЫ ОДАН ӘРІ ЖАҚСАРТА ТҮСУ ҮШІН КАРАНТИН ЕКІ АПТАҒА ҰЗАРТЫЛДЫ

Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға қатысты түйткілді мәселелер жөнінде кеңес өткізді.

Премьер-министр Асқар Мамин Президентке 5 шілдеден бастап елімізде қатаң карантин шаралары енгізілгеннен кейін індет жұқтырушылардың саны 29 пайызға төмендегенін баяндады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Бір күнде індет жұқ­тыратын адамдардың саны 1500-1600 аралығында тұрақ­таған. Стационарлардағы емделушілердің қатары 43 пайызға, оның ішінде, реани­мация­­лық палаталар­дағы нау­­қас­тар саны 27 пайызға азай­ған. Сауығып шық­қандар­дың саны 63 пайызға дейін өскен. Жедел-жәрдем шақыру жағ­дайы төмендеген. Осылайша ден­саулық сақтау жүйесінің негізгі жүктеме көрсеткішін төмен­детуге қол жеткізілген.
Сонымен қатар Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа дертке шалдығу және адам өлімі, медициналық көмектің қол жетімділігі мен сапасы, халықтан тест сынамасын алу деңгейі, интенсивті терапия және реанимация палаталарының қажетті дәрі-дәрмектермен, медициналық құрал-жабдықтармен қам­тамасыз етілуі секілді негізгі көрсеткіштер бойынша өңір­лердегі ахуалға жүргізілген күнделікті мониторинг жайында мәлімет берді.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Мемлекет басшысына инфрақұрылым нысан­дарының эпидемиологиялық ахуалға және экономикаға әсерін ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету жолдарын баяндады.
Мемлекет басшысы коронавирус індетіне шалдығушылардың және соның салдарынан болатын өлім-жітімнің көрсеткішін одан әрі төмендетудің аса маңызды екенін атап өтті.
Шілде айында енгізілген шек­теу шараларының оң әсерін одан әрі арттыру мақсатында, сон­дай-ақ Қазақстандағы және шекаралас мемлекеттердегі эпи­де­миологиялық жағдайдың күр­делене түсу ықтималдығын ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік комиссияға карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды.
Айта кетейік, осының алдында, яғни 28 шілдеде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің өңірлеріндегі ахуал туралы баяндаған облыс әкім­дері эпидемиологиялық жағдай тұрақ­танып келе жатқанын айтты, деп жазды өзінің Facebook парақшасында ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уәли. «Мемлекет басшысына Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қала­ларының, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері аталған өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында баяндады», – деп жазды Берік Уәли.
Әкімдердің айтуынша, өңір­лерде коронавируспен ауыр­ғандардың қатары азайып, са­уы­­ғып шық­қан науқастардың саны көбейген. Жалпы жағдай тұрақталып келеді. Төсек-орындар мен дәрі-дәрмек­тердің қоры жасалған. «Президент ахуалды қатаң бақылауда ұстап, аталған міндетке басым бағыт ретінде мән беруді тапсырды. Бұл ретте карантин шараларын сақтау­дың маңызды екені және халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізе беру керектігі айтылды», – деп жазды Баспасөз хатшысы.

Рымтай Сағынбекова


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру