Валюта бағамы: $ 412.55 465.73 5.79 ¥ 58.91

САРҚЫЛМАС ҚУАТ КӨЗІНЕ – СҰРАНЫС МӘҢГІ

САРҚЫЛМАС ҚУАТ КӨЗІНЕ – СҰРАНЫС МӘҢГІ

Жаһандық энергетикалық қауіпсіздік – Мемлекет басшысы стратегиялық жолдауында атап көрсеткен он сын-қатердің бірі. Елбасы: «Көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталары анық. Адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңартылатын көздеріне негізделетін дәуір келе жатыр», – деген болатын. Ғаламдық мәселелерге өркениет биігінен қарайтын дамыған елдер ақылға қонымды іс-шараларды да бірінші болып қолға алады. Бұл ретте баламалы және «жасыл» технологияларды өмірімізге енгізудің өзектілігі күн санап айқындала түсуде.  

Қазіргі таңда еліміз «жасыл экономиканы» қолдану бойынша біршама тәжірибе жинақтады. Соның нақты дерегі ретінде Ақмола облысында жұмыс істеп тұрған «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының жел және күн энергиясы негізіндегі энергетикалық кешендерін атап өткен жөн. Қазақстандық ғалым Альберт Болотовтың роторлық жел турбинасы тәжірибеге енгізіліп, елімізде 50-ден астам шағын станциялар желден тоқ өндіруде. Бірегей «Болотов виндраторы» негізінде қарама-қарсы бағытта айналатын екі модулі бар тік-осьтік роторлық турбина алынған. Мұндай құрылым жылдамдығы өте төмен жел кезінде де тоқ бере алады. Электр станциясының орнатылған қуат коэффициенті өте жоғары – 43 пайызға дейін. Осындай станциялар қазірде Қазақстанның шалғай аудандарында және Астанада үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуде. Соған сәйкес Өскеменнің машина зауыты қуаты 10 кВт және одан да жоғары болатын жел генераторларын көптеп шығаруды жоспарлап отыр. EXPO-2017 халықаралық көрмесінде кеңінен таныстырылатын осындай жаңашыл жобаларды жүзеге асыру аясында елімізде жел энергетикасы қондырғыларын өндіретін зауыттар салынып, оларға халықтың қолжетімділігі қамтамасыз етілмек.

Жуырда Орталық коммуникациялар қызметінің брифингісінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК инновациялық жобалар жөніндегі басқарушы директоры В. Шевелевтің хабарлағанындай, енді жел энергетикасы қондырғылары жайылымдық мал шаруашылығында да қолданылатын болады. Бұл бағытта Ауыл шаруашылығы академиясымен бірлесіп жайылымдық мал шаруашылығы бағдарламасы әзірленуде. Жел энергетикасы қондырғыларын өндіретін зауыттардың көптеп салынуы шалғайдағы елдімекен тұрғындарына едәуір көмек болары анық. Республикамыз бойынша 2 мыңнан астам жайылымдық шаруашылықтар жел энергиясын пайдаланып, еттік бағыттағы әлеуетті арттыруға ықпал етеді. Ал тұтастай алғанда, ауылдық инфрақұрылымды дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын төмендетуге, мал өсірушілердің әл-ауқатын көтеруге септігін тигізеді. Ал ең бастысы, қытайлық қондырғылардан айырмашылығы, отандық генераторлар айналаға, адамдардың денсаулығына зиян келтірмейді.  

Жел энергетикасы қондырғыларына қарсы айналу тетігін қолданудың арқасында стартердің айналуы есебінен тиімділік еселене түседі. Қондырғыларда аккумуляторды тез қоректендіруге мүмкіндік беретін бірегей зарядтық құрылғы – буфер орнатылған. Жел екпіні күшейген кезде энергия қоры да толығады. Ал күн де, жел де жоқ кезде бұл қуат жұмсалып, параметрі 220 вольт болатын электр тогы желісіне айналады. Осылайша, тұтынушыларға электр энергиясын үздіксіз беру қамтамасыз етіледі. Мамандардың пікірінше, жаңартылатын энергетикаға негізделген станциялар шамамен 10 жылда өзін ақтайтын болады.

Бүгінде барлық дамыған елдер баламалы және «жасыл» энергетикалық технологияларға инвестицияны ұлғайтып, оларды дамыту мақсатында демеуқаржы бөлу жүйесін нақты жолға қойған. Әлемдегі озық тәжірибелерге сүйене отырып, Қазақстан да жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселесіне мемлекеттік қолдауды нығайта түсуі қажет. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметтері бойынша қазірде елімізде 1203 фермерлік шаруашылықтар мен шалғайдағы жайылымдықтар бар екен. Жалпы елдегі энергия жүйесінен тыс қалған осы тұтынушылар үшін «жасыл» энергетика – әлбетте, үлкен тірек, таяныш. Дегенмен, иен далада, шалғай жерлерде егін егіп, мал өсіріп жүрген жандардың 3 мың долларға 50 немесе 100 киловаттық қондырғылар сатып алатын да жағдайы жоқ. Сондықтан мемлекет оларға жаңартылатын энергия көздері қондырғыларын сатып алуға қаржылай қолдау көрсетуге ниетті. Ол үшін қуаттылығы 5 киловатт қондырғы құнының жартысы мемлекеттік бюджет есебінен өтелетін болады. Бұл нормалар Мәжілісте қаралып, жөндеуге жіберілген заң жобасында көрініс тапқан.

«Бұл қадам халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді және экономикалық тұрғыда бұл саладағы анағұрлым мақсатты жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ, жаңартылған энергия көздерін мемлекет бақылап отырған қарқында дамытуға мүмкіндік береді деп есептейміз», дейді министр Ә. Исекешов.

Астанада өтетін Халықаралық ЭКСПО–2017 көрмесі аясында республикамызда жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселесі толығымен қайта қаралып, баламалы энергетикаға негізделген станциялар саны едәуір өсуі мүмкін. Бұл бағытта Мемлекет басшысы 2050 жылға қарай жаңартылған энергия көздерінен алынатын электр энергиясы көлемін барлық тұтынылатын энергия қуатының 50 пайызына дейін жеткізу жөнінде нақты міндет қойды. Жаңартылатын энергетика бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар халықаралық қауымдастық алдында еліміздің абыройын арттырып қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартуға сүбелі үлес қосуға мүмкіндік беріп, алыс ауылдардағы тұрғындарды қуат көзімен қамтуға септігін тигізбек.  

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру